Сұхбат • 16 Қараша, 2024

Ғұсман Қырғызбаев: Қола жүлденің құнын елге келгенде сезіндім

202 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

– Ғұсман, сен спорттық ман­сабыңды қазақ күресінен бастаған екенсің. Осы жайттан құлағдар болғанда кәдімгідей қуанып қалдық. Расында да, ата-бабамыздан ұрпаққа мирас болған спортты серік еткен саңлақтар арасынан Олимпиада жүлдегерлері шығып жатса, ғанибет қой...

Ғұсман Қырғызбаев: Қола жүлденің құнын елге келгенде сезіндім

– Иә, оныңыз рас. Сыңарым Ғұмар екеуміз спортты бірге бастадық. Қазақ күресінің қыр-сырына Түркістан облысы Ор­дабасы ауданының орталығы – Темірланда қанықтық. Алғашқы жат­тықтырушымыз – Ерлан Отыз­баев. 12 жасымыздан түрлі додаға қатыса бастадық. Мен әуелі жасөспірімдер мен жас­тар, одан кейін ересектер арасында ел чемпионы атандым. Ше­берлігім шыңдала келе әлем мен Азия чемпионатында топ жардым. Ғұмардың да бағындырған белестері бір төбе. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түстік. Бұл жерде Ермек Нәсиевтің қол астында жаттықтық. Төл өнерімізде бұйырған несібе­мізді алғаннан кейін үшеуміз ақыл­даса отырып, дзюдо күресіне ауысуды құп көрдік. Бұл ретте де қалың топтың арасында қалып қойған жоқпыз. Түрлі жарыста жақсы нәтиже көрсетіп, 2013 жылы ұлттық құрама сапына қабыл­дандық.

– Елімізде аса жеңіл салмақта мықты балуандар өте көп. Соған сәйкес бәсекелестік те жоғары. Тәжірибелі спортшыларды жолдан ығыстыру оңай болмаған шығар?

– Біз қатарға қосылған кезде 60 кг салмақ дәрежесінде кіл «сен тұр, мен атайындар» сайы­сып жүрді. Еркебұлан Қосаев, Елдос Сметов, Рустам Ыбыраев, Асхат Телманов, Айбек Имашев, Ғабит Есімбетов... Қай-қайсысының да қарқынына төтеп беру оңай болған жоқ. Уақыт оза кейбірі үлкен спорттан қол үзді, кейбірін жо­лымыздан ығыстырдық. Кейбі­рімен біраз уақыт бойы әбден тірестік. Ақыры Ғұмар екеумізге халықаралық аренаға жол ашылып, түрлі дүбірлі додаларда ел намысын қорғадық.

– Бірақ уақыт оза Ғұмар көп­шілік назарынан тыс қалды. Не себепті?

ап

– Негізі алғашында маған қа­рағанда бауырым тәуір күресті. Ел чемпионатында қола медаль иеленгеннен кейін ол шет­елге алғаш рет шыққанына қара­мастан, Чехияда өткен Еуропа кубо­гінде үшінші орынға табан тіреді. Осы жарыста мен ұтылдым. Басқа да турнирлерде топ жарып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Екеуміз бір сал­мақта күрестік. Содан Ғұмар маған жол беріп, өз мансабын аяқтады. Қазір сыңарым Қорға­ныс министрлігіне қарасты Армия­шылардың орталық спорт клубында (АОСК) дзюдо бөлі­мінің бастығы, қазақ күресінен мем­лекеттік жаттықтырушы қызмет­терін абыройлы атқарып жүр.

– 2013 жылы ұлттық коман­дамыздың қатарына қабыл­дандым деп жоғарыда айттың. Сол кезден бері Олимпия ойын­дарының алауы үш мәрте тұ­танды. Сонда 2016 жылы Рио-де-Жанейро, 2021 жылы Токиодағы жарыстарға қатысуға еш мүм­кіндігің болмады ма?

– Бразилияға бармайтыным әу бастан белгілі еді. Себебі еліміздегі өзге балуандарға қарағанда рей­тингім едәуір төмен болды. Ал Токиоға бір табан жақын тұр­дым. Олимпиада қарсаңында бір­қатар ірі додаларда дараланып, әжептәуір ұпай қорын жидым. Әлемдік рейтингте екінші орынға дейін көтерілген кезім де болды. Бір сөзбен айтсақ, Елдос Сметов екеуміз әбден тірестік. Десек те бапкерлердің таңдауы Сметовке түсті. Бұл дұрыс шешім болды. Құрдасым ел сенімін ақтап, Күншығыс елінде күміс медальды мойнында жарқыратты.

– Жалпы, халықаралық жа­рыс­тарда екеулеріңнің жолда­рың қанша рет түйісті?

– Үш рет күрестік. Барлық бә­се­ке Елдостың пайдасына ше­шілді.

– Татамиде бітіспес қарсылас екенсіздер, ал өмірде ше?

– Өте жақсы араласамыз, жақын доспыз. Спорттағы бәсе­келестік сыйластығымызға еш сызат түсірген жоқ.

– Сенің алғаш рет жасындай жарқырап, жанкүйерлердің жү­регін жаулаған кезің 2021 жыл еді. Будапешттегі әлем чем­пионатында күміс медаль ие­леніп, өзіңнің зор әлеуетіңді бай­­қаттың. Сол жарысты жа­дыңда бір жаңғыртсаң...

– Шыны керек, сегіз жылдай 60 кг салмақ дәрежесінде күресіп, не Олимпиадаға бармадым, не әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілмедім. Бұл жағдай ме­нің шымбайыма қатты батты. Қынжылдым. Намыстандым. Содан бұл менің осы салмақтағы соңғы жарысым деп шештім. Будапешттегі бәсекеге тыңғылықты дайындалдым. Жеребе оңай түс­педі. Алғашқы айналымдарда че­хиялық Давид Пулкрабек пен германиялық Мориц Плафкиді ұтқан жағдайдың өзінде үшін­ші кезеңде атақты Рюдзю На­гаямамен күресуге тура келеді. «Қиын болды-ау» деп ойладым. Алғашқы екі қарсыласымды оңай еңсердім. Десек те жапонның жұлдызымен жолым қиыспады. Оны әзер­байжандық Камрат Хусейнов көз алдымда таза түсіріп кетті. Ширек финалда Хусейнов фран­циялық Валид Хиярға жол берсе, мен моңғолиялық Унуболд Лхагваямцты ұттым. Жартылай финалда Хиярды сүріндірдім.

– Ал шешуші тұста Яго Абуладзені ұтып, алтын алуға не жетпеді деп ойлайсың?

– Ресейдің намысын қорғаған грузин жігітін содан бір ай бұрын ғана Гран-при турнирінде «вазари» әдісімен ұтқанмын. Осы жолы да жеңемін деп ойладым. Бірақ бәсеке барысында өзім өрескел қателік жіберіп, соның зардабын шектім.

– Содан 66 кг салмақ дәре­жесіне ауыстың. Жаңа салмаққа бейімделу қиын болған жоқ па?

– Бұған дейін әр жарыс сайы­н 5–6 кг салмақ қуып жүрдім. Оның барлығы да ағзаға кері әсерін тигізетіні мәлім. Сөйтіп, тәуе­келге бардым. Шыны керек, бір­ден бейімделу оңай болмады. Бұрындары қарсыластарымды еш қиындықсыз-ақ алып ұратынмын. Ал 66 кг салмақ дәрежесінде фи­зи­калық дайындығың күшті болмаса, ешкім сенің ырқыңа көне қоймайды. Міне, осы жағын жетілдіруге көп күш салдым. Бірте-бірте елішілік жарыстардағы қарсыластарымды ығыстыра бас­тадым. Түрлі турнирлерге қатыс­тым. Бірде ұттым, бірде ұтыл­дым. 2022 жылы Астанадағы Азия чемпионатында қола медаль иелен­дім. Содан кейін елімізде осы салмақтың көшбасшысы екенімді мойындаттым.

– Енді әңгіме ауанын Париж Олимпиадасына бұрсақ. Осы жарысқа дайындық барысында басты қарсыластар деп кімдерді айтар едің?

– Елдос Сметов екеуміз бір бөлмеде жаттық. Жарыс қар­саңында жеребе тарту рәсімін қадағалап отырып, екеуміз де Жапонияның балуандарына түсіп қалмауды тіледік. Бірінші 60 кг салмақта кімдердің күресетіні анық­талды. Елдос Нагаямамен бір топқа түсті. Бет әлпетіне қарасам, досым еш қобалжып тұрған жоқ. «Бұйыртса, жапонды жеңемін!» деп сенімді сөйледі. Оған «Ақ жол!» тіледім. Одан кейін 66 кг салмақ дәрежесіне кезек келді. Менің қауіптенгенім – Хуфими Абе. Даңқы дүркіреп тұрған нағыз дарабоздың өзі. Әрине, бозкілемге жеңілемін деп шықпайсың ғой. Жолымыз түйіссе, Абемен де аянбай айқасатын едім. Абырой болғанда екеуміздің жолымыз қақ айырылды, көңілім орнына түсті. Басқа балуандарды жеңуге күш-жігерімнің жететініне сенімді болдым.

– Токио Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хуфими Абемен жолдарың айырылысқанымен, «жеребе жолдас болды» деп айта алмаймыз. Өйткені Париж­дегі қарсыластарыңның дені әлемдік рейтингте сенімен салыс­тыр­ғанда едәуір жоғары тұрды. Мә­селен, дәл Олимпия ойындары қарсаңында жа­рияланған IJF-тің тізімінде ис­паниялық Давид Гарсия Торне – 9, оңтүс­тіккореялық Ан Баул – 13, франциялық Валид Хияр – 16, бра­зилиялық Виллиан Лима  8-сатыға жайғасты. Сонда жо­ғарыда есімдері аталған жам­поздардың ешқайсысынан қай­мықпағаның ба?

– Әзер дегенде төртжылдықтың басты додасына қатысу мүм­кіндігіне ие болғаннан кейін барынша нәтиже көрсетуге тырыс­тым. Жеңіс тұғырына көтеріліп, елге абыроймен оралуды мақсат тұттым. Иә, қарсыластарымның барлығы да азулы болды. Ал­ғашқы белдесуді Давид Гарсия Тор­­неге қарсы өткіздім. Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері «кесек әдістерді көп жасайтын» дзю­дошы ретінде танымал. Соңғы Токио Гран-приінде испаниялық мені «иппонмен» ұтқаны тағы бар. Негізі оған дейін екеуміз алты рет күш сынасып, үш белдесуді ол ұтса, үш рет менің күшім басым болды. «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, Торненің осал тұсын жақсы білемін. Содан айқасты қосымша уақытқа дейін апаруды жоспарладым. «Голден-скорда» Давидтің терең бір тыныстағанын естігенде, «Ә, бәлем, болдырып қалған екенсің ғой» дедім де, сәті келгенде оны бір қырына аунатып жіберіп, жеңіске жеттім.

Екінші кезеңде Рио Олим­пиадасының күміс, Токио Олим­пиа­дасының қола жүлде­гері, әлем чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Ан Баулмен айқастым. Сол күнге дейін мен оны ұта алмай жүрдім. Басқасын айтпағанда, Оңтүстік Кореяның оғланы әлем чемпионаттарында екі рет алдымды орап кетті. Осы жолы «қалай болғанда да кеткен есемді қайтарамын» деп, тас-түйін дайындалып, татамиге белді бекем буып шықтым. Сәті келгенде екі жеңінен ұстап, алып ұрдым. Вазари! Таблоға қарасам, айқастың аяқталуына әлі 3 минут 35 секунд бар екен. Енді не істеймін? Қазір Ан алға ұмтылады. Оның қарқынды шабуылына қалай шыдас беруге болады? Қарсыласымның функционалдық даярлығы керемет екен, дамылсыз шабуылдады. Әйтеуір оған төтеп бердім. Бәсеке аяқталғаннан кейін қарасам, Ан Баул еш шаршамаған. Тіптен тер де шықпаған. Тек не болғанын түсінбей, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды...

– Үшінші кезеңде сені әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпио­ны Валид Хияр күтіп тұр­ды. «Гран-Пале-Эфемер» ке­шеніне жиналған жергілікті жанкүйерлердің өз жерлестерін барынша қолдай­тыны анық. Осы жағдай саған кері әсерін тигізбеді ме?

– Хияр татамиге беттеген кезде сан мың жанкүйер жерді теп­кілеп, спорт кешенін басына көтерді. Бағзы заманда, ежелгі Римде дәп бір гладиаторды айқас алаңына шығарып жатқандай әсер қалдырды. Соның алдында ғана ол Олимпия ойындарының күміс, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Важа Маргвелашвилидің аяғын көктен келтірген еді. Соның бәрін ескерген көрермендер Валидке керемет қолдау көрсетті. Әрине, көпшіліктің қолдағаны жақсы ғой. Бірақ оның екінші жағы да бар. Бұл психологиялық тұрғыдан өте қиын. Жүйкеге салмақ салады. Француз балуаны сол қысымға шыдамады. Валид бұл межеде өз деңгейінде күресе алмады. Бәсеке басталған бетте жергілікті дзюдошыға төрешілердің бүйрегі бұрып тұрғанын байқадым. Бел­десу бел ортадан асқан тұста маған екінші шидо берілді. Енді бір ескерту жасалса, жарыс жолынан шығып қаламын. Соны қаперге алған мен барынша сауатты күресуге тырыстым. Асықпай-аптықпай жүріп, айқастың аяқ­талуына 7 секунд қалғанда әдіс жасамақ болған Хиярды үстінен басып қалдым да, тырп еткізбей ұстадым. Сөйтіп, жеңісті жұлып әкеттім.

– Сондай мықты қарсы­лас­тарды қапы қалдырғаннан кейін жартылай финалда бра­зилиялық Виллиан Лимадан ұты­лады деп еш ойламаған едік...

– Негізі Лиманы да жеңуге болатын еді. Өзім де оған 100 пайыз сенімді болдым. Жеңілем деген ой қаперіме де кірген жоқ. Мен бірте-бірте тегеурінімді күшейтіп, әне-міне лақтырам деп жүргенімде, ол қолымды ауыртып алдым деп дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Бір жарым минуттай ем-дом жасалды. Сол кезде қарқын бұзылды. Бәрін басынан бастауға тура келді. Виллиан солға кіргендей болып, әп-сәтте оң жаққа әдіс жасады. Мен тайқуға тырыстым. Алайда сол мезетте башпайым ілініп қалып, жерге жауырыныммен құладым. Осы сәтсіздік бас жүлдеге таласу мүмкіндігінен айырды.

– Ал қола медаль жолындағы тартыс қалай өрбіді?

– Оған дейін Страхания Бунчичпен бірде-бір рет кездеспеген едім. Бойы сырықтай Сербияның саңлағы қол-аяғының ұзындығын пайдаланып, біраз әбігерге салды. Бірақ оның түбі бір қателікке бой алдыратынын білдім. Көп кешікпей оңтайлы сәтін тауып, оған сан соқтырып кеттім. Осылайша, жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің көк туын Париждің төрінде желбіреттім.

– 32 жасыңда Олимпия ойын­дарының қола жүлдегері атанғанда қандай сезімде бол­дың?

– Талай жылғы еңбегімнің ақ­тал­ғанына қуандым. Әр жылдары қолдау көрсеткен азаматтар мен бапкерлеріме, оның ішінде жеке жаттықтырушым Ермек Нәсиевке, атан-анам, туған-туыстарым, жора-жолдастарыма алғысым шек­сіз. Алғашында алтынға таласа алма­ғаныма күйінсем, елге орал­ғаннан соң, қола медальдың да құн­­ды екеніне анық көз жеткіздім. Сол қуа­нышым әлі де басылған жоқ.

– Әңгімеңе рахмет! Алдағы жарыстарда да зор табыс ті­лей­мін.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»