Ғылым • 21 Қараша, 2024

Ұстаз тәлімі

102 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбие алатын ұстаздың тұлға­сы қашанда биік. Ол сезім мектеп жасынан басталып,­ кейін жоғары оқу орындарында білім алып, маман болып қалыптасқан кезеңде де, ғылым жолына түсіп, сол салада алғашқы қадам жасағаныңда да жалғаса береді. Себебі осы уақыттың барлығында да алғашқы кеңесші болатын ұстаз қасымыздан табылады. Менің өмір жолымда да осындай аяулы жандар көп болды.

Ұстаз тәлімі

Солардың ішіндегі біре­гейі, тарих ғылым­да­рының докторы, профессор, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының акаде­мигі, ұстазым Тілеген Садықұлы. Ал­­дың­­ғы буын ағалардың өмір жолы екі тарихи кезеңде – кешегі кеңестік дәуір мен бүгін­гі тәуел­сіздік заманында қалып­тас­ты. Ұстазымның да өмір тарихы осылай өрбіді. Қарағанды об­лы­­сының шалғайында жатқан ауыл мектебін бітірген ағамыз ар­ман қуып, 1972 жылы елімізде ашыл­­ған екінші жоғары оқу орны – Қарағанды мемлекеттік уни­­вер­ситетіне түсіп, тарихшы ма­мандығын алды. Тілеген аға­ның та­рих ғылымына деген қы­зы­ғу­шы­лығы студенттік кезден-ақ бай­­қалып, кейін оның берік ұста­ны­мына айналды. Жоғары оқу орын­дарында еңбек жолын бас­та­ған сәттен бастап, осы мақсат оны ғы­лыммен кәсіби айналысуға ба­ғыт­тады.

Ғылымның биігін бағынды­рудың алғашқы қадамы Тілеген Садықұлы үшін 1980 жылы, яғни сол уақыттағы бұрынғы кеңес одағындағы жоғары мектеп­тің көш­бас­шысы саналатын М.В.Ломо­носов атындағы Мәскеу мем­ле­кеттік универ­ситетінің аспирантурасына қабылданудан басталды. Университеттің тарих ғылы­мының салалары бо­йынша марғасқа ғалымдарынан білімін шыңдаған ол сол кезеңдегі Қазақстан өнеркәсібінің, оның ішінде энергетика саласының тарихын зерттеуге ден қойды. Өнеркәсібі кеңінен құлаш ұрған еліміз үшін сол кезеңдегі маңызды тақырыптардың бірі еді. Ғалымға архив материалдарын көптеп қопаруға тура келді. Сонымен қатар кеңестік дәуірдің идеологиялық қатаң талабына сай тақырыпқа қатыс­ты рес­ми құ­жат­тарды да саралап, оған объек­­тивті баға беру де оңай болған жоқ. Дегенмен Тілеген аға таңдаған тақырыбын табандылықпен ММУ-дың дис­сертациялық кеңесіне шыға­рып, сәтті қорғады. Кеңес құра­мындағы білікті ғалымдар оң бағасын берді. Міне, Тілеген Садықұлы осы қорғаудан кейін «тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесіне ие болып, елге марқайып оралды.

Ғылыми атақ, дәрежелері бар мамандары жеткіліксіз Жезқаз­ған облы­сындағы жалғыз жоғары оқу орны – пединституттың қарбалас тіршілігі Т.Садықұлын қызу еңбек майданына араластырды. Факультет деканы, ғылым жөніндегі проректор қызметтерін атқара жүріп, ғалым зерттеу жұмысынан қол үзген емес. Ғы­лыми мақалалары мен оқу-әдіс­темелік кітаптары ұдайы жарыққа шығып тұрды. Сонымен қатар Т.Садықұлы облыс көлемінде ғы­лыми-танымдық форумдардың өт­кі­зуіне де ұйытқы болды. Жез­қазғанда тұрақты түрде «Мар­ғұлан оқулары» ғылыми халық­аралық форумы өткізіле бастады. Тілеген аға осындай ғылыми-танымдық ұйымдастыру шараларын облыстық партия комитетінде жауапты қызметте де, екі институт біріктіріліп, Ө.А.Байқоңыров атындағы өңірлік университеттің проректоры қызметтерін атқарған кезде де тоқтатқан емес.

Осы жылдары Тілеген Садық­ұлы Ш.Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этно­логия институтында ғылыми тағылымдамадан өтіп, көрнекті ғалым, тәуелсіздік кезеңінде салалық ғылымының туын көтерген ака­демик Манаш Қозыбаевтың же­тек­шілігімен докторлық дис­сер­­тациясын да­йындады. Орта­лық Қазақстанның бір жарым ға­сырлық өнеркәсіп тарихына арналған диссертациялық тақырыпқа ғалымның тоқталуы кез­дейсоқ емес еді. Ұлытау-Жез­қаз­ған өңірінде қызмет еткен ширек ғасырлық уақыт ішінде Тілеген Садықұлы осы аймақтың көне, ортағасырлық тарихына ғана тоқталмай, сонымен қатар өңірдің жер астында тұнып жатқан қазына байлығының тарихына үлкен қызы­ғушылық білдірді. Жезқазған жерінің мол байлығын жете зерттеген қазақ­тың біртуар перзенті, Қазақ ғы­лым академиясын құрып, оның тұң­ғыш президенті болған Қаныш Сәтбаевтың еңбектерімен жан-жақты танысты. Еңбек жолын Жез­­қазған аймағында бастап, ұзақ жыл осы қазыналы өлкеде қыз­­­мет істеген Қ.Сәтбаев өңірдің қазба байлығын адамзат баласы сонау көне заманнан-ақ тапқанын, тіпті сол уақыттың өзінде 100 мың тонна­дан 200 мың тоннаға дейін мыс өндірілгенін анықтады. Геологиялық барлау партиясын басқарып жүрген кезде Қаныш Сәтбаев өңірдегі мыс кен байлығы жөнінен КСРО бойынша бірінші, ал әлемдегі елдер ішінде үшінші орын алатынын дәлелдеді. Ұлы ғалымның осындай жан-жақты тұжырымдамаларымен жақын танысқан Тілеген Садықұлы осы тақырыпты тәуелсіздік кезеңінің сұранысына сай әрі қарай зерделеу қажет деген тұжырымға келді. Ғылыми кеңесші академик М.Қозыбаевтың келісімін алған ол зерттеу жұмысына қызу кірісті. Талай архив құжаттары ақтарылды. Қаныш Сәтбаевтың қызы Мейіз Қанышқызының рұқсатымен Орталық мемлекеттік архивінде сақталған оның жеке қорын­дағы материалдармен танысты. Тілеген Садықұлы тақы­рып­ты зерттеу барысында өткен ғасыр­дың қаралы кезеңі – 30-50 жыл­дардағы қуғын-сүргін саясатына, қазақ даласына қасірет әкелген азап лагерьлері – Гулаг жүйесінің тарихына да тоқталды. Осы кезеңде өлкенің мол кен байлығын игеру тегін жұмыс күші – лагерьлердегі мыңдаған жа­зық­сыз жанның күші­мен өнді­рілгені зерттеуші­нің назарынан тыс қалған жоқ. КарЛаг, СтепЛаг секілді азап лагерьлерінің тарихы да зерттелді. Профессордың «Сарыарқаның мыс алабы» атты монографиясы осы бағдарда. Ғалым докторлық дис­се­р­та­­­ция­сын 1999 жылдың сәуір айын­­да Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­ти­тутының диссертациялық кеңе­сінде қор­ғады. Ғылы­ми кеңесші академик Манаш Қозы­баев, кеңес мүшелері академик­­тер Кеңес Нұрпейісов, Мәлік Асыл­беков, білікті ғалымдар Кемел Ақы­­­шев, Жәкен Таймағамбетов, т.б. диссертацияның ғылыми құн­­­дылығын жоғары бағалады. Бұл табыс ға­лым­ның ғылым асула­рын­дағы бағын­дыр­ған екінші үлкен белесі еді.

Елордамыз көр­ке­йіп, нығая бастаған кезде аймақ­тардан орта­­лыққа қоныс аудар­ған басқа білікті ғалымдар қата­рын­­да Тілеген Садықұлы да Л.Н.Гуми­лев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­си­те­тіне қызметке шақырылды.

Астанамен бірге қалыптасып, көркейген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетпен бірге жасасып, ыстығына күйіп, суығына тоңып қарқынды еңбек етіп келеді десек, артық айтқандық емес. Осы ілгері оқу орнында әртүрлі лауазымдық қызмет ат­қарды. Кафедра мең­ге­ру­шісі, факультет деканы, прорек­тор болып, әріптестері мен шәкірттерінің құр­метіне бө­ленді. Осы бағыттағы ғалым, ұстаз, ұйым­дастырушы ретінде еселі еңбегі 2013 жылы «Халық тарих толқы­нында» атты мем­лекеттік бағдар­лама аясында тарих факуль­те­тін қайтадан дербес құрылым ретінде бөліп шығаруға үлес қосуы еді. Өзі осы факультетті 10 жыл бойы үздік­сіз басқарды. Факультет дер­бес­тік алғаннан кейін жыл са­йын тұрақты өткізіліп отырған «Гумилев оқулары» халықаралық форумы, Тарихшылардың ұлттық конгресі сияқты іс-шаралар, бастамалар тарихшылардың беделін көтерді, тарих ғылымына деген қоғамның сенімін арттырды. Міне, осы ауқымды жұмыстың басы-қасында Тілеген Садықұлы жүрді. Ғалымның үлкен мақтанышпен айтатыны – өзінен білім нәрімен сусындап, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірт­тері. Ағамыздың жарты ғасырға жуық еңбек жолында алдынан мыңдаған шәкірті өсіп шығып, қазір білім, ғылым, мем­ле­кеттік қызмет салаларында табыс­ты еңбек етіп жүр. Оның өзі айт­қа­нын­дай, кейінгі он жылда ол бас­қарған диссертациялық ке­ңесте 50-ге жуық жас тарихшы ға­­лым­­дар диссертацияларын табыс­­ты қорғап, PhD атағына ие болды. Сол жас ғалымның бірі менмін.

Бүгінге дейін ғалымның қолы­нан қаламы түскен емес. 7 монография, оқулық, оқу құ­ралының, 300-ден астам ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы. Халықаралық жоғары рей­тингті журналдарға шыққан еңбектері де баршылық. Тілеген Садық­ұлының ғылымдағы жетістіктері жалғаса береді деп сенеміз.

 

Әсемгүл ТЕМІРХАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті

ғылыми кеңесінің хатшысы, PhD