Қоғам • 27 Қараша, 2024

«Жанұя» отбасыларға қолдау көрсетеді

42 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамдағы әртүрлі ахуал отбасына тікелей әсер етеді. Сондай жағдайда шаңырақты шайқалтпай, сақтап қалу үшін тығырыққа тірелген жандарға жол көрсеткен абзал. Сол себепті Мемлекет басшысы азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету керектігін айтқан еді. Осы мақсатта Кербұлақ ауданының Қоғалы аулында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды.

«Жанұя» отбасыларға қолдау көрсетеді

Суреттерді түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Бұл – облыс орта­лы­ғы­­нан жырақта орна­­лас­­қан аудан, қала­лар­да ашылған төр­тін­ші орта­лық. Ауыл жұртын тату­лық­­қа шақырып, тұрмысын түзеу­ге бағытталған нысанда арнайы дайындықтан өткен ма­мандар қызмет көрсетеді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қоғалы аулындағы орталықпен қатар жыл соңына дейін Қаратал, Алакөл аудандарында осындай мекемелер ашылады. Келер жылы дәл осындай орталықты Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашу жоспарланып отыр.

Жалпы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы Мемлекет ба­с­шы­сының тапсырмасына сәй­кес әлеуметтік жағынан осал отба­сылардың өмір сүру сапа­сын жақсарту, олардың эконо­м­икалық дербестігіне, азамат­тар­дың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақса­тында жұмыс істейді.

апп

Қоғалыда кезінде аудандық емхана болып, кейін біршама уақыт бос тұрған ғимаратқа ағымдық жөндеу жұмысы жүргізіліп, құрал-жабдықтары сатып алынған. Оған жергілікті бюджеттен арнайы қаражат қарастырылды. Сөйтіп, орталық іске кірісті. Нысанның директоры Дәурен Жұмағалиевтің айтуынша, орталықта 15 адамға арналған жатын орын, балалардың ойын бөлмесі бар, кір жуатын орын, асхана, тынығу бөлмесі жан-жақты жабдықталған. Алдағы уақытта мекемеге арнайы көлік беріледі деп күтіліп отыр. Мұнда 19 адам тұрақты жұмыс істейді. Жаңа мекеме толықтай мемлекеттен қаржыландырылады.

«Бұл орталықта отбасы­лық жанжалдарды шешуге ба­­ғыт­­­талған шаралар іске асыры­лып, қиын жағдайға тап бол­ған адамдарға әлеуметтік, заң­дық, психологиялық қол­дау көр­сетіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға де­йінгі мерзімде уақытша тұру мүмкіндігі беріледі. Бұл мекеменің кәсіби мамандары өңірдегі түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деп сенемін», дейді Д. Жұмағалиев.

Жергілікті тұрғындар мұндай орталықтардың болғаны дұрыс деп есептейді.

«Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекет мықты болсын десек, алдымен әр отбасы берік болуы керек. Қазіргі кезде әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты отбасылар, әсіресе жас отбасылар түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп жатады. Ажырасу да жиілеп кетті. Сондықтан дер кезінде отбасыларға қолдау көрсетудің маңызы зор», дейді Қоғалы ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Турбеков.

Ендігі ретте өмірлік қиын жағ­дайға тап болған адамдарды ерте анықтау мен қолдауды ұйымдастыру мақсатында ауданда мобильді топтар құрылады. Мо­бильді топ құра­мында ауыл округтерінің әкімдері, әлеу­меттік мәселелер жөніндегі қыз­меткерлер, білім беру, ден­сау­лық сақтау салалары, ішкі іс­тер органдарының өкілдері қам­ты­лады, яғни бұл істе барлық са­ла маманы бірлесіп жұмыс істейді.

Айта кетейік, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары 2023 жылы Панфилов, Сарқан аудан­дары мен Текелі қаласын­да ашылған. Оларға 82 отбасы тіркеліп, психологиялық, әлеу­меттік көмек беріліп, қыз­мет көрсетілген. Ал бұл – ауыл­­да ашылған екінші орталық. Бұған дейін мұндай орталықтар өткен жылы Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында іске кіріскен еді.

 

Жетісу облысы