Мектеп • 12 Қараша, 2024

Жайлы мектептің құрылысы тоқтап тұр

63 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жайлы мектептің» сапасы салынбай жатып сыр берді. Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Кеңқияқ ауылында құрылысы жүріп жат­қан 600 орындық білім ұясының қабырғасында жарық­тар пай­да болған. Бұл жағдайды жергілікті тұрғындар видео­ға тү­сіріп, әлеуметтік желіге жариялап, шағымдарын жет­кіз­ген. Осыған қатысты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бас­қа­р­ма төрағасы Мәулен Айманбетов болған істің мән-жайын баяндап, тиісті шара­лардың қолға алынғанын мәлімдеді.

Жайлы мектептің құрылысы тоқтап тұр

Қазіргі кезде Кеңқияқ елді меке­ніндегі құ­рылыс жұмыстары «Samruk-Kazyna Construction» жұ­мыс комиссиясы жүргізген тексерістен кейін уақытша тоқ­та­тылған. Комиссия жұ­мы­сының қорытындысы бойын­ша мек­теп­тің іргетас конструкцияларында жа­рық­­тар пайда болған, тірек қабырғалар мен арақабырғаларда сызаттар байқалған. Соны­­м­­ен қатар бетон монолитті белбеулер мен ті­рек табандарында құрылыс стандарт­та­­ры­на сәйкес келмейтін кемшіліктер анық­тал­ған.

Мәулен Айманбетовтің айтуынша, мердігер компания бетон беріктігін қамтамасыз етуге қажетті шараларды қа­былдамаған, ал техникалық қадағалау, қыз­мет­кер­лері олқылықтарды уақтылы ха­бар­ламаған. Бұған қоса, мәсе­ле­нің туындауына еліміздің батыс өңірлерінде құрылыс компаниялары мен білікті мамандар тапшылығы да әсер еткен көрінеді. Кеңқияқтағы мек­тептің техникалық қадағалауын жүзеге асыру үшін ұйымдастырылған конкурстарға ешбір компания қатыспағандықтан, бұл міндет «Самұрық-Қазына Девелопмент» ЖШС-ға жүктелген.

«Қазақ­станның батыс өңірлерінде құ­ры­лыс компаниялары мен білікті ма­ман­дар­дың тапшылығы бар екенін атап өткім ке­леді. Кеңқияқ ауылындағы мектептің тех­­ни­калық қадаға­лауын жүргізу үшін кон­­­курстық процедуралар 2023 жылдың 3 қыр­­күйегінде және 17 қазанында ұйым­дас­ты­­рылды. Алайда өтініш білдіріп, қатыс­қан компания­лар болмады. Сон­дықтан биылғы 15 сәуір­де техни­ка­лық қадағалаушы ре­тін­де ерек­ше тәртіппен «Самұрық-Қазына Деве­­ло­­­пмент» ЖШС бекітілді», дейді М.Айман­бе­тов.

Техникалық қадағалаудың алдын ала қорытындысына сәйкес, олқылықтар ыстық ауа райында құйылған бетонға жүрдім-бардым қа­ра­ғандықтан туындаған. Өн­ді­ріс­­тік жұмыс журналындағы жаз­­­ба­ларға сәйкес, бетон конс­трук­­­­циясын құю барысында ауа тем­­­пературасы +33°С құраған. Сон­­­дай-ақ бетон қоспасы құ­ры­лыс алаңындағы кармикс қон­дыр­­ғ­­­­ы­­­ларында дайындалған, ал бұл әдіс қоспаның беріктігіне кері әсер еткен.

Жоғарыда аталған фактілерді ескере отырып, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Бас­қарма төрағасының тапсырмасына сәйкес анықталған ақаулар бойынша егжей-тегжей тексеріс жұмыстарын жүр­­гізетін арнайы тәуелсіз сарапшылар комис­­сиясы құрылды. Комиссия нысанның техникалық жағдайын анықтап, келесі қадамдар бойынша өз ұсы­ныстарын беруге тиіс. Әзірге комиссия бас мердігерге бетон­ның монолитті белбеуінің беріктігін анық­тау мақсатында қосымша зертханалық сынақ­­тарды ұйым­дастырып, аккредиттелген тәуел­­сіз зертхананың құрылыс ны­саны­ның тех­никалық зерттеуі бо­йынша қоры­тын­­дысын ұсыну­ды жүктеген. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының бас­­пасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таң­­да зертханалық сынақтар жүргізіліп жа­тыр. Тексеріс қорытындысы бойынша ті­рек эле­менттерін күшейтіп, ақауларды бір­жақты ету бойынша шаралар кешені әзір­ле­неді. Шаруаны атқаруға астаналық тәжі­­ри­белі компания таңдалып алынған. Ма­­­ман­дар тексеріс аяқталысымен іске кірі­седі.

Мәулен Айманбетов бұл комиссияның негізгі міндеті тек Кеңқияқтағы мектепті ғана емес, жалпы ұлттық жоба аясында салынып жатқан барлық нысанның сапасын бақылау екенін ерекше атап өтті.

«Мен арнайы тәуелсіз сарапшылар комиссиясын құруды тапсырдым. Олар анықталған ақаулар бойынша мұқият зерттеулер жүргізеді. «Самұрық-Қазына Девелопмент» компаниясының көшпелі комиссиясы жұмысын бастады. Олар ғимараттың қазіргі техникалық жағдайын анықтап, әрі қарайғы әрекеттер туралы ұсыныстар береді. Сонымен қатар бұл іске қосымша тағы 2 тәуелсіз зертхананы, соның ішінде Қазақ көпсалалы қайта құру және даму институтын тартуды тапсырдым. Олардың қоры­тындысы ақауларды жою бо­йын­ша нақты шешім қабылдауға негіз болады», дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төраға­сы.

Жоғарыда атап өткеніміздей Кеңқияқ ауылындағы құрылыс жұмыстары уақыт­ша тоқтатылды. Құрылыс ныса­ны­ның инженерлік-техникалық құрамы толығымен ауыстырылып, жоба жетек­шілері қызметінен шеттетілді. Бұған қоса, мердігер компанияға ақауларды жою міндеті жүктеліп, құры­лысқа жауапты тараптар әрекеттерінің заң­ды­лығына тексеріс жүргізіліп жатыр. Мәулен Айманбетовтің айтуынша, жұмыс актілеріне қол қойылмағандықтан және төлем жүргізілмегендіктен, қаражатты жымқыру фактілері тіркелмеген.

Айта кетейік, ЕРС-шартына сәйкес бас мердігер нысанның құрылыс конструкция­ларына 5 жыл, ал техникалық жаб­дық­талуына 3 жыл кепілдік береді. Мұндай жағдай қайталан­бауы мақсатында консорциум құра­мындағы мердігер ұйым «Antarium Group» ЖШС салып жатқан басқа да нысандар қосымша тексерістен өтетін болды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының баспасөз қызметінің мәліме­тін­ше, «Antarium Group» ЖШС дирек­цияның конкурс құ­жат­тамасына қойылатын қатаң талап­тарға сай келіп, байқаудан өткен. Ком­панияның қажетті лицензия­лары, құрылыс саласындағы тәжі­ри­бесі бар, білікті мамандары, ар­найы техникалары, бәрі бар әрі жауап­кершілікке де тартылмаған, салықты да уақтылы төлейді. Бірақ «Жайлы мектеп» жобасын жөнді тапсыра алмай отыр.

Кеңқияқтағы мектеп құры­лы­сы­ның сапасы бойынша туын­даған мә­­селе жалпы «Жай­лы мек­теп» ұлттық жобасы аясын­дағы құ­ры­лыс сапасын бақы­лаудың әл­сіз­дігін көрсетіп отыр. Мәулен Ай­ман­бетовтің айтуынша, «Samruk-Kazyna Construction» барлық құры­лыс қаты­сушысының жауап­­­кер­ші­лігін күшейтуге дайын.­ Компания ұлт­тық жобаны жүзеге асыру ба­рысында анық­тал­ған кез келген кем­шіліктерді жедел жою­ға уәде берді.