Аймақтар • 13 Қараша, 2024

Тараздағы «Жайлы мектеп»

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі 2025 жылы толықтай шешілуге тиіс. Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстың нәтижесінде білім саласында ұзақ жыл бойы айтылып келген өткір мәселенің жедел шешілуін Үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шегелеп тапсырғаны белгілі.

Тараздағы «Жайлы мектеп»

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын оқушылар үшін мектеп мәселесін толы­ғымен шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айыр­ма­шылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», деген Президент сөзі жадымызда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің бар­лық қиырында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім ошақтары бой көтеріп жатыр. Бұл жұмыс Жамбыл облысында да талапқа сай қолға алынған. Мәселен, жаңа оқу жылында бір білім ошағы пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, қыркүйек айында өңірде алты мектеп пайдалануға берілді.

Бірнеше күн бұрын облыс орта­лығы Тараз қаласында №66 мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Білім беру нысаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген болатын. Жергілікті атқарушы билік өкілдері кел­тір­ген дерекке жүгінсек, су жаңа білім ордасы 1 200 орынға шақ­талған. Заманауи құрал-жаб­дықтардың бар­лығымен қам­та­масыз етіл­ген. Жаңа мек­тептің ашылу сал­т­анатына қа­­тысқан өңір бас­шы­сы Ербол Қа­ра­­шөкеев Президент тапсырмасы негізінде қолға алынған жұмыс үз­­дік­сіз жалғасатынын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ордасы есігін айқара ашты. Жаңа оқу жылында дәл осындай мектеп Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында пайдалануға берілген болатын. Бұл – жоба аясында бой көтерген кезекті білім беру ме­кемесі. Жалпы, ұлттық жоба шеңберінде қолға алынған жұмыс ал­­да­ғы уақытта да талапқа сай жал­ғасады.

Ұлттық жоба оқушы орын­дарының тапшылығы, апаттық жағ­дайдағы мектептерді жою және үш ауысымды оқыту мәсе­лесін шешуге бағытталғаны баршаға мәлім. Біздің басты мақ­сатымыз – балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы орта қалыптастыру. Сол бағытта жұмыс атқара береміз», деді өңір басшысы мектептің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Жаңа білім ошағы Тараз қала­сындағы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан. Білім ұясында жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талабы сақталған. Мұнда қажетті бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері орнатылған.

Ғимаратта 59 оқу кабинеті бар екен. Сонымен қатар интерактивті тақта, зертханалық кабинеттер, жайлы кітапхана, арнайы шеберханалар мен коворкинг орталық қа­­растырылған. Сондай-ақ екі бір­­дей спорт залмен қамтылған. Бұ­дан бөлек, қосымша білім беру қа­­жет­­тілігі бар балаларға арнал­ған арнайы кабинеттер де жет­кілікті.

«Біздің шағын ауданның тұрғындары үшін бүгінгі күн – қуанышты күн. Біз бұл білім беру нысанын асыға күттік. Балаларымыздың бағына орай өзіміз қоныстанған үйдің маңынан су жаңа заманауи білім ордасы ашылғаны көңіл қуантады. Жаңа мектептің салынуына күш салған азаматтардың барлығына айтар алғысымыз шексіз. Ұлттық жоба аясында заманауи білім ұясының бой көтеруіне ықпал еткен Мемлекет басшысына да зор алғы­сымызды білдіреміз. Енді біз­дің балаларымыз Президент артқан сенімнің үдесінен шығып, білімді азаматтардың қатарын толық­тырады деп сенеміз. Мұн­дай қуаныш Тараз қаласынан бөлек барлық ауданға да жұ­ғыс­­ты болсын», дейді көпбалалы ана Ғалия Құланбаева.

Жалпы алғанда, кейінгі уақыт­та Тараз қаласында жаңа білім ор­да­сын салу жұмыстары қар­­қын­ды жүргізіліп жатыр. Мәсе­лен, жаңа оқу жылында «Арай» және «Казарма» тұрғын ала­бы­ның тұр­ғындары ұзақ жыл бойы айтып келген мектеп мәселесі оңы­нан шешіліп, жаңа оқу ордасы пайдалануға берілген болатын. Жер­гілікті атқа­рушы билік өкіл­де­рінің айтуынша, облыс орта­лы­ғындағы балалардың сапалы білім алуы үшін алдағы уа­қыт­та да қыруар жұмыс атқарылмақ.

 

Тараз