Құқық • 14 Қараша, 2024

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

113 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы 10 айда Батыс Қазақстан облысы аумағында 365 интер­нет-алаяқтық қылмыс тіркелсе, соның 22,6%-ы ғана ашыл­ған. Жәбір­ле­ну­шілердің дені – мұғалімдер, дәрі­герлер, зейнет­керлер.

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Елімізде Ішкі іс­тер министрі бекіт­кен «2023–2025 жыл­дарға арналған кибер қыл­мыс­қа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы Батыс Қазақстан облысында да қолға алынған. Осы бағдарлама талаптарын іске асыру мақсатында былтыр 19 мамырда Орал қаласы киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жасайтын «Cyberpol» тобы құрылған еді. Бұл топтың қызметкерлері қаржылық және техникалық жағынан сауаттылықты арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігіне қарасты жоғарғы оқу орындарынан даярлық курстарынан өтіп, қызметтеріне кірісіп те кеткен.

– «Cyberpol» тобы жедел-іздес­тіру іс-шара­ларын жүр­­гізу үшін заманауи ақпа­рат­тық-бағдарламалық кешендермен қамтамасыз етілді. Интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың банк жүйесіне тікелей қатысы бар екенін ескере отырып, облыс аумағындағы екінші дең­гейлі банк басшылығымен мемо­рандумға қол қойылды. Осындай келісім байланыс операторлары арасында да жа­салды. Қазір біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және Цифрлық даму, инновация­лар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігінің БҚО бойынша бас­қармаларымен өзара тығыз іс-қимыл жасап отырмыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы басты­ғы­ның орынбасары Артур Мұсағалиев.

Әрине, интернет-алаяқ­тық­пен күрестің бірден-бір тиімді шарасы – қылмыстың алдын алу. Сондықтан полиция қызметкерлері облыс тұрғындары арасында тұрақты түрде түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, әлеуметтік желілер, телеарналар мен интернет платформалар арқылы тұрғындарға алаяқтықтың түрлері жөнінде хабарлап, алаяқтардың құрбаны болмау мақсатында істейтін әрекеттерді жүйелі түсіндіріп келеді.

Алайда интернет-алаяқ­тық фактілері азаймай тұр. Биылғы қаңтар-қазан айлары арасында облыс ау­ма­ғында интернет-алаяқтық қылмыстары 365 мәрте тіркелген. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мұндай қылмыстың саны төмендегенімен, арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер алаяқтарға жиі алданып қалып жатыр.

– Біз интернет алаяқтары жиі торуылдайтын аудиториямен жүйелі жұмыс істеп, сақтандыру, хабарландыру ісін кешенді жүргізіп жатырмыз. Биылдың өзінде 16 мыңнан аса мұғалім, 8 мыңнан аса дәрігер біз ұйымдастырған профилактикалық іс-шара­ларға қатысты. Қазіргі уақыт­та облысымыздың зейнет­кер­леріне қатысты тікелей про­фи­лак­тикалық іс-шара өткізіп жатырмыз, – дейді Артур Ғайсаұлы.

Осы кезге дейін анық­тал­ғанындай, алаяқтар өзін байланыс операторы, «Қаз­пошта», коммуналдық, ха­лыққа қызмет көрсету орта­лығы және банк қызмет­кер­лері ретінде таныстырады. Әңгімелесу барысында олар жолданған «СМС» код нөмірін сұрайды. Егер алдансаңыз, аз уақыт ішінде бірнеше банк­тен қалай несие алып, өз есепшотыңыздағы жинақты дропперлердің есепшотына жібер­геніңізді білмей де қаласыз. Ол қаражат сол бойда криптовалютаға айналып, шетелге шығып кетеді екен.

«Ең дұрысы, күмән туған жағдайда алаяқ­пен сөйлесуді доғару керек. Олар адам психологиясын жақсы меңгерген. Алдауға түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға немесе сол банктердің байланыс орталықтарына хабарласу қажет. Сонымен қатар eGov сайты арқылы банктерден несие алуды бұғаттап қою қазіргі жағдайда бірден-бір тиімді шара болып отыр», дейді құқық қорғау қызметкерлері.

 

Батыс Қазақстан облысы