Президент • 12 Қараша, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бауырлас Түркия Президентімен Баку төрінде кездесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге 30 жыл толғанын атап өтті.

«Қазір де бауырластық қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Саяси деңгейде сындарлы диалог бар. Үкіметтеріміздің ықпалдастығы артып келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Былтыр екіжақты сауда-саттық 6 миллиард долларға жетті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Түркияның Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған негізгі инвесторлардың қатарында екеніне назар аударып, түрік бизнесмендерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жеке бақылауында болатынын мәлімдеді.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатта дамып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі жандандыру үшін мол әлеует бар екенін айтты.

«Қадірлі бауырым, келесі жылы Анкарада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысы барысында ауыл шаруашылығы, қорғаныс, энергетика, көлік-логистика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салаларда маңызды келісімдерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Біз Қазақстанмен арадағы сауда айналымын 15 миллиард долларға дейін арттыруға ұмтыламыз», деді Түркия Президенті.

Бұл ретте Режеп Тайип Ердоған түрік компаниялары Қазақстан экономикасының әртүрлі секторында табысты жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, түрік бизнесмендері Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін игеру, АЭС салу және мұнай-газ тасымалы бағытында тәжірибе бөлісіп, өзара тиімді серіктестік құруға дайын.

Бұдан бөлек мемлекеттер басшылары халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету жөнінде уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше