«Әлем таныған Әбе» атты салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов туған жерінің талайлы тағдырын суреттеген қаламгер рухын ұлықтауға жиналған жұртқа алғысын айтты.
«Ұлт перзентіне лайықты құрмет көрсету – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Бұл мерейтой аясындағы іс-шаралар 20 қазанда басталғанын білесіздер. Барлық орта мектептер мен арнаулы оқу орындарында апталықтар, кітапханалар мен музейлерде көрмелер, шығармашылық кештер, бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық айдарлар ашылып, насихаттық жұмыстар кеңінен жүргізілді.
Сол күні аңыз тұлғаның ақырет сапары алдында өзі қалаған орынға, яғни көк теңіздің ең биік нүктесі саналатын Беларан төбенің басында арнайы ас беріліп, рухына Құран бағышталды. Халық жазушысының құрметіне арналған іс-шаралар желтоқсан айында жалғасын табады», деді ол.
Суреткерлік қасиетін қадау-қадау кейіпкерлерді қашауға арнап, сол арқылы тұтас бір дәуір бейнесін тудырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайындағы көп дерек өз атындағы Әдебиет үйінде тұр. Іс-шара қонақтары ондағы түрлі тарихи суреттер мен қолжазбаларды, Әбенің өзі тұтынған заттары мен сан алуан жәдігерлер жиынтығын, классиктің қайта өңдеген кітабын көрді.
Осы күні аралдықтар жазушының 100 жылдығына байланысты қазақ күресінен өткен республикалық турнир жанкүйері болды. Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстарынан келген балуандар белдесуі №19 Арал ОРМБЖМ-нің спорт залында ұйымдастырылып, оған «Аралтұз» АҚ демеушілік жасады.
Әлемге Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің қуатын тағы бір танытқан Әбе мерейтойына орай жазушы-журналистер арасында «Теңіз текті тұлға» атты шығармашылық байқау өткен. Аудандық орталық кітапхананың оқу залында жұртшылық осы байқау жеңімпаздарымен кездесті. Жазушы шығармашылығына арналған көрмемен басталған кездесу қонақтар мен оқырман арасындағы сұхбатқа жалғасып, кешті мәдениет орталығының өнерпаздары әуезді әнмен әрледі.
«Әлем таныған Әбе» атты мерейтой аясында аудандық оқушылар үйінде өткен «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы қылқалам мен сөз суреткерінің шығармашылығын жымдастыра отырып, оқырманға мол олжа ұсынған кеш болды.
Халықаралық суретшілер симпозиумына қатысушы қылқалам шеберлері жазушы туған топыраққа саяхат жасап, Әбең шығармаларынан таныс жерлерді өз танымында бейнелеп, аралдықтарға тарту етті. Көргенін көркем туындыға айналдырған суретшілер көрмесінде белгілі суретші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қайырбай Зәкіров сөз сөйледі.
...Сиясы әлі кеппеген кез келген сурет көзге ыстық көрінеді. Теңіз қолтығын мекендеген мына бір қоржын тамды кеше ғана көрген сияқтысыз. Алдындағы жалғызаяқ жол мен бір қапталын құм баса бастаған қорасы да сондай таныс. Келесі бір портреттен теңіз жағалаған елдің тіршілігін көресіз. Аралдың айдыны кемерін кеміріп тұрған кезі бейнеленген бұл сурет те жаныңызға сондай жақын. Туындылардың қойылған реті де теңіздің шалқыған кезінен бастап, шағаласы ауып, айдыны тартылған кезеңі аралығын қамтитындай.
Кері шегінген теңізді көзбен ұзатып салып тұрған кемпір мен шал портреті «Беларан» деп аталыпты. Жан-жағындағы қарбаластан сырттап, сонау қиырдан көрінген шағалаға көз тіккен қос қария айдынның қайта толарынан үміт күткендей. Иә, бұл кәдімгі Беларан. Әбеңнің кіндік қаны тамған жер. Көзі тірісінде төбеден көк теңізді күтіп жатам деген ниетпен арнайы белгі қойдырған Белараны. Кейіннен жазушы өмірінің ақырғы күндеріндегі аманатына орай Алматыдағы мәңгілік мекен тапқан «Кеңсай-2» зиратынан Беларан төбедегі белгіге бір уыс топырақ жеткізілген.
Айдынды өлкенің киелі орындарын аралап, тағдырлы мекеннің тарихымен танысқандағы әсерін бейнелеген Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, қылқалам шеберлері Өмірәлі Исмаилов, Оразбек Есенбаев, Жандарбек Сүгіров, Қайыр Оразғалиев, Берік Бөкешов, Өзбекстан Суретшілер одағының мүшесі Нортойлок Диеров, Қырғызстанның белгілі суретшісі Чынгыз Ормонбековтер суреттерінің көрмесі елді ерекше тәнті етті. Осы сапарда суретшілер аудандық оқушылар үйіндегі үйірме балаларына шеберлік сағатын да өткізіпті.
Кездесуде сөз алған Арал ауданының әкімі, руханият жанашыры Аманжол Оңғарбаев осыдан он жыл бұрын Әбеңнің 90 жылдығына орай кітап шығарған сәтін еске алды. Тоқсан жасын тойлауға үзілді-кесілді қарсы болған классиктің келісімімен шыққан сол кітап-альбомда жазушы өміріне қатысты тың деректер бар.
«Әбең – бір ғана аудан мен облыстың немесе мемлекеттің ауқымына сыймайтын тұлға. Әлемдік деңгейге әлдеқашан көтеріліп кеткен жазушының жерлесі екендігімізді мақтаныш тұтамыз. Шығармаларында көпке таныс кейіпкерлерімен қатар телегей теңіздің тірі суретін салған Әбең – қайталанбас суреткер. Классик шығармаларынан қылқаламға үндестік іздеп, осы кездесуді «Қалам ұшындағы ғалам» деп атағанды жөн көрдік. Сегіз суретшінің бір-біріне ұқсамайтын еңбегі аудан руханиятының баға жетпес байлығы болып қалады. Мерейтой аясындағы осы бір шара кейінгі талапты жастарға бағыт-бағдар береді деген ойдамыз. Шақыртуымызды қабыл алып, симпозиумға қатысқан жерлестерімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген суретшілерге алғыс айтамыз», деді аудан басшысы.
Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, өзбекстандық суретші Нортойлок Диеров, Қырғызстандағы танымал қылқаламшы Чынгыз Ормонбековтер бауырлас елдің басын қосқан симпозиум мен Арал тағдыры туралы ой қозғады.
«Суретшілік – өгей қалған өнердің бірі еді. Ел бойынша Арал халықаралық суретшілер симпозиумын ұйымдастырып жатқан алғашқы ауданның бірі. Өнерді түсіну үшін үлкен парасат пен пайым керек. Суреткер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойына суретшілерді шақырып, көрегенділік танытқан жергілікті азаматтарға айрықша алғысымызды айтамыз», деді Өмірбек Жұбаниязов.
Қызылорда облысы,
Арал ауданы