Тоқсан жылға жуық тарихы бар хайуанаттар бағында жан-жануарлардың 300-ден астам түрі тіршілік етіп жатыр. Бүгінде олардың саны 3 мыңнан асады.
«Алматы хайуанаттар бағын мекендейтін жануарлар туралы сайт әзірлеу жайындағы жоспарымыз омыртқалылар зоологиясы бойынша дәрістердің бірінде туындады. Ресурсты қолға алмас бұрын, сараптама жұмысын жүргіздік. Сол кезде хайуанаттар бағының бай тарихы мен онда мекендейтін жануарлар туралы кең мәлімет беретін ақпараттың жоқтығына көз жеткіздік. Жоспарымызды әбден жетілдіріп алғаннан кейін биология кафедрасының доценті Күміс Батырованың жетекшілігімен сайт әзірлеу туралы тоқтамға келдік. Жетекшіміз ақпаратты пайдаланушылардың әртүрлі жас санаттары үшін түсінікті және қолжетімді болатындай етіп сайтты жетілдіруге көмектесті. Бұл, әсіресе білім ресурстары үшін маңызды болатын. Ресурс тақырыптық бөлімдерге бөлінген. Онда жыртқыш құстар, приматтар, экзотариум, тұяқтылар, жыртқыш сүтқоректілер сияқты жануарлардың жеке топтарына арналған бөлімдер бар. Сайт қазіргі кезде тіршілік ету ортасы, таралу аймағы, мінез-құлық ерекшеліктері және әр жануарға, құстарға қатысты қызықты фактілермен толықтырылып жатыр. Суда, құрлықта мекендейтін әрбір тіршілік иесінің экожүйедегі рөлі, табиғаттағы рөліне қатысты барынша ақпарат берілген. Мысалы, әлемде жыртқыш құстардың 250-ден астам түрі болса, олардың 39-ы Қазақстан аумағын мекен етеді. Құстардың 33 түрі еліміз аумағында жұмыртқа салып, көбейетін болса, 16-сы Қызыл кітапқа енген», дейді сайт әзірлеушілерінің бірі Камила Мереке https://almatyzoo.wixsait.com/almatyzoo.
Сайт биолог мамандарды даярлауда оқу бағдарламаларын тиімді үйлестіруге болатын білім беру ресурсы бағытын да ұстанады. Коллекциялық материалды зоология, жануарлар экологиясы, биогеография, тіршілік ортасына қатысты ақпаратты зерттеуде пайдалануға болады. Қазіргі кезде хайуанаттар бағын мекен ететін жан-жануарлар, құстар тіршілігі студенттер, мектеп оқушылары және табиғат әуесқойлары үшін де өте қызықты ақпараттармен толығып жатыр.
«Сайтты әзірлеу барысында хайуанаттар бағы туралы көзқарасымыз түбегейлі өзгерді. Бұрын хайуанаттар бағын ойын-сауық пен демалыс орны деп қабылдап келсек, кеңейтілген ақпарат алғаннан кейін биоәртүрлілікті сақтау мен қорғауда біз біле бермейтін ауқымды жұмыстардың істеліп жатқанына көз жеткіздік. Жұмыстың ең қызықты кезеңі хайуанаттар бағына бару және оның қызметкерлерімен пікірлесу болды. Бұл жай ғана экскурсия емес, хайуанаттар бағының мамандарымен кеңесіп, әр жануар туралы ақпарат қорын жинақтауға мүмкіндік алдық. Әсіресе мәтіндермен көп жұмыс істеуге, күрделі терминдерді жеңілдетуге және түсініктеме қосуға тура келді. Сондай-ақ әрбір түр туралы деректерді іздеу, сирек кездесетін жануарлар туралы ақпараттарды жаңартып отыруда көп ізденіске жол ашты», дейді Яна Филатова.
Сайтты дамыта отырып, хайуанаттар бағына жаңадан әкелінген жануарлар, құстар жайында ақпарат қосуды жоспарлап отырған жұмыс тобы интерактивтілігін арттырып, хайуанаттар бағына виртуалды турлар, қызықты нұсқаулықтар қосуды ойластырып жатыр.
АЛМАТЫ