Шын мағынасында үлкен ғалым болу және ғылымды басқару өнері – бір нәрсе емес. Сонымен қатар олар бір-бірімен тығыз байланысты екені де даусыз. Ғылымды басқаруды нағыз ғалым ғана ойдағыдай жүргізе алады. Ғылым – қоғамдық ой-сананың өзіндік ерекшелігі мол, күрделі саласы. Сондықтан оны басқару кез келген шенеуніктің қолынан келе бермейді. Оны ғылымның қара жұмысын атқарған, оның сыры мен қырын, ерекшеліктерін терең түсінетін адам ғана басқара алады. Бұған әсіресе ғылымды басқарудың қалыптасқан жүйесі өзгерген жылдары әбден көзіміз жетті. Осындай жағдайда жеке ғылыми-зерттеу институттарын сақтау мен ондағы ғылымның дәрежесін төмендетіп алмау үлкен ғалым әрі ұйымдастырушы адамдардың ғана қолынан келді.
Осындай үлгідегі сирек таланттың бірі – Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сейіт Асқарұлы Қасқабасов. Ол – қазақ филологиясы ғылымы тарихында ерекше орны бар ғалымдардың бірі. Өзі таңдап алған фольклортану ғылымына шынайы берілген, бұл салада талай іргелі еңбек жазған, еліміздегі ғылым саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, нағыз ұлтжанды азамат, көрнекті қоғам қайраткері.
Мен Сейітті сонау студенттік шағынан (1959-1964) жақсы білемін. ҚазПИ-де оқып жүріп ол ғылыми жұмыспен айналысты, сабақтасы Едіге Тұрсыновпен бірге фольклор экспедицияларына қатысты, студенттердің ғылыми конференцияларында қазақ ертегілері туралы баяндамалар жасап, жұртшылық көзіне түсті.
Сейіттің ғылыми жұмысындағы өмірлік тақырыбы – ертегі әлеміне қызығушылығы институтта жүргенінде басталған болатын. Едігемен бірігіп жазған “Ертекші Шалқарбай Данылбаев” атты алғашқы ғылыми мақаласы әлі есімде. Ол Ғылым Академиясы баспасынан шыққан “Қазақ филологиясының мәселелері” атты жинақта жарияланды. Бұл талантты жастар үшін үлкен абырой болды, оның үстіне сол студенттік кезден бастап Сейіттің ғылыми жұмыстарына атақты фольклортанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова басшылық етті. Кейін жас ғалым М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданғанда ұстазының кандидаттық жұмысқа жетекшілік етуі Сейіттің зерттеушілік қабілетін одан әрі дамыта түсуге жол ашты.
Жас шәкіртінің қарым-қабілетін танып, болашағына сенген Нина Сергеевна Сейітті үлкен академиялық мектептен өткізді. Мектеп болғанда қандай! Орыс фольклортану ғылымының кілең мықтыларының іргелі еңбектерін жас Сейіт бас алмай оқып, зейініне тоқыды, қазақ материалдары негізінде авторлық ой-тұжырымдар жасап, өз зерттеулерінде дамытты. Бүкіл одаққа, кеңестік фольклортануға бірден танылған “Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері” (“Казахская волшебная сказка” – 1972) атты алғашқы монографиясынан бастап, 2009 жылы шыққан “Ойөріс” зерттеуіне дейінгі қырық жыл аралығында жарық көрген үш жүзден астам ғылыми мақалалары мен он бір монографиялық зерттеулерінде ресейлік академиялық фольклор мектебінің ізі сайрап жатыр. Қиял-ғажайып ертегілерін қазақ фольклорының ең көне жанрларының бірі деп дәлелдеген сол алғашқы еңбегі КСРО Ғылым академиясы жүйесіндегі үздік бес кітаптың бірі деп танылып, ғалым есімін бүкіл ТМД аумағына мәшһүр еткен еді. Қазақтың ауыз әдебиетіндегі қара сөздің үлгісін ол алғаш рет ашып, оны “халық прозасы” деп атады, фольклордың осы аса бір бай түрінің жанрлық құрамын жан-жақты зерттеп, аңыздық және ертегілік деп екі топқа жіктеген “Қазақтың халық прозасы” (1984) атты көлемді монографиясы Қазақстан Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Ғалымның докторлық жұмысына негіз болған “Қазақтың ертегіден тыс прозасы” (“Казахская несказочная проза”– 1990) атты монографиясында осыған дейін ертегіге жатқызылып келген миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят ертегіден тыс прозалық жанрлар ретінде қарастырылып, құрылымдық-поэтикалық, көркемдік ерекшеліктері түбегейлі зерттелді. Осы еңбегі үшін 1992 жылы Сейітке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Бұл айтқандарым – Сейіттің ауқымды еңбектерінің негізгі бір бөлігі ғана. Әйтпесе, аттары айғайлап айтып тұрған “Родники искусства” (1986), “Колыбель искусства” (1992), “Жаназық” (2002), “Елзерде” (2008), “Ойөріс” (2009) атты еңбектері, екі томдық “Золотая жила” (2000) атты таңдамалы зерттеулері қазақ фольклоры мен әдебиетінің, өнерінің қадау-қадау мәселелерін бағзы заманнан қазіргі дәуірге дейін жалғастырып терең пайымдаған ойлы да үлкен ізденіске, тың тұжырымдарға толы құнды еңбектер. Және аттары да ішкі мазмұнына сәйкес. Сейіт кітаптарының атын тура дәлме-дәл қоюға шебер. Аталған еңбектердің барлығы дерлік қазір ұлттық фольклортану саласында ғана емес, бүкіл әлемдік фольклортану ғылымына қосылған бағалы үлес болып табылады. Бұл ойымызды Сейіттің ғылыми еңбектері туралы ТМД елдері мен шет мемлекеттерде шыққан пікірлер мен рецензиялар растай түседі.
Сейіттің мен білетін басты қасиеті оның ғылымға адалдығы дер едім. Сонау 1964 жылдан бастап күні бүгінге дейін ғылым жүйесінде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ол басқа да қоғамдық, мемлекеттік жұмыстар атқарған кездерінде ғылыми жұмысын тастамай жалғастыра жүрді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі үш жылғы қызметінің өзі ғылым саласымен тікелей байланысты болды. Ол тоғыз жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы болып істеді. Алты жыл Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкері, үш жылдай еліміздің Жоғары Аттестациялық комиссиясының төрағасы лауазымды міндеттерін атқарды. Осы жылдардың барлығында да Сейіт өзі алғаш аспирант болып еңбек жолын бастаған құтты ұжымы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми-жоспарлы жұмысына үнемі қатысып, арнаулы тақырыптық зерттеулер жазды, туған ұжымымен әркез байланысын үзбей, институт мұқтаждықтарын шешуге қолұшын берді. Мұның өзі ғылымды түсіне де, бағалай да білген азаматтың өмірлік ұстанымын танытады.
Сейіт жақсы ғалымдығына қоса, іскер ұйымдастырушы да. Қай қызметке барса да істің көзін тауып жандандыра біледі. Әлі есімде. 1988 жылы Сейіт Орталық комитеттің идеология бөлімінің кеңесшісі болып жүрген кезде, институт директоры болып жүрген менің қайта құру кезеңінің мүмкіндігін пайдаланып, 1940-1950 жылдары қазақ мәдениеті мен тарихына байланысты бұрын қабылданған кереғар партиялық қаулылардың күшін жою туралы Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке шыққаным бар еді. Сонда ол кісі ақтаңдақтар мәселесін күн тәртібіне қоюға жол ашты. Маған Сейітпен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Елгезек те еңбекқор жігіт бұл ауыр іске бірден беріліп кірісті. 1930-1940 жылдары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген көрнекті ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлерін ақтауға қатысты материалдарды қайта қарап, 1950 жылдардағы көрнекті қоғамтанушы ғалымдар мен әдебиет, өнер қайраткерлерін қуғындауға себеп болған, қазақ халқының әдеби-музыкалық мұрасын зерттеуді тежеп, тарихи процестің дамуын бұрмалаған тарих, әдебиет және мәдениет мәселелеріне қатысты партиялық қаулылардың күшін жоюға қажетті көптеген құжаттар әзірледі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жұмысына белсене қатысты, одан кейін Орталық Комитеттің әлеуметтік орталығын ұйымдастырып, республикамыздың саяси және әлеуметтік проблемалары бойынша одақтық деңгейде құнды пікірлер ұйымдастырды.
Сейіттің іскер басшы, шебер ұйымдастырушылық қабілеті Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Жоғары Аттестациялық комиссиясының тұңғыш төрағасы болып тағайындалған кезде ерекше жарқырап көрінді. Тәуелсіз ел тарихындағы алғашқы ғылыми аттестациялау мекемесін құрып, дамыту оңай шаруа емес еді. Министрлік деңгейіндегі құрылымның алғашқы Ережесін, қызметкерлерінің штаттық кестесін, “Ғылыми атақтар мен ғылыми дәрежелерді тағайындау тәртібі туралы ережені”, барлық дерлік құжаттарды Сейіт өз қолымен дайындады. Ғылым докторы мен кандидаты дипломы, профессор мен доцент аттестаты үлгілері де Сейіттің жобасы негізінде жасалды. Қазір де осы үлгілер басшылыққа алынып келеді.
Сейіт басшылық еткен жылдары ЖАК-тың тұңғыш төралқасы, сараптау кеңестері мен құрылымдық бөлімшелері, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарында докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын кеңестер жүйесі құрылды, Сейіттің бастамасымен Алматыда ТМД елдері ЖАК төрағаларының кеңесі өткізіліп, онда ТМД елдері Мемлекеттік аттестациялау органдарының халықаралық Ассоциациясы (МАГАТ) құрылды. Бұл халықаралық ұйымның алғашқы төрағасы болып Сейіт сайланған еді.
Сейіт Қасқабасовтың іскерлігі Астанада қызмет еткен жылдары да анық байқалды: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ол “Еуразия” ғылыми-зерттеу орталығын құрды, осы оқу орнында жаңадан ашылған Шығыстану факультетінің тұңғыш деканы болып, оқу жұмысын дұрыс жолға қоя білді.
Біздің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 2000 жылдардың бас кезінде қиын жағдайға тап болып, үлкен тоқырау кезеңін бастан кешкені көпке белгілі. Сол қиын сәтте марқұм академик Зәки Ахметов екеуіміз Астанадағы Сейітке өз институтына қайтып оралып, басшылық тізгінін қолына алуын сұрап, қолқа салдық. Кішіпейіл азамат қой. Ағаларының тілегіне құлақ асып, келісімін берді. Сол кездегі Білім және ғылым министрі де біздің ұсынысымызды құптады. Сөйтіп, 2001 жылы қазанда Сейіт институт директоры болып тағайындалып, жұмысқа кірісті. Үмітімізді молынан ақтады, қажырлылығы, еңбегі мен іскерлігінің арқасында институттың беделін көтерді. Сол азаматтығы, ғылымға берілгендігі үшін де біз оған ризашылығымызды білдіреміз.
Сейіт директор болғаннан бастап біздің институт екінші тынысын ашты. Іскер басшының ғалымдығының, үлкен беделінің арқасында институт елімізге ғана емес, алыс, жақын мемлекеттерге кеңінен танылған берекелі ұжымға айналды: жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмыстары өз мерзімінде, тіпті кейбір жобалар уақытынан бұрын жазылып, том-том ғылыми еңбектер жарық көрді, институт құрылымына тың өзгерістер енгізіліп, ежелгі және орта ғасырлар әдебиеті, абайтану және жаңа дәуір әдебиеті, мәтінтану және деректану, әлем әдебиеті бөлімдері ашылды, бұл бөлімдер қазір бес секторға: Әдебиет тарихы, Қазіргі әдебиет (тәуелсіздік дәуірі) және әлем әдебиеті, Фольклор және қолжазба, Әуезовтану, Өнертану секторларына біріктіріліп жұмыс істеуде. Мұның өзі институттың Ғылыми кеңесі қызметін жеңілдетіп оңтайландыруға оңды ықпал етіп келеді.
Академик Қасқабасовтың табандылығының арқасында институтта музыка, театр және бейнелеу өнері бойынша кандидаттық диссертациялар қорғайтын кеңес ашылып, жүзге жуық өнертану кандидаты ғылымға жолдама алды.
Сейіт – жаңа идеяның, тың ойдың адамы. Ойына алған мақсатты міндетті жүзеге асыру жолында ол шаршамай, үнемі ізденіс үстінде тынбай еңбек ете біледі. Сейіт басқарған соңғы тоғыз жылда институт үлкен жетістіктерге жетті. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асып жатқан жүз томдық “Бабалар сөзі” сериясы Сейіттің жеке ұсынысымен басталып, жетекшілігімен атқарылып жатқан бірден бір бірегей жобаға айналды. Мұндай жоба тіпті бүкіл әлем елдерінде кездеспейді. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңес мәжілісінде сөйлеген бір сөзінде: “Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын “Бабалар сөзі” сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін”, деп жоғары баға берді. Қазір осы теңдессіз жобаның 60 томы жарық көріп, бес томы баспадан шығу үстінде. Бүгінге дейін алғаш рет хикаялық дастандардың он үш томы, діни дастандардың жеті томы, ғашықтық дастандардың сегіз томы, тарихи жырлардың он томы, сонымен бірге батырлар жырының он сегіз томы жарық көрген бұл жүзтомдық мұра – халқымыздың баға жетпес қазынасы болатынына дау жоқ. Ол Сейіт сияқты ұлтжанды ұлдарының жанкешті еңбегінің арқасында ұрпақ кәдесіне жарап жатқаны қуанышты.
1960 жылдары біздің институтта алты кітаптан тұратын үш томдық “Қазақ әдебиетінің тарихы” шыққаны көпке мәлім. Соның негізінде қазақ әдебиетінің жаңа ұрпағы тәрбиеленді. Қазір бұл басылым ескірді. Ол егемендік ел талаптарына жауап бере алмайтын еді. “Қазақ әдебиеті тарихының” 10 томдық жаңа нұсқасын дайындау мәселесі осындай ойдан туындады. Бұл істе де Сейіт Қасқабасов іскерлік танытып, он томдық “Қазақ әдебиеті тарихын” жазуға басшылық етті, сөйтіп институт ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасында бұл жаңа басылым да 4-5 жылдың шамасында жазылып, толық басылып шығып, оқырманға жол тартты.
Сейіт басшылық етіп келе жатқан жылдары институтта жүзеге асып жатқан жоба да жаңа, кадр саясаты да жаңа. Олай дейтінім, алғаш рет үш томдық “Қазақ өнерінің тарихы”, бес томдық “Қазақ музыкасының антологиясы” дайындалып, жарыққа шықты, алғаш рет қолға алынған 20 томдық “Әдеби жәдігерлер” сериясының 8 томы басылды, М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық жинағын қайтадан дайындау қолға алынып, қазір 42 томы жарық көрді. Ғылыми кадрлар даярлау жұмысы дұрыс жолға қойылып, институтқа жас ғалымдар көптеп қабылданды. Соның нәтижесінде қазір институт қызметкерлерінің жартысынан астамын талантты қыз-жігіттер құрайды. Елімізге оралып жоғары білім алған отандастарымыз арасынан оншақты жас маманның институтқа қызметке алынуы Сейіттің ғылым болашағына деген сенімінің белгісі.
Институт бастамасымен “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының 1500, “Қыз Жібек” жырының 500 жылдықтары, Дулат Бабатайұлының 200 жылдығы, Ғабиден Мұстафин мен Ахмет Жұбановтың 100 жылдықтары республика көлемінде алғаш рет кеңінен аталып өтуі, Махамбеттің 200 жылдық, Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО деңгейінде мерекеленуі де Сейіттің ғалымдық пен ұйымдастырушылық еңбегінен тысқары болған шаралар емес. Оған Әдебиет пен өнер институты белсене қатысты.
Мәскеудегі атақты М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтымен бірлесіп рухани мұраға байланысты және Пушкин мен Абайдың шығармашылық үндестігіне арналған симпозиумдардың өткізілуі институтымыздың беделін арттырып, халықаралық байланыстар ауқымын кеңейтті. Ұлы жазушы есімін иеленген ұжым болғандықтан 2002 жылдан бастап ғұламаның туған күніне орайластырылып, жыл сайын М.Әуезов оқуларын өткізу дәстүрге айналды. 2004 жылдан бастап институтта жыл сайын абайтанудың көкейкесті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып келеді. Бұл салиқалы ғылыми жиынға алыс-жақын елдерден белгілі ғалымдар мен шет мемлекеттердің Қазақстандағы өкілдіктері, дипломатиялық миссия қызметкерлері қатысып, тақырыпқа байланысты мазмұнды баяндамаларымен және сындарлы сөздерімен жұртшылық назарын аударуда. Бұл игі шаралар да Сейіттің бастамасымен өткізілуде.
Сонымен бірге Сейіт өзімен бірге істеген, бүгін өмірде жоқ аға ғалымдар аруағына әрдайым тағзым етіп, әріптес фольклортанушы, әдебиеттанушылар мен қызметтес достары есіміне де адалдық танытып келеді. Ұлттық әдебиеттану тарихында өзіндік орны бар Ы.Дүйсенбаев, М.Ғабдуллин, М.Базарбаев, З.Ахметов, М.Дүйсенов, Ә.Дербісәлин, Б.Уахатов сияқты көрнекті ғалымдарды еске алу шаралары өткізіліп, олардың ғылыми мұрасы кеңінен насихатталуда, ал денсаулығына байланысты ғылыми жұмысын мезгілінде аяқтай алмай қалған талантты ғалым досы Едіге Тұрсыновтың докторлық диссертациясын қорғауына үлкен қамқорлық жасады. Сейіттің басшылығымен кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаған азаматтардың бәрі де оның шын мәнінде ғұлама, шын мәнінде зиялы екендігін ерекше ризашылықпен айтып жүреді.
Сейіттің ғалымдық басты бір ерекшелігі – ол екі тілде бірдей жазады: мейлі қазақ тілінде жазсын, мейлі орыс тілінде жазсын, оның еңбектерінің негізгі нысаны – ұлттық фольклортану, әдебиеттану және өнертану мәселелері, ұлттық, халықтық мұраттар. Соңғы жылдары жазған еңбектерінде ол зерттеу объектісін бірсыпыра кеңітіп, Махамбет, Абай, Жамбыл туралы жаңа, соны ойларымен көзге түсті, қазақ сөз өнерін фольклор, авторлық ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп зерттеу қажеттігі туралы жаңа пікірлер ұсынды.
Айта берсек, Сейіттің ғалымдығы туралы, қайраткерлігі туралы көп әңгімелеуге болады. Ол ұлттық фольклортану, әдебиеттану және өнертану ғылымдарының бас-аяғын жинап, бағыттарын айқындап, жаңа өрлеу сатысына көтерілуіне себепкер болып, қайта жаңғырып жатқан егемен еліміздің өркендеуіне осылайша лайықты үлес қосып келеді.
Серік ҚИРАБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.