Аймақтар • Бүгін, 09:35

Балқашқа барар жолдың құны қанша?

25 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың құры­лы­сы келер жылғы турис­тік мерзімге дейін аяқ­талады. Сарыөзектен Қор­ғас­қа дейінгі жолда ауқым­ды жөндеу жүр­гі­зіліп жатыр. Биыл аудан­дық және қалалық ішкі жолдар­ды жөндеуге 14 млрд теңге бөлін­ген. «Ауыл – ел бе­сі­гі» бағ­дарламасы аясында 43,3 ша­қы­рым жол жөнделмек.

Балқашқа барар жолдың құны қанша?

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі 27 шақырым автокөлік жолының қайта жаңғырту жұмысы аяқталып, қолданысқа берілген. Молалы – Лепсі – Ақтоғай учаскесіндегі 105 шақырымда құрылыс жүріп жатыр.

«Қазір құрылысқа 90-ға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Асфальт жамылғысын салу, жер төсемі, асфальт дайындау, ұнтақтау, материал­дарды өңдеу, тасымалдау жұмыс­тарында 130-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жоба іске асырылғанға дейін осы жолмен қатынайтын жол көліктерінің ағыны тәулігіне 3 мың автокөлік болса, қайта жаңғыртудан кейін бұл көрсеткіш 6 мыңға жоғарылап отыр», дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.

Құрылыс құнының қымбаттауына байланысты облыстық бюджеттен қосымша 15,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Балқаш көліне дейінгі жол құрылысы жобасының жалпы құны – 30,4 млрд теңге.

Облыс аумағында республикалық маңызы бар ірі жобалар да іске асып жатыр. Үшарал – Достық жолы және Талдықорған – Үшарал автожолын жөндеу 95%-ға орындалды. Нысан 2024 жылдың соңында аяқталады. Сондай-ақ Сарыөзек-Көктал, Жаркент-Қорғас автожолдары жөнделіп жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, өткен жылы Сарыөзек – Көктал және Көктал – Жаркент автожолының жалпы ұзындығы 81 шақырымдық учаскелеріне күрделі және орташа жөндеу жүргізілген.

«Жетісу облысында жол құрылы­сы­ның ауқымы артып келеді. Бұл инфрақұрылымдық жұмыстар өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамытады. Жуық арада Сарыөзек пен Көктал, сондай-ақ Айдарлы мен Көктал елді мекендері арасындағы жолдың бірнеше учаскесінде күрделі және орташа жөндеуді жалғастыру жоспарланып отыр», дейді Ж.Қалтаев.

Аймақта 54 елді мекеннің ішкі жолы жөнделіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын 5 көшеде қызу әрекет байқалады.

Жалпы, Жетісу облысында биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын дамыту үшін 38,0 млрд теңге бөлінген, соның ішінде облыс­тық маңызы бар жолдарды жөндеуге – 24,0 млрд теңге, аудандық және қалалық ішкі жолдарды жөндеуге 14,0 млрд теңге қарастырылды. Бөлінген қаражат есебінен жергілікті маңызы бар жолдардың 335,7 шақырымына қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше