Есірткі • 27 Қараша, 2024

Есірткіге қарсы күрес толастамайды

18 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нашақорлықтың жолын кесуге бағытталған кешенді қадамдар қолға алынғанымен, есірткіге есі кеткендердің саны азаяр емес. Ес-ақылдан ажырататын психотропты заттар талайдың өмірін талқандап жатыр. Жыл басынан бері Алматыда 19 есірткі зертханасы мен екі бірдей қойма жойылып, есірткіні жарнамалаумен айналысқан 100-ге тарта адам жауапқа тартылған.

Есірткіге қарсы күрес толастамайды

Сурет: gov.kz

Күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, мектеп жасындағы жеткіншектерге де ауыз сала бастаған. Осыған байланысты құзырлы орындар мен білім басқармасы мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер, тренингтер, семинарлар өткізу ісін қолға алды. Жастар мен жасөспірімдерге «Есірткіге қарсымыз!» деп аталған кітапшалар мен жа­дынамалар таратылып келе­ді. Мамандар әр азамат есірт­кіге қатысты қандай да бір хабарға қанық болса, кі­тап­шада көрсетілген жедел желіге хабарласа алатынын айтады.

«Бұл дертпен қоғам болып күресу маңызды. Жалпы жедел-іздестіру шараларымен қатар нашақорлықтың алдын алу және халықтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы­д­а жыл басынан бері на­ша­қорлыққа қарсы 585 про­филактикалық іс-шара өтті. Бұл мәселеде еріктілер бізге жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Олардың белсенді атсалысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 9 908 граффити суреті табылып, үстін бояп тастау арқылы жойыл­ды. Есірткі саудасын наси­хаттаған 31 «суретші» ұстал­ды. Сонымен қатар есірт­­кіні таратумен, жар­на­ма­лаумен айналыса­тын 450 ин­тернет-ресурс бұғатталды. Заңсыз айна­лымнан 405 килодан аса есірткі, оның ішінде «син­тетика» есірткі заттары тәркіленді», дейді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмы­сына қарсы күрес басқар­масының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Есірткіге қарсы күресте ерікті жастардың белсенділігі басым. Айталық, 2021 жылы іске қосылған «Наркостоп» жобасының еріктілері биыл Алматыда 1 500-ден аса есірт­кі жарнамаланған бел­гіні жоюға атсалысқан. Жоба өкіл­дерінің айтуынша, былтыр жастардың қатысуымен есірткіні жарнамалайтын 300 мың граффити боялған.

«Кейінгі жылдары оңтай­лы нәтижелерге қол жеткіз­дік. Алғашқы кездері 50-ге жуық ерікті дәрі-дәрмек жар­намасын бояуға шықса, орта есеппен бір еріктіге 100 жазудан келетін. Қазір тура сондай алаңда 50 еріктіге 10-15 жазудан келеді. Бұл – суреттерді өшіріп тастаған соң қайта пайда болған граффитилер», дейді жоба өкілі Ж.Нұрсейітова.

Нашақорларды емдеу мен оңалту – маңызды мәсе­ле. Жеке орталықтарда ем­де­лу құны тым қымбат бол­ған­дықтан, азаматтардың қал­тасы көтере бермейді. Бел­сенділер жеке оңалту орта­лықтарының барлығы бірдей стандартталмағанын, соған қарамастан бірнеше жеке емдеу мекемесімен келісімге қол жеткізілгенін айтады. Қаржыландыру мәселесін Жастар саясаты жөніндегі басқарма қолға алған. Жоба жүзеге асқалы талай адам тегін оңалтудан өткен. Был­тыр белсенділер «Жаңа ға­сыр» қауымдастығымен бір­лесе отырып бірнеше жобаны жүзеге асырған.

Өз өмірін өксітіп қоймай, жақындарын да сарсаңға салатын нашақорларды емдеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлінгенімен, нәтиже көңіл көншітпейді. Диспансерге жатып ем алғандардың он­нан бірі ғана құлантаза айы­ғып шығатын көрінеді. Синтетикалық заттарға бір әуес болған жан уақыт өте ке­ле одан да күштісін пайда­ланып көргісі келеді. Бір­те-бірте ең қауіпті түрле­ріне дейін көтеріледі. Маман­дардың қабылдауына син­те­тикалық есірткі мен психо­стимуляторларды қол­дан­ған 13-14 жастағы жет­кін­шектерден бастап, алпысты алқымдаған азаматтар да жүгінген.

«Есірткіге әуес болған­дар саны ресми статистикадан бірнеше есе көп. Олар диспансерлік тіркеуге тұр­сақ, болашағымызға балта шабамыз деп ойлайды. Сондықтан өз бетінше емделуге тырысады. Дегенмен нашақорлықты емдеу мен оңалту – оңай мәселе емес. Жеке орталықтарда емделу құны тым қымбат бол­ғандықтан, әркімнің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне баласы есірткіге салынған ата-аналар мұндай мекемелерге сеніңкіремейді. Өкініштісі сол, сауықтыру мекемесінің өзінде сырттан сәлемдеме жеткізетін жағдайлар орын алған тұс­тар бар. Бұл тақырыпқа сауат­ты көзқараспен қарай­тын мамандардың қата­рын қалыңдатқан абзал. Әр­­кімнің теріс жолға түсу оқи­­ғалары – әртүрлі. Біреу тойынғаннан, ал біреу торық­қаннан есірткі дәмін татады. Есірткімен проблемамды жеңілдетем деп ойлайды, ал шын мәнінде, өзінің өміріне балта шапқанын тым кеш түсініп, бармақ шайнайды. Емделудің ең негізгі алғышарты адамның жеке сана сезімінен басталады. Санасына сілкініс жасай ал­мағандар сыртқы фак­тор­дың әсеріне түсіп, әлсіз­дік таныта береді. Ондай ем­делушілермен арнайы жұмыс жүргізу қажет», дейді психолог Дина Хасенова.

Қатерлі індетке қарсы кү­рес мә­селесі өткен аптада Мә­жіліс мінберінде тал­қы­ла­нып, еліміз есірткі қол­дану деңгейі жоғары ел­дердің қатарына кіргенін, Қылмыстық кодекс­ке есірт­кі құралдарын, пси­хотроп­тық заттарды, олардың аналог­терін заңсыз өндіру, прекурсорлардың заңсыз айналымы және өзге де әрекет­тер үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін бірқатар өзгеріс тұжырымдамалық түрде мақұлданғаны айтыл­ған еді. Алматылық жергілікті атқарушы органдар мен құ­қық қорғау ведомствосының өкілдері белсенді азаматтарды қоғам дертімен бірлесе күресуге шақырды.

 

АЛМАТЫ