Еңбек • Бүгін, 10:20

Сұранысқа ие мамандықтар

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде қазіргі таңда стоматолог, дипломат, денешынықтыру мұғалімі сынды мамандықтар сұранысқа ие. Мұның дәлелі – биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында талапкерлер арасындағы ең үлкен бәсеке былтырғыдай тіс дәрігері мамандығына болған – бір орынға 35 адамнан келеді. Екінші орында «Халықаралық қатынастар және дипломатия» – бір орынға 11 адам үміткер. «Денешынықтыру мұғалімі» мамандығына – 10, «Психология» мамандығына 9 талапкерден келеді.

Сұранысқа ие мамандықтар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қарап отырсақ, бұл көрсеткіш заманның өзгергенін, аталған мамандықтар бұрын талайдың қол­жетпес арманы болған заң­гер, экономист, маркетолог, мұ­найшы болу сияқты арман-мақсат­тарды ығыстырғанын көр­се­теді. Есесіне ел нарығындағы ең ке­ректі, қат болып отырған химик, мал шаруашылығы, балық шаруашылығына қажетті маман­дық­тарға мүлде талпыныс жоқ.

Кейінгі жылдары неге тіс дәрі­гері болуға ұмтыл­ған­дардың қа­тары күрт өсіп, стоматолог ма­­мандығының дәрежесі артып, та­нымал болып шыға келді? Бұл сауалға Президенттің Іс бас­қар­ма­сы Медициналық орта­лы­ғы Ұлттық госпиталінің стоматология бөлімінің меңгеру­шісі Елена Нагина төмендегідей жа­уап берді:

– Кейбіреулер қазір стоматолог болу сән, табысы да жоға­ры әрі ұзақ оқудың қажеті жоқ деп ойлайды. Ал іс жүзінде олай емес, біздің кәсібіміздің өзін­дік ерекшеліктері жеткілікті. Кездей­соқ адам електен өте алмайды. Егер тіс дәрігері өз саласында жеті жылдай тұрақты жұмыс істеп, тәжі­рибе жинақтай алса ғана, осы салада соңына дейін қала алады.

Тісі ауырған адам жанын қоярға жер таппай, емделуге келгенде ақысы қанша тұратынын да сұрап жатпайды. Сол тұрғыда дәрігерлер қолдарынан келгенше көмектеседі, емдейді. Тіс – адамның саламаттылық құжаты болғандықтан да, оны сақтау маңызды әрі сау, жарқыраған аппақ тістер – адамның ажары. Байқап отырсақ, қазір елімізде тісі жоқ адамдар азайды, жұрт тісінің бүтіндігіне мән береді.

Бүгінде отандық стоматология салыстырмалы түрде дамыған әрі қолжетімді. Балалардың тісі мемлекет есебінен емделеді. Бұл мәселеде еліміз ТМД көлемінде көш ілгері. Тіпті соңғы жылдары, әсіресе жаз айларында елімізге тісін емдетуге шетелдік­тер көптеп келе бастады. Олар бұрынғы отандастарымыз бен солардың туыс-таныстары. Бір сөзбен айтқанда, отандық стома­то­­логияның сапасы әлемдік дең­гей­ден кем емес, оның үстіне әлдеқайда арзан.

– Ертеректе, біз стоматология мамандығына оқыған кезі­міз­де де осы бөлімге конкурс үлкен, оқуға түсу қиын болатын. Бү­гін­де бұл мамандыққа ҰБТ-да жинаған шекті балы 130 болатын үздіктер келіп жатқандықтан, сала бұрынғыдан да жақсара, жетіле түседі деп ойлаймын. Оған қоса стоматология медицинаның ең дамыған салаларының біріне айналды. Күнделікті жұмыста емдегенде дым сездірмейтін, ауыртпайтын препараттар, техни­ка­лардың озығын пайдала­нып отырмыз. Қазір тіс дәрігерінің алдында отырған пациент ем-дом­нан қорықпайды, керісінше рахат табады. Тегінде, дәрігердің кәсіби шеберлігі жұлып тастаған тістерімен емес, ауырған тістерді сақтап, емдегенімен өлшенеді, дейді Е.Нагина.

Сонымен бүгінде қай өңірлерде дәрігерлер жетіспеушілігі бар, қай облыста кадр тапшылығы басым? С.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медицина универ­­ситетінде өткен Бос жұ­мыс орындар жәрмеңкесінде бар­лық облыстардың қалалық, облыстық денсаулық сақтау басқар­маларының өкілдері то­ғыс­­қан еді. Басқармалардың мәлі­­ме­тіне сәйкес, жәрмеңке барысында елде 2 279 маманға деген сұраныс бар екені анықталды. Ең қызығы, алғаш рет медициналық кадрларға сұраныстың ұзын-сонар тізімін Алматы қаласының ауруханалары берді. Алматы қаласы – 540, Қостанай облысы – 304, Жетісу облысы – 286, Атырау облысы – 168, Ақмола облысы – 153 жұмыс орнын ұсынды.

Осы арада 2021 жылдан бас­тап жоғары оқу орындары түлектеріне гранттарын өтеуге қойылатын талаптар жеңіл­де­тіліп, оларға меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарында мемлекеттік грант арқылы жұмыс істеуге құқық бе­­ріл­генін айта кеткен жөн. Сонда қызмет өткеру мерзімі мем­ле­кет­тік грантта оқы­ған жылдар санына тең болады.

Бос жұмыс орындары жәр­мең­ке­сінде жұмыс берушілер жұ­мыс­қа орналасу жөніндегі ең жақсы ұсыныстарын ортаға салып жатады. Айталық, өткен жылы об­лыстық аурухана өкілдері резидентура бітірушілеріне 500 мың теңгеге жуық еңбекақы ұсынып, уақытша баспана тауып беруге, болмаса баспана сатып алуға ақшалай өтемақы беруге дайын екендіктерін білдіріп, сонымен қатар медицина мамандарының балаларын мектеп, балабақшамен қамту, отбасының басқа мүше­ле­рін де жұмысқа орналастырып, білік­тілігін арттыру курстарына қосымша ақы төлеу, басқа да жеңілдіктер қарастырған еді.

Жоғарыда аталған «Жұмыс­пен қамту жәрмеңкесі – 2024» барысында ҚазҰМУ түлектеріне еліміздің 20 өңірінен 2 279 бос жұмыс орны ұсы­нылды. Ең жоғары сұра­нысқа ие ма­мандықтарды таратың­қы­рай түссек, жалпы тәжіри­бе­лік дә­рігерлерге – 272 бос орын, жо­ғары білімді медбикеге – 232, жедел медициналық көмек қыз­меткерлеріне – 157, аку­шер­лік және гинекологияға (бала­лар гинекологиясы) – 130, сани­тарларға – 109, терапевтерге – 95, анестезиология және реани­мацияға (ересектер, балалар) – 92, кардиологияға (ересек, балалар) – 92, педиатрларға – 89, радиа­ция­лық диагностика мамандарына (радиология) – 48, жұқпалы ауру­лар бөлімдерінен (бала­лар, ересек­тер) 35 жұмыс орны ұсы­ныл­ды.

Осы арада айта кететін бір жайт, медициналық жоғары оқу орындары арасында ҚазҰМУ 2017 жылы педиатрлар даярлауды бірінші болып қайта бастағандықтан, соңғы жылдары орны ойсырап тұрған педиатр мамандарының қатары көбейе бастағаны қуантады. Деген­мен өңірлерде әлі де салалық дәрі­герлер, гематолог сияқты си­рек мамандық иелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығына, жаңа өн­ді­ріс орындарына мамандар же­тіс­пейді. Дәтке қуат дейтініміз, қалаға айналып қалмай, ауылды жерлерге баруға да пейілді, қабілетті жастар қатары көбейіп келеді.

 

АЛМАТЫ