Биыл 6 айда шағын және орта бизнес (ШОБ) саласында жұмыс істейтін адамдар саны былтырмен салыстырғанда 95,2%-ға өскен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, қазір ауыл тұрғындары мемлекеттен грант алып, кәсібін бастап, 2-3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал оңалту орталығына бөлінген қаржы әуелі ұлттың денсаулығын жақсартуда үлкен көмек болмақ. Мұны «Балажан» жекеменшік түзету орталығының директоры Лаура Дәркенбаевамен тілдескенде аңғардық.
«Екі жыл бұрын 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде грант алдым. Соның нәтижесінде балаларға арналған түзету орталығына керекті түрлі тренажер мен медициналық аппаратуралар сатып алдық. Орталық ашу туралы ойлағанымда, бірінші кезекте адамдарға пайдам тисе деген ой болды. Сондықтан балаларға арналған түзету орталығын ашу туралы шешім қабылдадым. Сөйтіп, биыл қыркүйек айында Талдықорғанда түзету орталығымыз, дамыту мен қосымша орталықтарымыз жұмысын бастады. Қызметіміздің мақсаты – психофизикалық дамуы жағынан бұзылысы бар балаларға психологиялық-педагогикалық кешенді көмек көрсету. Баланың белсенді-интеллектуалды, сөйлеу, эмоционалды мәртебесін өзгертуге көмектесеміз. Бар балаға теңдей жағдай жасай отырып, оларды қатарластарымен араласуға, өз-өзіне қызмет көрсетуге үйретеміз», дейді Л.Дәркенбаева.
Оның айтуынша, орталықта балалармен жүргізілетін коррекциялы-дамыту жұмыстарын педагог-психолог, дефектолог мұғалім, логопед мұғалім, сурет мұғалімі, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, музыкалық жетекші сияқты дипломы бар білікті мамандар атқарады. Түзету жұмыстарының ұзақтығы әр балаға жеке белгіленіп, жеке оқу жоспары жасалады. Орталықта 15 адам жұмыс істейді.
Көмекті қажет ететін адамдарға мемлекеттік грантпен ашылған жекеменшік оңалту орталығы да үлкен ықпал етіп жатыр. Өткен жылы 500-ге жуық адам осында оңалтудан өтсе, жыл басынан бері олардың саны 700-ге жеткен. Солардың ішінде Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлерінен келген емделушілер де бар. Ал орталық қызметкерлерінің саны 2 есе, яғни 16-дан 32-ге артты.
«2022 жылдың соңында «Бастау Бизнес» желісімен оқудан өттім, кейін кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында өз жобамды таныстырып, 5 млн теңге грант ұтып алдым. Осы ақшаға ресейлік «Левитас» арнайы құрылғысын, Польшадан жүру имитаторын сатып алдым. Инсульт, инфаркт алған, жол апатына түскен адамдар Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қазір біздің орталықта оңалтудың толық курсынан өтіп жатыр. Заманауи озық диагностикалық құралдарымыз бар. МӘМС аясында тегін оңалтумен қатар, коммерциялық негізде де қызмет көрсетеміз. Бұл ретте біздің орталығымыз – Талдықорғанда тәулік бойы қызмет көрсететін жалғыз орталық», дейді «Мейірім» оңалту орталығының директоры Ерасыл Еділханұлы.
Азаматтар денсаулық жағдайына қарай стационарда 10-14 күн көлемінде емделеді. Орталықтың күнделікті 60 адам қабылдауға қауқары бар.
Кәсіпкер алдағы уақытта тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз күтімді қажет ететін ауыр жағдайдағы науқастарға паллиативті төсек сатып алу жоспары бар екенін айтады. Ал оған мемлекет тарапынан қолдау маңызды. Бүгінде облыс аумағында 7 оңалту орталығы жұмыс істейді. Соның 5-еуі – мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік саналады.
Бизнесті дамытудың 2022–2023 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау шаралары аясында Жетісу облысында жалпы сомасы 680 млн теңгеге 142 жоба мақұлданды. Әлеуметтік кәсіпкерлік пен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздарына мемлекеттік грант беру қарастырылған. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 170,0 млн теңге бөлінді. Конкурс биыл қарашада өткізіледі деп жоспарланған.
Жалпы, өңірде 6 айда шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін адам саны 104,7 мыңды құрады. ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 33,2%. Келер жылы осы салаға бөлінетін қаржы көлемі артады.
Жетісу облысы