Тарих • 22 Қараша, 2024

Мәмбет аталық

136 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ресейдің көптеген архив жазбасы мен ХVІІ-ХVІІІ ғасырларды қамтыған сирек кездесетін кітаптарында есімі қалған Мәмбет аталық өз заманының айтулы тұлғаларының бірі болды. Орыс елшісі полковник А.Тевкелевтің жазбаларында, жазушы А.Сергеевтің «Петербургский посол», даңғайыр жазушы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбайдың «Елең-алаң», «Үркер» атты романдарында да Мәмбет аталық туралы деректер келтіріледі. Сондай-ақ Орынбор облыстық архивінің №6, Орынбор шекара комиссиясының №4 қорлары мен басқа да архив қорларында аталған тұлғаға қатысты жазба-құжаттарды молынан кездестіруге болады.

Мәмбет аталық

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәмбет аталық – кейде би деп те айтылады, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, өз ортасында шоқтығы биік тұрған тұлғалардың бірі. Ол кезінде қазақ даласындағы түрлі оқиға­лар­ға белсене араласқан. Қазақ хандығы­ның одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қос­қан, өзінен бұрынғы билер мен батыр­лар­дың ісін жалғастырушы. Ресей патша­лығы қазақ даласына еніп, үстемдік құра бастаған тұста басқа да би, батырлар­дың қатарында Әбілқайыр ханның қасынан табылған.

Мәмбет аталықтың ханға қарсы шық­қан би мен батырлардың алдын кес-кестегені туралы жазушы Александр Сергеев «Петербургский посол» кітабында былай деп жазыпты: «Уа, ағайын! – деп айқай салды ол. – Мен Әбілқайыр хан мен оның орыс досы, құрметті Кутлу-Махметті ақтап алудан аулақпын. Енді сендер біздің туысқандарымызды кімдердің өлтіргендерін білесіңдер. Дұшпандарымыз мұндай қарау істерін бізді орыстармен мәңгілікке ұрыстыру үшін жасады... Ханның сөзінің жаны бар. Біз оның айтқандарымен келісеміз деп шештік. Егер «иә» десеңдер, ант қабылдайтын боламыз!». Сөйтіп, ант қабылданып, қаза тапқандармен қоштасу рәсімі жалғасқан.

Бұлғақтан туған балалардың үлкені Бәйімбет бастап, қалғандары қостап, Мәм­беттің билікке араласуына ықпал ет­кен. Ел ішінде «Бес Бұлғақ» аталған олар ауыз­біршілік таныта білген. Сөйтіп, Мәм­бет жастайынан билікке араласып, оның есімі кіші жүз қазақтары арасында белгілі бол­ған. Бірде батыр есебінде қол бастаса, енді бірде би аталып, Әбілқайыр хан отбасына қамқоршы, тәрбиеші ретінде танылған.

Аңыз әңгіменің артында шындық оқиғалар тізбесі жатады. Ол өткен тари­хымыздың ауыздан-ауызға тарап жеткен шежіресі, яғни жазба тарихтың негізі. Сондықтан ел аузындағы әңгімелерді ой елегінен, тарихи деректер сүзгісінен өткізіп барып пайдаланғанда ғана мол қазына рухани байлыққа айналмақ.

Ел ішінде есімі аса құрметпен аталатын тұлғаның бірі шөмекей Мәмбет аталық десек, сәйкесінше оның есімі Сыр мен қыр арасында жиі айтылады. Бірақ бүгінде бабамыздың атқарған қызметтері, ұлағатты сөздері мен тәрбиеге байла­нысты кеңестері туралы үзік-үзік деректер ғана бар.

Мәмбеттің адамгершілігі мен ақыл­дылығына тәнті болған халық оның есі­міне аталықты қосып айтады. Аталық Шығыс елдерінде, жалпы, қазақ елінде де қамқоршы, ақылшы деген мағына береді. Нақты айтсақ, бұл атақ ханның ұлдарын тәрбиелеуші дегенді білдіреді. Кейін­нен хан сарайындағы шендік атаққа айнал­ған. Ел басшысының отбасына аталық кеңес беру екінің бірінің қолынан келе бермейтінін ескерсек, Мәмбет бабаның ірі тұлға болғанын пайымдаймыз. Мәмбет әрдайым Әбілқайыр ханның қасынан табылып, көрші орыс патшалығымен дұ­рыс қарым-қатынаста болуына атсалысты.

Мәмбет аталық жөнінде Әбіш Ке­кіл­байдың «Елең-алаң» атты тарихи кіта­бын­да: «Төртінші күн дегенде тойдың та­рағанын паш еткендей тай-тұяқ бастаған тоғызды жетелеген Кедей, Жайылған, Бақа, Киікбай тобы Ырғыз бетке жылыстап шыға берді», делінсе, әрі қарай: «Хан басын көтеріп, жан-жағына қарады. Қасындағы Мырзатайды шынтағымен қағып былай ығыстырып, әржағындағы Айбастың Арыстанбайын иек қағып, өзіне шақырды: «...Жиырма бес алшынның жанға-малға кенделігі жоқ, ең нуының бірі шөмен еді. Олар нағып тап мұндай жүдеу келгендеріне түсінбедім. Рас, ұсақ үш шөмекейдің қамшысы түгелге жуық. Бірақ осы үшеуінің бәрі қосылып бір Бозығұлдың қарасын толтыра алмай тұр ғой. Сіздің сол көп ауылдан Келдібайдың екі төлі Киікбай екеуіңнен басқа ешкім көзге түспеді. Не ойлағандарың бар еді? Жалтырдың төрт бұйда ұстары – Жәдік, Алман, Шыбынтай, Кенже, Қаратамыр Мәмбет, Балқы Бәйбек шөмен атамның көшін арқар ұрандының қай ауылының күлінің басына апарып шөгерейін деп жүр?.. Әйтпесе іргедегі Ырғызда тұрып, аттарының аяқтарына жем түсе қояды дейсің бе? Әлде көкіректері көлдеудегі көп жылқының пысқырғанына күпті ме?», дейді Әбілқайыр (171-бет). Міне, осылайша Әбілқайыр хан көп шөмекейге емес, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға өкпесін айтқан.

1738 жылдың 3 тамызында Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.Та­тищевтің қабылдауында болған Әбіл­қайырдың 12 биінің бірі – Мәмбет ата­лық. Яғни ант берген ру ақсақалдарының ішінде (56 адам) Мәмбет аталық Бұл­ғақ баласы да болған. Оның есімі тізім­де төртінші тұр. Кіші ордадан: Алшын шөмекей руынан Мәмбет Бұлғақов­тың (Қазалы және Ырғыз уездері атынан) ант беруге қалай қатысқаны жазылған. Ант қабылдау құжатына Әбілқайыр хан мен баласы Ералы сұлтанның мөрлері, билердің таңбалары басылған. Бұл туралы М.Сералиннің «Айқап» журналында 1913 жылы жарияланған «Қазақ қай заманда Россияға қосылған?» атты мақаласын оқып танысуға болады. Жазба деректерде осылай делінсе, ауызша деректер де бұдан алшақ емес.

Мәмбет аталық шамамен 1690-1759 жылдарда өмір сүрді деп топшылауға бола­ды. Ол туралы айтқанда, жазғанда оның шығу тегі мен жасы ғана емес, қазақ халқы үшін атқарған еңбектерін, халық ісіне аралас­­қан саяси қайраткер болғанын қалың қауым­­­ға жеткізу абзал. Біріншіден, Еділ бойын­­дағы қалмақ­тар мен башқұрттар, түрікмен­дер, Жоң­ғар Алатауындағы қоңтай­шы­лар елді бү­ліншілікке ұшыратқан тар кезең­де Әбілқайыр көршілес іргелі ел Ресей­дің қамқорлығына жүгінбек бол­ған­да, сол тұстағы хан саясатын қолдаған адам. Екіншіден, ханның кейбір саясатына келіспеушілігін де білдіріп отырған. Бұ­дан Мәмбет аталықтың хан мен халық арасында ықпалды адам болғанын тани түсеміз.

Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан ке­йін оның орнына Нұралы сұлтанды хан сайлауға генерал-губернаторға арнайы хат жазып, үндеуге қол қойғандардың басы Жәнібек Тархан еді. Ал сол үндеуге қол қойғандардың бірі – Мәмбет аталық. Осының алдында (1748 жылдың 21 қыр­күйегінде) Бопай ханшаға көңіл айтуға Нұралы сұлтанмен бірге келген жүз адам­ның арасында қаратамыр Мәмбет аталық та болған. Және ол Әбілқайыр ханның өлі­мін анықтаған төрт бидің бірі еді. Ханды өл­тіргеннен кейін Барақ сұлтан елден кө­шеді. Бұлай қашып-пысып жүруді ар санаған Барақ өзінің ісін қарауды ұсынады. Істі қараған төрт бидің біріншісі Бағаналы найман руының бас биі Олжабай (кейде Өтебай деп те жазылады), Әлімнің төртқарасынан Қартоқа, Қозанай билер, шөмекей биі Мәмбет аталық. Олар құн төлетумен шектеліп, істі Барақ сұлтанның пайдасына шешеді. Бұл деректер Орынбор экспедициясының бастығы В.Татищевтің «Экстракт из полученных известиев о киргиз-кайсацких и башкирских обрасеннах» деген жазбасында бар. Жалпы, орыс-қазақ қатынастары мен Мәмбет Бұлғақұлының есімі (архивте Булгаков) 1730-1731 жылдардан бастап-ақ көрініс береді.

Әбілқайыр хан орыс елшісі полковник А.Тевкелевті қабылдаған тұста басқа да би, батырлармен бірге Мәмбет те болған. 1736 жылы ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің Орынбор экспедиция мүшелерімен бірге Әбілқайыр хан ордасында болған кездегі жазбалары 1741 жылы Санкт-Петерборда жарияланған. Толық нұсқасы 1784 жылы неміс тілінде Ригада басылған. Бұл еңбек 1996 жылы қазақшаға аударылды. Осы кітаптың 32-бетінде 1736 жылдың 22 шіл­десіндегі жағдай жазылыпты: «...Содан төрт-бес сағат бойы киіз үйлі ауылдар арқылы жүріп отырдық. Қасыма еріп келе жатқан елшілер саны он төрт кісі болатын. Олардың есімдері Байбек батыр, Шағырбай батыр, Жандәулет, Құрманбай, Ақмолай, Лақа, Мамыт (Мәмбет), Алтай, Әбілқайыр ханның жасауылы Қалыбек, Жәнібек батырдың елшісі Лепес және басқалар».

Осы кітаптың 47-бетінде «Осы айдың алтысы күні (тамыз айы) Байбек пен Мәмбет Әбілқайыр ханның маған жіберген сыйлығын алып келді. Ішінде барқытпен тысталған бір малақай (тымақ), бір пар ақ сисадан тігілген шалбар, бір пар қара шегрен етік, бір қылыш және ұзындығы үш жарым аршын цилиндрлі түтік, бір оқшантай бар... Сол күні кешке қырғыздың (қазақтың) барлық елшісін, ханның ұлын, Ташкенттің елшілерін (бәрі қырық кісі) қонақ еттім, сый-құрмет көрсеттім», деп жазады Джон Кэстль.

Ағылшын суретшісі қазақ ханының отбасын, айналасындағыларды және қа­зақтың салт-дәстүрлерін жаза отырып, хан­ның қасындағы би-батырларды да естен шығармаған. Соның бірі – Мәмбет аталық. Тіпті Мәмбет Бұлғақұлы Джон Кэстльді Самараға дейін шығарып салып, обер-секретарь Кириловпен кездесіпті.

1738 жылғы В.Татищевтің жазбаларында: «10-ы күні Қырғыз-қайсақ ордасына құпия кеңесшінің бұйрығымен жіберіл­ген башқұрт старшинасы Таймас-тархан, онымен бірге Орта орданың Әбілқайыр ханы аттандырған Жәнібеков, Кіші орда­ның Байрақ биі тоғыз адаммен жіберген Бөкенбай батыр келіп жетті», деп жазылған. Осындағы 9 адамның бірі Мәмбет аталық (23-бет).

1748 жылдың қазанында патшайым Елизаветаның атына ұсыныс жолдаған­дар туралы «Ресейдің қырғыз-қайсақтар­мен қатынасы» атты істе сақталған, осы құжаттың №1 тізіміне Тулақ би, екіншісі­не Кедей би, үшіншісіне Мәмбет аталық таңбасын басқан. Дәл сол жылдың сол айында қазақ елінің хан-сұлтандары, би-батырлары бас қосып, жоңғарларға қарсы ұрысты аяқтау туралы кеңес өткізеді. Осы жиынға Мәмбет батыр да қатысқан. Ол бір айдан соң Батыр сұлтанды ақ киізге көтеріп, хан сайлағандардың қатарын­да да болады. Бұл деректі Смайыл молда Әбдіразақов жазып қалдырған. Демек, Мәмбет аталық кейде екіұшты бағыт ұстанғанын байқаймыз. Мұның алдында ғана ол Кіші жүздің көптеген биімен ­бір­­­ге Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтанды хан етуге ұсыныс жасағаны белгілі.

Сонымен қатар Мәмбет аталық Бұл­ғақовтың есімі Ресей құжаттарында 1730-1748 жылдар аралығында жиі кез­деседі. Бұдан ол ширек ғасырға жуық қа­зақ жұртшылығының өсіп-өркендеуіне бел­сенді қызмет еткен тұлға деп ой түюге болады. Құжаттарда кейде Мәмбет батыр деп те аталады. Оның Әбілқайыр бастаған жасақ­та ұрыстарға қатысқаны туралы да әңгіме­лер бар. Ақкете Алтай батыр Ибескіұлымен бірге әрқайсысы 500, 1000 кісілік жасақ­ты басқарғандары айтылып, жазылып жүр. Орынбор архивін ақтарған жазушы Жұбатқан Мұратбаев «Мәмбет батыр» (2000 ж.) мақаласында 500 жасақты басқа­рып, жоңғарларды жеңуге үлес қосқанын жазады. Тағы бір ел аузындағы әңгімелердің бірінде Мәмбет аталықтың 1692 жылы туып, 103 жасқа келгенде өмірден өткендігі айтылады. Тіпті оның 80 жасында Садыр найманның қызына үйленіп, одан Жанқара, Алғара деген ұлдардың туғандығы айтылып жүр. Ал Ж.Мұратбаев Мәмбет аталықтың 1759 жылы 70 жасында өмірден өтіп, Ораза айында Қожа-Ахмет Ясауи мавзолейіне жерленгенін жазады. Қарт ұстаз Нариман Майқанов (1920-2001) Мәмбеттің қыс айында қайтыс болып, сүйегі кейіннен Түркістандағы кесенеге әкеліп қойылғанын сөз еткені тағы бар.

Әзірет Сұлтан кесенесінде жатқан Мәмбет бабамызға Құран бағыштау, оның рухын еске алу мақсатында 2004 жыл­­дың 4 желтоқсанында Түркістанға арнайы ­бар­дық. Кесенені әб­ден аралап, суретке, бей­нежазбаға түс­тік. Кесененің кіреберіс қа­бырғ­асына осын­да жерленген хан, сұл­тан, билер тізімі­нен Мәмбет бабамыздың есі­мін көріп, бір марқайып қалдық.

Сондай-ақ Мәмбет Бұлғақұлының соңында би ретінде шығарған шешім­дерімен қатар, қанатты сөздері қалған: «Алғашқы тәрбие – анадан, ел билеу – әкеден», «Сапасы бардың санасы болар», «Бүгінгі бала бүркіт – ертеңгі қы­ран бүркіт» деген сияқты тағылымды сөздерінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ширек ғасырдай билікте болған Мәмбет Бұлғақұлы туралы жоғарыда аталған сирек кітаптарда басқа да бірқатар мәліметтер бар. Өйткені ол, біріншіден, Қазақ хандығы іргесі­нің берік болуына үлес қосты. Екіншіден, сырт­қы жаудан қорғануда басшылардың бірі болды. Үшіншіден, Әбілқайыр ханның аталығы рөлін атқарды. Төртіншіден, шетелдік Тевкелев, Кирилов, Татищев, ағылшын суретшісі Кэстльмен жақын қарым-қатынаста болды. Бесіншіден, Әбілқайыр хан, Бопай ханым, Нұралы, Ералы, Барақ сияқты батыр, сұлтандармен аралас-құралас өмір сүрді. Әсіресе, хан өліміне әкеліп соққан үлкен дауды бейбіт жолмен шешудегі билік істері оның қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуіне жол ашты. Демек, Мәмбет – осындай атақ-дәрежеге лайықты адам болған, Қазақ елінің бүтіндігіне қызмет еткен ХVІІІ ғасырдағы басты тұлғалардың бірі. Сон­дықтан оның есімін ұлықтауға, осы бағыт­та түрлі іс-шаралар өткізуге Сыр елі түгел атсалысуы қажет. Бүгінгі ұрпақты жай­ма-шуақ заманға жеткізген осындай ата-бабаларымыз екені айдан анық.

 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі