Мәселе • 12 Қараша, 2024

Павлодарда тышқан өріп жүр

101 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар облысының елді мекендерінде кәдімгі үй тышқаны шамадан тыс көбейіп кеткен. Қоражайдан бөлек үйлерде де қаптап, тұр­ғындардың мазасын алып тұр. Жұртшылық ке­міргіштердің адамнан қорықпайтынын, аулада асыр салып жүретінін жиі сөз етеді.

Павлодарда тышқан өріп жүр

Кеміргіштердің қаптап кеткеніне, әсіресе Ер­тіс, Железин, Май, Те­реңкөл, Павлодар ауданда­рының халқы алаңдап отыр. Ауыл адамдары қақпан, тұзақ құрып, аулап баққанымен, саны одан сайын өсіп жатыр. Же­ле­зин ауданындағы «Веселая роща» ауылының тұрғыны Аман­­жол Хамиттің айтуынша, ке­міргіш жануардың күрт кө­беюі биылғы қыркүйек айынан біліне бастаған.

– Үйімізде тышқан көбейіп кетті. Тұзақ құрып, қаншамасын ұстап, жойып жатсақ та азаяр емес. Қазір ауыл ішіндегі көшенің өзінде тышқандар ойнақ салып жүреді. Мысықтар әбден тойы­нып, аулағысы да келмейтіні байқалады. Бұл жағдай үйін­де қысқа азық ұстайтын адам­дарға, қоймасында астық сақ­тайтын фермерлерге қиын соғатын түрі бар. Жағдай бұлай жалғаса беретін болса, өңірде эпидемиологиялық жағдай ушы­ғып, жұқпалы дерт таралуы да мүмкін. Оның соңы жақсы болмайды. Тышқандардың әдеттен тыс қаптап кетуін өмірімде бірінші рет ұшырастырып отыр­мын. Орыс халқы ертеде кемір­гіштер көбейсе, «үлкен аштық келе жатыр» деп ырымдайды екен. Құдай бетін аулақ қылсын. Бірақ бұл жағдайға мемлекеттік органдар назар аударып, оларды улау, жою шараларымен айналысуы керек. Эпидемиолог мамандар жануарлардың шамадан тыс көбеюінің себебін зерделеп көргені дұрыс, – дейді тұрғын.

Ал Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшы­сының орынбасары Гүлнара Ақылбекова әзірше тұрғындар тарапынан шағым түспегенін жеткізді.

– Тышқан қаптап кетті деген Ертіс, Железин, Тереңкөл аудандарына хабарласып, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшыларына сұрау салдым. Олар жағдайдың қалыпты екенін жет­кізді. Тұрғындар тарапынан да ешбір шағым болмаған. Ке­міргіштер шын мәнінде кө­бейіп жатса, өңірлерде оларды жою, алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұған қатысты санитарлық талаптар мен нормалар бар, – дейді ол.

Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ах­метовтің айтуынша, тышқан­дар­дың көбею үдерісіне жа­нуарлардың бойындағы күйзеліс немесе токсоплазмоз ауруы себеп болуы да мүмкін. Қолайлы жағдай туындаса, олар жылына бірнеше рет балалай береді. Дегенмен тышқандардың түрі өте көп. Қазіргі уақытта көбейіп жатқан түрін ғылыми тұрғыдан анықтап, зерттеу жүргізсе, артық болмас еді.

«Негізі тышқандар өсімдік­тердің дәнімен, қалдық азық-түлікпен қоректенетіні мәлім. Қорек шамадан тыс көбей­ген жылдары (10-12 жылда қай­та­лануы ғажап емес) олардың популяциясы өсіп кетеді. Биылғы жаздың ылғалды өткеніне орай, кеміргіш жануарлар тауып жейтін азық та аста-төк болды. Мұндай кезеңде тышқандардың көбею үдерісі жүреді. Саны көбейген сайын олар жаңа мекендер мен тұрақтарды іздейді. Бір жерде шоғырланып отыра берсе, тауып жейтін азықтарына бәсекелестері көбейе түседі деген сөз. Осыдан бойларында күйзеліс туындайды. Екінші себеп, олар­дың арасында токсоплазмоз ауруы тарап кеткен болуы ық­ти­мал. Токсоплазмоз – адам мен жануардың организмінде (токсоплазма арқылы) пайда болатын өте қауіпті паразиттік жұқпалы ауру. Бұл дертпен адам­нан басқа үй жануарлары, жабайы сүтқоректілердің көптеген түрі ауырады. Атап айтқанда, мысықтар, қояндар, жыртқыш аңдар, тышқандар, құс­тар, егеуқұйрықтар, т.б. Ол адамға да жұғады. Жалпы, мен – паразитология саласын те­рең зерт­теп жүрген адаммын. Про­топаразиттер деген топ бар, олар өте ұсақ, біржасушалы болып келеді. Ол жануарларда, соның ішінде кеміргіштерде жиі кездеседі», дейді маман ғалым.

Ғалымның түсіндіруінше, токсоплазмоз ауруын тышқан­дардың өз ортасы таратады. Ал оны сау тышқанға мысық жұқтырады. Кейде мысықтардың кеміргіш жануарды ұстап алып, тісімен жарақаттап жібере салатын әдетін көбіміз байқаған болармыз. Сондай сәтте тышқанға жұғады. Кейін инфекция нәжіс немесе бірге пайдаланатын су көзі арқылы өзге кеміргіштерге жұғуы мүмкін.

«Тышқанның адамнан қо­рықпай, аулада немесе үй ішін­де асыр салып жүруінің не­­гізгі себебі – токсоплазмоз ауруы. Себебі мұндай ауруға шал­дық­қан жануарда өжеттік пайда болады, бұрынғыдай інінде көп жатқысы келмейді. Бірақ шамадан тыс мұндай өжеттік тыш­қандардың өз беті­мен мы­сық­қа барып жем бо­луы­на соқтырады. Бұл да – таби­­ғат­тың жануарларды сұ­рып­тау ерек­шеліктерінің бірі», дейді Қ.Ахметов.

Жоғарыда айтқандай, токсоплазмоз адамдар үшін де қауіпті. Әсі­ресе балалар шалдығуы мүм­кін. Оны жұқтырған бала­лардың ойлау қабілеті төмен­деп, дамуы тежеледі. Ауру жүйке­сіне әсер ететіндіктен, мұндай ба­ла­лардың бойында да өжеттік пайда болуы мүмкін екен.

 

Павлодар облысы