Жылқының жүдеуі бір бұл емес, жыл сайын қайталанып тұрады. Оның бірнеше себебі бар. Себептің біріншісі – малсақ қауымның салғырттығы. Болат тұяқты жануар қысқы азығын өзі тебіндеп табады деп есептейді, сондықтан мал азығын дайындауға енжар.
– Ол – бұрынғы жағдай. Арқа төсіндегі алқаптар сансыз құнарлы, шүйгін шөпке мелтектеп тұрған кезде дарқан даланың төсін соқамен тіліп, айғыздағанға дейінгі көрініс, – дейді ел ағасы Құттыбай Дарханов. – Қазір шөп құнары кеміді, жайылым тарылды. Жылқы жайылған жерге өзге түлікті баға алмайсың. Жарықтықтың тісінің бітімі солай, шөпті тамырына дейін қыршып жұлып алады. Ал сиыр тілімен орап жейді. Сондықтан топырлатып төрт түлікті түгел баққан соң, тоқымдай жердің тозатыны даусыз.
Тозған жердің теперішін былтыр көрдік. Құрығы құтты жылқышылардың да лажы таусылған қаһарлы қыс болды. Жабағыға сақау шығып, кебеже қарын биелер іш тастап, мал ішінде өлім-жітім көбейген соң жауапкершілікті ойлаған жылқышылар көгалалы көп жылқыны қотанға иіріп тастап, мал иелеріне: «Ал енді өздерің бағып алыңдар!» деген. Өздері баға қояйын десе, жемшөп жоқ. «Қыс келсе қайтар дейсің, көрмей жүрген құқайымыз ба» дегендей, бейқам жүрген малсақ қауым тығырықтан шығар жол таба алмай, абдырап қалды. Аузынан үріп өсірген төл малын қораға қамап баға қояйын десе жемшөп қасқалдақтың қанындай таптырмады.
– 2022 жылы салмағы 300-350 келілік бір бума шөптің құны 6-7 мың теңге болса, өткен жылы 12-13 мың теңге болды. Екі есе қымбаттады. Оның өзін таба алмай қиналдық, – дейді Ақкөл ауданындағы Минский ауылының тұрғыны Серік Асанов. – Басты себеп, жаздың жауынсыз болғандығы әрі қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта жыл сайын мал азығын дайындап жүрген шабындықтағы шөптің күйіп кетуі. Қыс ішінде жаңбыр жауды. Көк мұзды қақырата жарып, бес тал шөпке аузын әрең іліктіретін құтпан айғыр, жілікті бие күрт жүдеді. Оның үстіне егістік алқаптарда сабан да қалмайды. Жылқы малының бір қорегі осы сабан еді. Былтыр егін шығымы аз болған соң сабан таба алмай сенделген жұртты көрдік.
Айтса айтқандай, былтырғы жаңа жылдың алдында Көкше аспанын бұлт торлап, нөсер жауын апталап жауды. Шөп басы қабыршақтанып, қатып қалды. Жылқы жарықтық шөптің ұшар басына қатқан көк мұзды бірге шайнады. Құлын тастаудың бір себебі осы. Малмен көзін ашқан көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, есті мал өзін сақтап қалуы үшін ішіндегі құлынды лақтырып жібереді екен.
Жылқыға төнген нәубет табиғаттың өзгеруінен. Бұл сынаққа төтеп беру үшін мал тұқымын асылдандыруға мейлінше көңіл бөлу керек. Төл табиғатымызға төселген, сан ғасыр бойы Алаш баласымен бірге жасасып келе жатқан қазақы жылқыға жетер түлік жоқ.
– Жылқы тұқымын асылдандырмасақ, қыстан шығу қиындай береді, – дейді Ақкөл ауданындағы «К.Н.А.» шаруа қожалығының басшысы Сембай Жанатаев. – Жабы тұқымын өсіруге ниет етсек, қалай болар еді? Бұл жалғыз-жарым адамның қолынан келетін іс емес. Шаруаны ауыл шаруашылығы министрлігі қолға алған жөн. Жабының сипатын біле қоймайтындарға бірауыз сөзбен айта кетейін. Салт мінуге шыдамды, жүк тасыса жолда қалдырмайды, ең бастысы және бізге керегі ауа райының қандай жағдайына болмасын шыдамды. Сүті де мол, тез семіреді. Жемшөп талғамайды, қысы-жазы тебіндеп жайылады. Кең сағақты, жуан мойынды, етті, кеудесі кең, жоны жалпақ, аяқтары өте мықты, қазақы жылқының тұқымы көзімізден бұл-бұл ұшып тұр ғой.
Өткен қыста бар жылқысынан айрылып қала жаздаған шаруаның бірі Біржан сал ауданына қарасты Сәуле ауылының тұрғыны Жамбыл Жақыпов. Мал баққанға бітеді. Ұзақ жылдар бойы өз төлінің есебінен өсіріп, белден келген бейнеттің жүгін арқалаған. Ауылдағы ағайынның күн көрісі төрт түлік малы екендігі белгілі. Төлі мен қымызын сатып, табыс табады. Жылқылы шаруаның өткен қыста 200-ге жуық жылқысы табиғаттың тақсыретін тартып, қырылып қалған. Жалғыз Жамбылдың ғана емес, төңіректегі өзге ауылдардағы мал сүмесімен күн көрген малсақ қауымның көрген теперіші. Қанша қымбат болса да жемшөпті сатып алғанымен, қыруар малға талғажау болар азық таба алмаған. Қысқа күйсіз түскен көп жылқы көктемде жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жығылған. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, жергілікті атқарушы билік малдың тізімін жасап, құжаттары мен сырғасын, чиптерін түгендесе, өтемақысы қайтарылады деп сендірген. Алайда күні бүгінге дейін қолдарына тиген көк тиын жоқ.
– Алғашқыда үміттенгеніміз рас, бірақ өтемақы төленбеді, – дейді «Бибігүл» шаруа қожалығының басшысы Жамбыл Жақыпов. – Неге екенін кім білсін, төтенше жағдай жарияланбады.
Айтылған уәде сөзбұйдаға салынып, соң сиырқұйымшақтанып кеткен. Халық әлі де үмітін үзер емес.
– Есіл мал көз алдымызда аштан қырылып жатқанда қолымыздан келер қайран болмады. Көктем шыға сай-саланың бәрі қатыгез қыстың көрінісін айғақтайтын өлексеге толып кетті, – дейді Зеренді ауданына қарасты Васильковка елді мекенінің жылқышысы Темірбек Ғалымов. – Өзімнің де он шақты жылқым шығын болды. Құжаттары мен сырғасы, чиптері де түп-түгел. Аудан әкімдігі шығын төленеді деп уәде берген еді. Бірақ сөз күйінде ғана қалды.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов өз уәжінде жылқының жұтағанын жасырмайды.
– Алғашқыда төтенше жағдай жарияланатын болды, – дейді Талғат Жүнісов, – сол қаражатпен халыққа өтемақы төлемек болған. Өтемақы алу үшін мал сақтандырылуға тиіс. Бірақ малсақ қауым мұндай шығынды басы артық қарекет деп есептейді. Ешкім малын сақтандырмайды. Осы арада айта кететін бір жай, көктемгі қызыл су жүріп, өзен тасыған кезде суға кеткен малдың өтемақысы төленді.
Мал құтының қашуы жылқышыға да байланысты. Былтырғы келеңсіздікті ақыл таразысына салып сараласаңыз, шетін жағдайдың шоқпары алдымен шеттен қосылған малға тиген екен. Шеттен қосылған малдың ара-жігін ашып, түсінікті болуы үшін таратып айта кетелік. Олар қалада тұрып, ауылда мал ұстағысы келетін ағайындар. Әрине, бала-шағаның несібесі, қысқы соғымды қамдаған дұрыс шығар, бірақ олар азын-аулақ малына жемшөп дайындамайды. Былтыр тығырыққа тірелген кезде жылқышылар мал иелерімен хабарласып, жылқы жұтап жатыр, келіп өздерің алып кетіңдер деп ескерткен. Алып кетейін десе, қалаға апарып баға алмайды. Сөйтіп, түлік төресінің тағдыры тәлкекке түсті.
– Атам қазақта обал деген ұғым бар, – дейді ел ағасы Мереке Жүсіпов, – ақ қар, көк мұзда талғажау етер бір уыс азық таба алмай сенделген малды көргенде төбе шашың тік тұрады екен. Әлеуметтік желіде тараған, бір-бірінің құйрығы мен жалын жеп жатқан жылқыларды көргенде иманың қасым болады. Киелі малды бұлайша қорлауға болмайды ғой. Баға алмайды екенсің, мал ұстама. Ал ұстадың екен, жаздың күні шетел асып, теңізге түскенше, ауылыңа кел де шөп дайында. Бұрын жылқы өсіру өте ыңғайлы әрі тиімді шаруа болатын. Қазір табиғат өзгерді. Соңғы жылдары қуаңшылық көбейе бастады. Мал сүмесімен күн көріп отырған қауым, бағымындағы қара мал мен қойдың азығын алты айға есептеп қамданғанымен, жылқы жайын ескере бермейді. Дәл былтырғыдай сындарлы шақ туғанда сынаққа төтеп бере алмайтыны сондықтан. Әйтпесе жыл бойы өз азығын өзі тауып жейтін малдың өзіндік құны тым арзан. Төлін сатса, еңбегі ақталады. Әйтсе де қытымыр қыстың қамын ойлай бермейтіні жылқыны да, жанды да жүдетеді.
Биыл жаз ылғалды болды. Көкшенің бел-белесі, қыраты мен сай-саласы күзгі жауынмен көтерілген шөпке тұнып тұр. Егер қыс ортасында жауын жауып кетпесе, жылқының жалы жығылмайтыны анық. Ал былтырғыдай сын қайталанбасын деңіз.
– Мұндайда жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы құрылымдары малсақ қауымның мұңын түсініп, қамқор болуы керек еді, – дейді шаруа Серік Жапаров. – Көк мұзды қуатты техникалармен талқандаса, тебіндік жерін тазаласа ағаш бауырында, ойпаңдарда шалғының тісі тимеген аңғарларда аз да болса шөп болды ғой. Міне, осындай жанашырлық та қажет-ақ.
Ақсақалдың айтуына қарағанда, қардың жоқтығы да жылқының жұтауына өз әсерін тигізген. Жауған қарды долы жел көк мұздың үстінен сырғаната қуып, сай-салаға мелтектете тығып тастады. Көк мұздың үстінде жылқы тебіндей алмай қор болды. Басқасын былай қойғанда уақтылы суарудың өзі бір мұң. Қырдағы жылқыны ел ішіндегі құдыққа айдап әкелу тіпті де мүмкін емес. Тайғанақ болған соң құлап, мертігеді. Мал жайын ойлаған азаматтар көлді ойып, суарамыз деп талпынғанымен, қамыс түбі сіресе қатпаған соң мұз ойылып, жылқыны көтере алмаған. Ал су ішпеген малдың күйі не болмақ? Қазақ ондайды жығылғанға жұдырық десе керек.
Биыл да қар ішінара мұз үстіне түсті. Малыңа абай бол, ағайын!
Ақмола облысы