Мирас • 22 Қараша, 2024

Қазақ эпостарының құнарлы қайнары

140 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Алтын Орда дәуірінің фольклоры мен әдебиеті, өнері мен мәдениеті» деген тақырып Еуразия түркі халықтарының гуманитарлық ғылымында кеңес өкіметі құлағаннан кейін ғана орныға бастады. Бұл орайда, кейінгі жылдары татар, башқұрт, ноғай ғалымдарының Алтын Орда дәуіріндегі рухани алтын өзекті аршып көрсетуге байланысты батыл ізденістер жасап жатқаны атап айтуға тұрарлық. Ол зерттеулердің барлығында арғы бастауын Ұлық ұлыс дәуірінен алып, кейіннен түркі халықтарының мұрасында шалқарын тапқан шығармаларды «Алтын Орда дәуірінің мұрасы» деп қарастыруды жөн санайды. Бұл мақала көлемді ғылыми жұмыстың қысқаша баяны. Дегенмен сол көлемді дүниенің маңызды деген тұстарын түйіндеп көпшілікке ұсындық.

Қазақ эпостарының құнарлы қайнары

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Фольклор және тарихи шындық

Басын ашып алатын үш ма­ңыз­ды дүние бар. Біріншіден, фольклор – тарих емес. Ол тарих­тың көркем шежіресі. Яғни онда тарихи деректерден гөрі халық­тың субъективті көркем шындығы басым болады.

Екінші, фольклордың бәріне ортақтығы. Қоғамның барлық әлеуметтік топтарына, халық тір­шілігінің сала-саласына, тіпті жекелеген адамдарға ортақ қатыс­­тылығы ғылыми терминде – ин­к­лю­зивтілік деп аталады. Яғни фоль­клорлық шығармалар ханға да, қараға да, кедей мен байға да ортақ. Онда ешқандай таптық та, топ­тық та мүдде жоқ.

Үшінші, атқаратын қызметі. Бұл мәселе фольклордың қоғам­дағы, әлеуметтегі қызметі мен ма­ңызын, оның мәдениеттің басқа салаларымен байланысын ашып көрсетеді.

Құрылымы жағынан қараған­да, дәстүрлі қоғамдағы фольклор мифологиялық, діни, адам­гер­шілік деген сияқты халықтың табиғат пен қоғамға көзқарасын, адамгершілік ұстанымдарын, дүниетанымын білдіретін тарихи жадтың өзінше қоймасы сияқты. Қоғамдық сананың өзгеше ерек­шеліктерінің арқасында «фоль­клор­лық сананың» мұндай ұғым-түсініктері сюжеттер мен бей­нелерге айналып «заттанады», былайша айтқанда көркем шы­ғармаға айналады. Тереңірек үңіл­сеңіз, фольклордан жекелеген өмірлік жағдаяттарға байла­нысты жағымды, жағымсыз. Мәселен, қазақ эпостарында Қобыланды бейнесі ел қорғаған қаһарман батыр ретінде суреттелсе, енді бір жырларда оны Дайырқожаны қапыда өлтіріп, ел арасына жік салған адам ретінде көрсетеді. «Ер Сайын» жырында Қобыланды Сайын мен оның балалары Бөкембай мен Киікбайға өнеге көрсетіп, қамқорлық жасап жүрген «Ұлы батыр» ретінде көрінеді. Енді бір аңызда Ер Көкшені өлтіргендердің ішінде Қара Қыпшақ Қобыланды бар екен, кейіннен Ер Көкшенің ұлы Қобыландыны өлтіріп, Қара Қыпшақ елін өзіне ба­ғындырған», деп айтылады. Мұн­дай әркелкілік фольклор та­биғатында жиі ұшырасып отырады. Мысалы, Алпамыс жы­рындағы Кейқуат есімді ке­йіп­кер Едіге туралы аңыздар­да да кез­деседі. Екі кейіпкерге ор­тақ сипаттар (екеуінде де Кейқуат құл мен күңнен туған қызмет­ші) болғанмен, екі шығармада қа­рама-қарсы екі сипатқа ие. Ал­памыстағы Кейқуат зынданға күн сайын бір серкесін тастап, оны асырап отырады. Соңында Алпамыстың арқасында сол елдің билеушісіне айналады. Ал екінші шығармада жаңа босанып жатқан шешесін «бір құла бие беріп» аман алып қалса да, кейін есейген шағында Кейқуат Едігенің құсадан өлуіне себепкер, қатыгез адам.

Көп жағдайда әсіре саясатқа бейім мамандар фольклордан бой оздырып көрініп тұратын «озық идеалды», биік «парасатты», ақжүрек «адамгершілікті», ақыл-ойға толы «даналықты» іздеп әуреленіп жатады. Олар фольклор табиғатындағы қарама-қарсы көріністі көргісі келмейді немесе оны халық санасындағы қарама-қайшылыққа теліп қояды. Этностың тарихи жадының ауқым­ды қорытындысы ретіндегі фоль­клордың кең қарымдылығы мен­ көпсалалы қызметке бейім­ділігі оның ешқандай идео­логиялық бағдарға тәуелді емес,­ баламалы, бірін-бірі жоқ­қа шығаратын түсініктер мен тұжырымдарға, әрқилы құндылыққа бірдей орын беретін өмірдің өзіндей күрделі де шынайы табиғатын танытады. Осындай табиғатқа ие феномен – фольклордан тарихи шық­тық іздеу әбестік болары сөзсіз.

ва

Мысалы, Едігенің өз уақытын­да Алтын Орда дәуіріндегі бар­лық оқиғаның басы-қасында бол­ған тарихи тұлға екені бел­гілі. Ол жөнінде тарихи жазба дерек­тер де жеткілікті. Бізді қы­зық­ты­ра­тыны – оның тарихи тұл­ға ре­тін­дегі қайраткерлігі емес, түр­кі ха­лықтары эпостарындағы көрінісі.

Едігенің жырда перінің қызы­нан туатыны – мифтік мотив. Осы құбылыстың өзі оны тарихтағы кейпінен алыстатады. Жыр бойынша арадағы келісім бұзылғаннан кейін перінің қызы ұшып кетіп, баланы Құмкент шаһарының маңына тастайды. Баба Түкті Шашты Әзіз оны Тоқтамыстың еліне әкеліп, үш жасында молдаға оқуға тастаған. Осы кезден бастап Едігенің жеке өмірі басталады. Ол жастайынан-ақ өнері асқан, алып күш иесі болады. «Күрескен балаларының барлығын жықты. «Бәрінің киімдерін алып, бір жарға үйіп салды, киімдерінің үстіне шығып отырып: «Міне, Тоқтамыс ханның тағы­ның үстіне отырдым», деді.

Шығарманың бұл бөлігіндегі кейіпкердің соңғы әрекеті ғана сол за­мандағы тақ тартысы («Тоқ­тамыс ханның тағының үстіне отырдым») жөніндегі тарихи шындықты меңзеп көрсетіп отыр.

Ендігі оқиғалар осы тартыс тө­ңірегінде өрбиді. Едігені ерек­ше қабілетімен ханға жақындату­да жыршылар тағы да көне эпика­лық уәждемені пайдаланады. Сөйтіп, Едіге бала кезінен ақыл­ды, зерек, тапқыр, көсемдігімен көз­ге түседі. Тоқтамыс хан төрелі­гі­­не бара жатқан адамдар жол бо­йында Едігеге тап болады. Сөй­тіп, төрт түрлі дауға кесік айтады. Төртеуі де Тоқтамыс ханның алдына барып, әділдігімен ханды таңғалдырады. Сөйтіп, хан Едігені тойындырып, киіндіріп, өзінің сенімді адамына айналдырады.

Жалпы, Едігенің Тоқтамыс хан маңайында ержетіп, оның қамқорлығында болғаны да шын­дыққа жақын. Енді араға Тоқтамыстың ханымы (бұл – матриархат дәуірінің сарқын­шақ сарыны) араласады. Сөйтіп, Едіге қасиетінің Тоқтамыс ханнан жоғары екені анықталады. Батырды сынау жөніндегі бұл мотив те – эпостық шығармаларда бұрыннан бар тәсіл. Енді Едіге Тоқтамыспен араздасып, Сәтемір (Әмір Темір) ханның еліне қашады. Жырдың біраз бөлігі Едігені райынан қайтаруға байланысты әрекеттерге арналған. Бұл да ежелгі эпикалық сарынмен жырланған. Едігеге он сегіз жолдас қосылады, сөйтіп келе жатқанда Едіге түс көреді. Оны жолдастары жақсыға жориды. Алдарынан Сәтемір ханның қызын зорлықпен алып келе жатқан Қабантиын алыптың шатыры ұшырасады. Едіге оған «сорға аунап, таздың кейпіне түсіп» жалғыз барады. Ақыры Сәтемір ханның қызымен сөйлесе жүріп, алыпты өлтіреді. Осылай ханның еліне келіп, құрметке бөленіп, қызына үйленеді. Одан бір бала туады. Оның атын Нұралын («Нұрадын» деп аталады кей нұсқаларда) қояды. Ұл ержетіп, садақ атып жүргенде же­бесі бір шалдың жіліншігін үзіп кетіп, ашуланған шал: «Жүгір­мек, менің жіліншігіме әлің жеткенше, жұрттан қуып шығар­ған Тоқтамыс ханнан барып кегің­ді алсаңшы», деп назаланады (бұл да ежелгі ертегілік мотив). Бұл әң­гімені баласы әкесіне айтқанда, бұрынғы кегін есіне алған Едіге Сәтемір ханнан «үш сан қол» алып, ұлымен бірге жорыққа аттанады.

Тоқтамыс Телікөл деген жерде бой тасалайды. Елін Едіге иеле­ніп, екі қызының бірін өзі алып, бірін баласына бермек бола­ды. Сөйтіп, Нұралын («Нұрадын» ­деп те айтылады) Тоқтамысты қуып барып, жекпе-жекте өлті­ре­ді. Бұл оқиғалардың барлығы эпос­тық дәстүрде баяндалады. Өзі­не келген ажалды Тоқтамыс түсі арқылы біліп отырады. Едіге мен Тоқтамыстың арасында жүрген Кеңжанбай батырды қарсыласып тұрса да, ерге балап, әкесінің өсиеті бойынша аман қалдырады. Ал тарихи деректерде Тоқтамыс 1406 жылы Шәдібек ханмен шайқаста қаза тапқан деп жазылады. Бұл жерде де эпостың өз жолымен кеткенін көреміз.

Тұтастай алғанда, халық әде­биетіндегі Едіге бейнесі оның өз айналасындағы, қоғамдық ортадағы абырой биігінен алшақ кетпейді. Ал Алтын Орданың ыдырауына Едігені себепкер ету – кейіннен пайда болған жаңсақ пікір. Алтын Орда ол қайтыс бол­ғаннан кейін де жарты ғасырдан артық өмір сүрген.

 

Ұлық ұлыс фольклоры қызыл идеология қыспағында

1944 жылы 9 тамызда «Татар­стан партия ұйымының бұ­қаралық-партиялық және идео­логиялық жұмыстарының жағ­дайы және оларды жақсартуға байланысты шаралар жөнінде» деп аталатын Коммунистік пар­тия Орталық комитетінің әйгі­лі қаулысы жарияланды. Осы қау­лы негізінде ғылым мен әдебиет­ті кеңес одағы өзінің идеоло­гия­лық мақсатына пайдалануды көз­деген болатын. Енді тек жаңа шығармалар емес, фольклор­лық зерттеулер де лениндік-маркстік идея тұрғысында жазылуға тиіс еді. Ғалымдар абсурдты жағдайға ұрынды. Өйткені фольклор өзі туған кезеңнің, сол шақтағы ұлыстың идеологиялық ұстыны десек, оны кеңестік идеология арқылы қалай түсіндіруге болады? Әрине, жауап дайын. Оның бәрі – ескілік қалдығы саналуға тиіс. Қазақ-кеңес ғылымы осы­лай фольклордың негізгі қағи­да­сы баршаға қатыстылығы мен ортақтығы теориясын жоққа шығарды. Енді фольклор бай мен кедейдікі деп бөлініп, ондағы бай мен жарлы образдары­ның қарама-қарсы идеологиялық бей­несі жасала бастады.

Қызыл өкімет өзінің құра­мын­дағы түркі халықтары­ның тамыры бір екенін, оларды саф (фольклор табиғатына сай таза­лықты айтып отырмыз) қал­пында сақталған Алтын Орда ке­­зеңінің біріктіретінін анық біл­ді. Сондықтан ортақ мұ­расы бар халықтардың бір-бірі­мен идеологиялық тұрғыда жа­қын­дасып кетуінен қауіптеніп, Ұлық ұлыс фольклорын аямай жан­шыды. Ол кезеңдегі шығар­маларды бір ұлыс негізінде қарау­ға мүмкіндік бермеді.

Алтын Орда дәуірі үшін аса зиянды қаулы 1947 жылы 21 қаңтарда қабылданды. Ол «Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қа­теліктер жөнінде» деп аталатын. Яғни партия ғылымдағы шын­ ғылыми қателіктерге емес, өздері қате деп тапқан «сая­си қателерге» ұрынып отыр. 1953 жылдың сәуір айында «Қазақ эпосының халықтығы» та­қы­ры­бында өткізілген жиынның стенограммасы ғайыптан тайып сақталып қалған. Оны С.Қасқа­басов кітап етіп шығарды.

Қазақтың өткеніне де, бола­шағына да үкім шығарған қасі­рет­ті жиналысты басқарғандар: сол кездегі Қазақстан Ғылым ака­де­миясының президенті Д.А.Қонаев пен Қазақстан Кеңес жазушыла­­ры одағы прези­диумының төраға­сы А.Жаймұрзин. Жиынның бас баяндамасын жасаған – Кеңес одағының батыры, белгілі фольклортанушы ғалым М. Ғабдуллин. Қосымша баяндаманы жаса­ған – тарихшы ғалым М.Ақынжа­­­нов. Жиналысты Коммунистік пар­тияның Орталық комитеті жоғ­а­ры­­дағы аталған қаулы қа­был­­дан­ған­нан бергі бес-алты жыл ішін­де мұқият дайындықпен жа­саға­ны айқын көрініп тұр. Оған баян­дамашыларды әбден сынды­рып, мәжбүрлеп көндірген сыңайлы.

Бас баяндамашы алғашқы айыптауын қазақ эпостарының жиырмасыншы жылдардағы Алаш қайраткерлері бастап салып кеткен, кейіннен М.Әуе­зов жалғастырған «байшыл-ұлт­­шыл» көзқарасты сынаудан бас­­тайды. Алаш зиялыларының аты атал­мағанмен, негізгі нысана М.Әуезовтің еңбектері болды. Мұхаңды таптық күресті мо­йын­дамай, контрреволюция­лық идея­ны астыртын таратушы ре­тін­де танытуға тырысады. Осы­лай­ша, баяндамашы М.Әуезов­тің 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихынан» 1948 жылы шық­­қан «Қазақ әдебиетінің тарихына» дейінгі барлық еңбегін жіпке тізе отырып, таптық идеология тұрғысынан «тас-талқан» етеді. Баяндамашы ол жазған еңбектердің әрқайсысынан сая­си, идеологиялық қате тауып, «буржуазиялық ұлтшылдықтың қитұрқы, бүркемеленген» пи­ғылдарын «әшкерелейді». Оны қазақ эпостарындағы буржуа­зиялық ұлтшылдықтың орысқа қарсы, кертартпа-реакцияшыл, пантюркистік идеяларын насихаттаушы, қазақ халқының патриархалды өткенін идеялизациялаушы» деп күстаналайды.

Солақай сынның оңды-солды сілтеген семсеріне С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Қо­ңырат­баев, т.б. эпостанушылар да ілікті. Олардың барлығы эпос­тық шығармаларға таптық тұрғыдан баға бере алмайтын, маркстік-лениндік ілімді басшы­лыққа ала алмайтын, буржуазия­лық ұлтшылдықтың жалаң насихатшылары ретінде танылды. Баяндамашы өз ойының дәлелі ретінде олардың Едіге, Орақ – Мамай, Ер Шора, Қорқыт, Асан қайғы, Қобыланды, Алпамыс, т.б. зерттеулерін алға тартады. Жылдарға созылған осындай­ идеологиялық тоқпақтан кейін Алтын Орда дәуірі мүлде айтыл­майтын болды. Ол жөнінде шы­ғарылған кітаптар мен жинал­ған материалдардың барлығы арнаулы қорларға «қамалды».

Алпысыншы жылдардың «жы­лымық» кезеңінде ғана ескі мұ­раның «шідері шешілгендей» болды. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батыр сияқты жырлар халықпен қайта табысып, жекелеген зерттеулер дүниеге келе бастады. Ал таза Алтын Орда дәуіріне тікелей қатысты мұраның қақпасын айқара ашуға еркіндік берілген жоқ, оны қазбалай зерттеуге жүректері шайлығып қал­ған қатардағы ғалымдардың да тәуекелі жетпеді.

 

Кешенді зерттеудің келешегі

Фольклордан мәдени феномен ретінде идеологиялық ас­тар іздеудің өзі оның табиғатын тү­сінбеуден немесе қасақана бұр­малаудан туатынын шетелдік ғалымдар жақсы біліп, ертеде-ақ жолға қойған. Яғни «фольклор – езілген қара халықтың арман-мұңының көрінісі», «еңбекші бұқараның дүниетанымының айнасы», «еңбекші халықтың көркемдік талғамының тікелей нәтижесі», «таптық күрестің құралы» емес. Фольклор тіпті ес­кі аңыздар жинағы немесе мәтін ғана емес, қоғамның әлеуметтік құрылымын негіздеп, қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін құрал. Яғни Алтын Орда дәуірінде туған, қайта өңделген әрбір туындының өзіне тән қызметі болды және осы қызметтері арқылы мемлекеттік идеологияның ұсты­­нына айналды. Былайша айт­қанда, фольклор – халық тарихы­ның белгілі бір кезеңіндегі тіршілік қамы мен қоғамдық оқи­ғалармен сабақтаса дамыған ру­хани өмірінің көркем шежіресі.

Фольклор – бірінші кезекте халық қажеттілігі. Мұны біз Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан жаңа жанрлардан байқаймыз. Мыса­лы, танымал тұлғаны жырға қо­сып, эпосқа айналдырған тарихи жырлардың, сүйіспенші­лік­ті жырлаған лиро-эпостық жыр­лар мен діни дастандардың бастауы Ұлық ұлыс кезеңі.

Осы жанрдың бәрі қажеттілік­тен. Мысалы, тарихи жырлар халықты бір тұлғаның маңайына ұйысып, бір орталыққа бағынды­ра бастады. Өз кезегінде мұн­дай туындылар ұрпақ санасын­­да­ғы отансүйгіштікті қалыптасты­ра­тын еді. Діни дастандар да мем­лекет­тің негізгі діни нанымын көшпелілерге жақын форматта түсіндіру үшін қажет болған. Ең қызығы, лиро-эпос жанрының қалыптасуы. Өйткені бұл жырларда ұлттық, халықтық мәселе емес, жеке адамның сезімі жырланады. Ал мұндай жағдай қоғамның әбден тынышталған шағында ғана болуы ықтимал. Яғни Алтын Орда халқына соғыссыз, тыныш кезеңдерді қалыптастыра алды. Со­нымен ел қорғаудан бөлек жеке адамның бақыты алға шығып, ға­шық­тық жырлар дүниеге келген.

Алтын Орда дәуірінен жеткен фольклорлық мұраны кешен­ді түрде зерттеу бағытында да қор­далан­ған мәселе өте көп. Алдымен бұл кезеңді зерттеудің тарихи кезеңдерін қайта саралап, оны кеңестік заман идеологиясынан тазартқан жөн. «Шыңғыс хан шап­қыншылығы», «Әмір Темірдің қанқұйлы жорықтары», «Алтын Орда хандарының қатыгездігі» деген сияқты тіркестерді бүгінгі зерттеулерде оңды-солды қолдану әбестік болады. Демек бұл дәуірді зерттеудің әдістемелік (методологиялық) ұстынын мүлде жаңа жолға қою керек. Бүгінгі фоль­клортану ғылымы жалаң сая­си айыптаудан, шығарма кейіп­керлерін «үстем тап, езілуші тап» өкілдеріне бөліп, оның мазмұ­ны­на идеологиялық тұрғыдан баға беруден арылуға тиіс. Ең бастысы, бабадан қалған фольлорлық мұраны бір қырынан ғана емес, жан-жақты сипатымен, кешенді түрде қарастыру. Осы кешенді саралаудың ішіне Алтын Орда мұрасын оның этнос тарихымен, этнографиясымен, музыкасымен тұтас күйінде, біртұтас синкрет­ті құбылыс ретінде пайымдаудан бастап, түркітектес халықтар мұ­ра­сымен тарихи-типологиялық тұрғыдан салыстыра саралауға дейінгі күрделі ізденістер кіреді.

Тың тақырыпқа түрен салған алғашқы талпынысымыз келешек іргелі зерттеулерге ұласып жатса, үмітіміздің ақталғаны деп білеміз.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, академик