31 Қаңтар, 2015

Сусамырдың емі – ШҰБАТ 

2324 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
шубат-11 Ғалым Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің естелігінен оқығаным бар еді. Қазақстандағы ғалымдардың бірі, ұлты басқа азамат: «Сіз атақты адамсыз, сөз зергерісіз. Неге ғылыммен айналыспайсыз? Егер қызықсаңыз, көмектесер едім», – деген сыңайда әңгіме айтады. Ғабең сыпайылық танытып, уақыты жоғын себеп етіп, өз ойын сабақтайды. Әлгі азамат Мәскеудегі кандидаттық, докторлық бекітетін ғылыми кеңеспен тығыз байланыс­та болғанға ұқсайды. Он бес одақтас республикалардан күн са­йын, ай сайын келіп жатқан ғылыми жұмыстар. Қаптаған социалистік құрылымның жетістігі, күмпілдеп соғылып жатқан бесжылдықтың шойын балғасының қуаты, тарихи жеңістер. Барлық одақтас елдерге ортақ тақырып. Алдыңғы үш-төрт, соңғы үш-төрт парағын жұлып таста да, өзге авторды қой. Ештеңе өзгермейді. Ғылыми кеңеспен тонның ішкі бауындай әлгі кісі жан қинамай ғалым болғысы келетіндердің ор­та­сындағы делдал. Ақшаңды төле, екі жақ та разы. Бізде талай ақын, жазушылар ондай атақты алып үлгерген. Ғабеңнің қашқалақтап отырған себебі осы. Қызық болғанда, бізде жоғары оқу орны басшыларының ішінде де осы әдісті пайда­лан­ғаны кейінірек, сонау жариялылық жылдары шығып қалды. Бүгінгілерден де «самопал» ғалымдарды байқап қаласың. Ал КСРО, Ресей, Қазақстанның отыздан аса өнертапқыш патенттерінің иесі, елге пайдасы орасан, талай ғылыми жаңалықтардың бастауында тұрған, өзі, отбасылы баласы, немерелерімен қуықтай үш бөлмелі үйде сығы­лысып тұрып жатса да ғылыми бағытынан еш айнымайтын Мұсатілла Тоқанов туралы олай айта алмасақ керек. Шын мәнінде қайран қалам. Ортаншы баласы оңашада кіжініп қояды. «Егер мен әкемнің ор­­нын­­да болсам ашқан ғылыми жаңалықтарды әлде­­қашан сатқан болар едім. Шетелдерден сат деп сұ­рау­шылар бар. Біздің де қабырғамыз бүтін­делер еді». Мен білетін Тоқанов басыңды қазір кесіп алам десе де сатпайды-ау. Ту...у жоғарыдағылардың ерте ме, кеш пе бір қайырылып, ғылыми жобаны қар­жыландыратындығына, өндіріске қосатын­ды­ғына сенеді. Ал жібін тарқатып көрейік. Ресейде Малахов деген мықты бар. Дәстүрлі емес медицина саласының білгірі. Халықтық медицинада білмейтіні жер астында. Ол қатысқан тележобалық хабарларда жұрт теледидар алдында көгендеп тастағандай тырп етпейді. Осы Малаховыңыз бір хабарында «егер кімде-кім қант диабетіне қарсы препарат ойлап тапса, Нобель сыйлығы оны өзі іздеп тауып алады» деген. Тұп-тура солай депті. Міне, қызықты қараңыз, сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып, шақшадай басы шарадай болып жатқанда шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов «дауасын таптым» дейді. Бүгінде академиктерден көз сүрінеді. Ғылым докторларынан да. Ішінде нағызы да, жалғаны да қаптап жүр. Тоқановтың жөні бөлек. Ол академик те емес. Ғылым докторы да емес. Бірақ ғылыми жұмыстары кейбір академиялық орталықтардікінен кем түспейді. Қазір дүниені обыр ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онко­логиялық институтының профессоры Р.И.Якубов­ская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруы­ның алдын алатын лапрот деген препа­ратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лактоферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500-3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек. Аналарымыздың көңіліне келмесін, әйел сауын сиыр емес, конвейерге қойып қақтап сауып алатын. Мұсатілла Тоқанов бұл тығырықтан шығудың жолын тапты. Түйе сүті ана сүтімен құрамдас, лактоферрин ферменті ақуы­зында тепе-тең қалыпта. Түйе сүтін сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда құрт ауруына, ішек-құ­ры­лыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде. 1 литр түйе сүті 400-500 теңге екенін ескер­­сеңіз, обыр ауруына қарсы препарат жасау онша­лықты шығын қажетсінбейді. Бір қызығы, осын­дай жаңалыққа Үкімет тиісінше назар аудармай отыр. М.Тоқанов жеткен жетістіктің байыбына бармай, даңғазалап жүрген біреу шығар дейді-ау, шамасы. 83550865-39E1-4284-AA1F-2B40072A985D_mw800_s Осы Мұсатілла Тоқановты Жапонияның маңдайалды «Эн-Эйч-кей» телекомпаниясының журналистері іздеп тауып алды. Онысы да қызық. Интернеттен ғылыми жаңалығын оқып білген жапондар әуелде Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне телефон шалады. Олар Тоқановты қайдан білсін. Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтейді. Шымкентте деген соң олар осындағы Оңтүстік-Батыс ғылыми-зерттеу институтының сол кездегі басшысы, академик Әбдірахман Омбаевқа сұрау салады. Осыдан соң телекомпания өкілдері Тоқановты табады. Мұхит жалдап қияннан келген қонақтарға Тоқановтың да сауалы бар. «Токио мен Шымкент­тің арасы қанша шақырым?» деп сұрайды. «9 мың шақырым». «Сонша жерден мені іздеп келетіндей мен не іс бітіріппін?» дейді тағы да. Сонда жапондар айтыпты: «Жапонияны дүниежүзінде ешбір мемлекет электроника жаңалықтарымен таңғалдыра алмай­ды. Машина жасау саласында да солай. Ал түйе сүтінен лактоферрин алып жатқан сізді іздеп келуі­міз, ғылыми жаңалығыңыз қызықтырады. Бірге жұмыс жасаймын десеңіз, біздің ғалымдар дайын», дейді. Тоқановқа бұл қызық емес. Талай мемлекет­тен шақырту алған. «Қазақстанда іске асырамын, қазағымның атын шығарамын» деп қадам баспай жүрген өзі. Бірде қызық бол­ды. Астана­дан бір дөкей келген. Көрме залын­да Оң­түстіктегі жобалармен танысқан. Тоқанов­қа берген кеңесі: «Топырлатып патент ала бергенше өндіріске қоспайсыз ба?». Қалтасы көк қағаздан құрғамайтын дөкей жобаға керекті 180 млн. түгілі қалтасында артық 18 мың теңге болмайтын, айлықпен күн көріп жүрген ғалымды миллиардер деп қалса керек. Иә, шетелде болса осы жаңалығымен Тоқанов шын мәнінде миллиардер болар еді. Басқасын сөз етпегенде, мына іргедегі Моңғолия­дан ірі кәсіпкер Г.Нацакдорж Мұсекеңе шығып, патенттерін, технологиясын сатуды сұраған. Бас пайдасын ойласа, Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, адамның қарны жарты таба нанға да тояды дегендей, Тоқановтың бір жырғап қалатын кезі осы еді. Магнитті толқындарды зерттеу еңбектері бір төбе. Оған астық шығымын арттыру үшін тұқымдық дақылды электромагниттік толқынмен егер алдында өңдеуді қосыңыз. Құрғақшылық болған мезгілдің өзінде егіннің түсімін едәуір көбейтіп, бір-екі апта ерте жетілдіріп, минералды тыңайтқыштарды аз жұмсап, кем дегенде 20-30 пайыз артық өнім алу. Облыстық әкімдік мұндай ірі жобаны өздігінен қаржыландыра алмайды. Тиісті министрліктердің жөткірінуге де уақыты жоқ сияқты. «Елбасыға жетсе елге пайдасы тиетін ғаламат еңбек болар еді» дейді шарасы таусылып жүрген ғалым. Қазақ ғылымының жұмысына шетел қолқасы үзілердей болып үздігіп отыр. Біздің осы марғаулығымыздың сырын ешкім түсіндіріп бере қоймайтын шығар. Түйе сүтінің тағы бір қасиеті – адамға күш-қуат беріп, өмір жасын ұзартып, кәрілікті тежейтіндігінде. Дәл қазір Астанада тың жаңалығы бар инновациялық жобаларға Білім және ғылым министрлігі тарапынан ынталандыруға 14 млрд. теңге бөлініп, конкурс өтіп жатыр. Мұсатілла Тоқанов та қатысқан. Мұндағы негізгі түйін жұмыстың маңыздылығы, ғылыми жаңалығы, халыққа пайдасы, т.б. Адам ағзасын түрлі улы қалдықтардан тазартып, қартаюды тежейтін, жасартатын күш, түйе сүтінде екенін дәлелдеген Тоқанов аталған конкурсқа: «4. Өмір туралы ғылым, 4.1 Қартаю мәселелерін шешуге және адам өмірін ұзартуға арналған жаңа технологиялар, «Адамның қартаюын тежеу, өмірін ұзарту мақсатында түйе сүтінен жасал­ған емдік қасиетті табиғи қоспалар қосыл­ған қышқылсүт өнімдерін инновациялық техно­логия­мен өндіру» жобасымен конкурсқа қатысып жатқанымен 18 балл алды. Неге? Басы ашық сұраққа ғалым өз ғылыми жұмы­сының құпиясын ашпағандығымен түсін­діреді. Ол былай. Егерде, ішкі қыртысына дейін ғылыми жаңалықтың әдістемесімен техно­логиясын ашып айтсақ, әрі қарай ғалым­ның өзі керегі жоқ, шала-шарпы сауаты бар лабо­рант­тардың өзі-ақ практикалық кәдеге асыра береді. Менікі еді деп шашыңды жұлып, ойбайлаудың қажеті жоқ. Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір неміс қымызға, бір өзбек ағайын қазыға патент алыпты дегенді естігенде ызадан қылғынып қала жаздағанбыз. Реті келгенде сертификат беретін өзіміздегі министрліктің өкілінен сұрадық. «Оның еш қиындығы жоқ, – деген ол. – Жылқы етін жейтін француз қамырға қияр қосып ағзаға сіңімді болады деп дәлелдеп, Қазақтың «бесбар­мағына» патент алды. Өйткені, ол жаңалық енгізді ғой». Түйе сүтінен Тоқанов ұзақ жылдар ізденіп тап­қан дәруді ақпараттарда дәріптеп жүргенде, осы­лайша бір пысық оңай иемденіп кете береді екен. Мұсатілла Тоқановтың да аузы сан мәрте күйген. Америкада қатерлі ісік ауруымен ауыр­ған, өзінің бұл дерттен айықпасына көзі жет­кен қалталылар «түбінде осы аурудың емі табылғанда оятасыңдар» деп өзін сұйық азот бесігіне салып ұйықтатып тастауға келісім береді екен. Ақшаға, әрине. Бүгінде АҚШ-да жүздеген адам арнайы сұйық азотты мұздатқыштарда, асыл тұқымды малдардың ұрықтары сияқты сақталып жатыр. Мұның Қазақстанға қандай қатысы бар дерсіз. Бізде көп мөлшердегі етті мұздатқышқа сақтау түбінде дәмін бұзады, арасындағы кіреуке мұз еттің жасушаларын ыдыратып, тәтті сөлі ағып, еріп кеткен соң, жаңқадай болып қалады. Сайрамдағы ет, консерві зауытының басшылығы ғалымдарға өтінішпен шығады. Ол кезде жас ғалым Мұсатілла Тоқановтың аты дүрілдеп шығып тұрған шағы. Украиналық академик Борис Еремеевич Веркин, ашық космосқа жол ашқан Королевтің иықтас досы, қоян-қолтық жұмыс жасаған әріптесі. Академияға практикаға барған Мұсатілла Тоқановты ізденгіштігі үшін айрықша жақсы көрген екен. «Бұл жас жігіт түбінде Қазақстан мен Орталық Азияның алтын қақпасын ашады» дегенді жиі айтыпты. 1200 конструктор, 4,5 мың ғалымдар жұмыс жасайтын жабық институтта тәлім алған Тоқанов етті сұйық азотпен сақтаудың технологиясын жасап шығарады. Еттің тәтті сөлінде мұз жоқ, еттің дәмі бұзыл­майды. – Сайрамдағы машина жөндеу зауытының директоры өзбек азаматы еді, – дейді ол. – Еңбегіме құлап түсті. Бірге жұмыс жасайық, бар­лық көмек болады деп сендірді. Тоқановтың идеясымен ГаЗ-53 маркалы автокөлігіне сұйық азотты қондырғы орнатылған рефирижатор жасақталып, шығарыла бастайды. Іс біткенше бәйек болып, барса алдынан қолын қусырып күтіп алып, шәй құйып беретін әлгі басшы іс біткен соң Тоқановтан қашқалақтай бастайды. Кеңсесінде сағаттап күттіріп қояды, шыға қалса «Ойпырым-ай, келгеніңізді айтпа­дыңыз ба, мен жиналысқа асығып бара жатыр едім», деп сырғақсып ұстатпайды. Тоқанов та баруды доғарды. Бір күні әлгі азамат жаңа техниканы енгізгені үшін «Қазақ­станға еңбегі сіңген инженер» атағын алғанда ғана сырын түсініпті. Аузы күйген ғалымның өз ғылыми жұмы­сының жаңалығын бақайшағына дейін ашып көрсете алмауының мәнісі осы. КСРО кең қолтық мемлекет еді ғой. 15 одақтас республиканың ғылыми орталықтарына бір-бір ғылыми журнал ашып берген. Жас техник, жас ғалым, жас инженер деген салаларда, жеке-жеке журнал. Әлем­дегі жаңалықтарға сергек қарайтын Жапон мемлекеті одақтас республика ұлтының тілін білетін, арнайы оқытылған маман-ғалымдарына құнды еңбектерді зерттеуді тапсырған. «КСРО-да мықты ғалым бар, олардың идеясын жүзеге асыратындай заманауи қондырғылары, лабора­ториялары жоқ. Ал жапондарда бәрі бар», дейтін көрінеді. Сол жапондарыңыз Тоқановтың еңбегін орыс тілінде оқып, Токиодан телеқондырғыларын арқалап жетіп келгенін, жоғарыда айттық. Қазір ғылым докторы деген түк те болмай қалды. Өзіміздің қатарда жүрген, бір досымыз де ғылым докторы. Анимация саласындағы ізденістерін ағылшын тіліне аударып, шетелдік жур­налдарда жариялатқан. Беріпті. Атақ. Анима­ция көпшілік тақырып. Ал қазақтың малының басы зеңгі баба тұқымы­ның бар қасиетін ағылшын тіліне аударып, тырнақ қыртысына дейін аршу кімге пайда, кімге зиян?! Жақында мемлекеттің есебінен салынған ғаламат құрылыстан жонып жеп, 1 млрд. 200 млн. теңгені апандай аузына сыңғытқан ірі шенеунік ұсталды. Майлы қасықтай жылпылдап «мемлекеттің әр тиынының сұрауы болады» деп жүріп миллиардтарды қылғытып жүргендер қаншама. Соларды көріп отырып ойлайсың, сол ұрлан­ған ақ­ша­лардың бір пайызы осы Тоқановтың қолында бол­са, түйе сүтінің қасиетін айтып ғалым басын тау­ға да, жерге де ұрмас еді, біз де таусыла жазбас едік. Мәселен, Америкада Тоқанов сияқты ғалым­дардың ғылыми жаңалығының маңызды­лығына байланысты, шұғыл түрде 20-30 әртүрлі саладан маман ғалымдар топтастырылып, ғылыми жаңалықты өндіріске енгізілуге тырысады. Ғалымның бар еңбегін шетелге сатып жібер­генін күтіп жүрміз бе? АҚШ-та ғылыми жаңалығыңды дәлелдеп, патент алу құны 20 мың доллар тұрады. 20 мың түгілі 200 доллары жоқ, түйе сүт өнімдерінің 8 патент иесі ғалымның қазіргі жағдайы «тауға да бардым, одан да шықты жаңғырық» қана. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ; бірінші­ден, түйе малы ащы, улы, қой, сиыр, жылқы малы жемейтін шөптермен қоректенеді. Улы өсімдіктер, бактерия, вирусты жоятын күшке ие. Түйе сүтінің емдік болатының бір себебі осы. Екіншіден, түйе сүтінде майлы, майда түйіршіктер болатындықтан адам организміне ана сүті сияқты сіңімді. Үшін­ші­ден, ең басты ерекшелігі биохимиялық қасиеті альбуминді болуына байланысты ана сүтіндей. Сиыр сүті биохимиялық жағынан казиенді (желім сияқты) болуына байланысты кейбір адамдардың ағзасына жақпайды. Ұйқы безінің жұмысын нашарлатады. Аллергия, қант диабеті секілді ауруларға бейім болады. Төртіншіден, қазақта «түйе малы-кедейдің малы» деген ұғым бар. Сиыр, қой, ешкі түліктері сияқты күтім тілемейді, шөлді далаларда да өмір сүре береді. Бесіншіден, жылқының қымызы – дәрі. Көп ауруға ем. Бірақ, қан қысымын көтеріп жібереді. Асқазанда гастрит, язва секілді аурулар болса ішуге болмайды. Ал түйе сүті-қан қысымын түсіреді, асқазандағы жараны емдеуге сеп. Ғасыр дертіне ем болатындай ғылыми жаңалық бар. Оның иесі басқа емес, қазақ ғалымы. Орасан қаржы да талап етпейді. Құдай-ау, енді қашанға дейін күтуге болады?! Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша; әрбір 10 секунд сайын бір адам дүниеде сусамыр ауруынан көз жұмып, жылда 4 миллион адам өмірімен қоштасады екен. Тәтті ауруға шалдыққан адам дұрыс ем қабылдамаған жағдайда, қан-тамыр аурулары: инфаркт, инсульт­тен адам өлім-жітімі 5 есеге артады. Әрине, Тоқанов жалғыз емес. Сенатор Қуаныш Айтахановтың ауыл шаруашылығы саласында білмейтіні жоқ. Еңбегін айтсақ, ұзап кетеміз. Сол айтулы азамат барынша жәрдем­десіп жатыр. Қазір дүниежүзілік дағдарыс құрсаудан қысып жатқанда қаржы қайда деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Кем дегенде бір ауылда бір балабақша кешігіп салынар. Әжесінің етегінде ойнап өскен балдырған бір жыл кешігіп барар. М.Әуезов атындағы ОҚМУ Агроөнеркәсіп кешені мен су қоры ғылыми-зерттеу институты­ның директоры Мұсатілла Тоқановтың алдына қойған мақсаты, егерде менің берген ғылыми жобам: «Адамның қартаюын тежеу, өмірін ұзар­ту мақсатында түйе сүтінен жасалған емдік қасиет­ті табиғи қоспалар қосылған қышқылсүт өнім­дерін инновациялық технологиямен өндіру және ЭКСПО-2017-ге түйе сүтінен жасақталған, емдік қасиет­ті брендтік өнімдерді көрмеге қою!» дейді. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.