Еңбек • 27 Қараша, 2024

Мамандыққа адалдық

58 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қол-аяғы балғадай жанның ешқандай кәсіпсіз қол қусырып қарап отырғаны – қай қоғамға да жараспайды. «Мамандығыма сай жұмыс таппадым» дегенді сылтау етіп, әр істің басын бір қайырып жүрген қазіргі жастарды көргенде еріксіз осындай ойға келесіз. Біздің бала кезімізде кетпенін арқалап бақшадан қайтқан диқаннан, егін мен шөптің қамымен көктем мен күз тыным таппайтын механизатордан, жазды жайлауда өткізіп, күзде етектегі елге түсер малшыдан құрметті жан жоқ еді.

Мамандыққа адалдық

Жақында бір таныстан естіген әңгі­ме де ойлантарлық. Қаладағы жеке мек­теп­тердің бірі бір пәннен 3 мұға­лім­­нің орнына конкурс жариялапты. «Сене­сіз бе, соған алпыстан аса адам қатыс­ты. Көпшілігі – грантпен оқып, оқуды енді бітірген жастар. Елімізде жоғары оқу орындары даярлап жатқан кейбір мамандықтарды бітіргендер саны қажеттіліктен асып кеткенін осыдан-ақ біле беріңіз. Есесіне көп мекеме қарапайым жұмысшы таба алмай отыр», дейді ол.

Дәл осындай мәселені «Қызылорда – Жезқазған» күре жолы құрылысына барғанда жергілікті мердігер, «Қыран» ЖШС-ның директоры Жайсаң Сыздықов та айтып еді. Компания 1 млн теңге жалақыға грейдер ай­дау­шыны шетелден алдырып отыр. Өйткені өзімізде ондай мамандық иелері табыла бермейді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де мамандығы қазір көп кездеспейді. Дұрысы, қазіргі жастар көп жолай бер­мейтін кәсіп. «Қызылорда су жүйе­сі» мекемесінің жөндеуші-слесарі Болат Назаров кезінде ауыл мектебін үз­дік бітірген оқушы еді. Сол жылы жер­гілікті педагогикалық институтқа да түсті. Болашақта тарихшы боламын деген жастың арманы да көп еді. Бірақ үйдің бар шаруасын атқарып жүрген үлкен ұлдың оқуға кеткені ең алдымен әке-шешеге салмақ болды.

Үйге ара-тұра бір соққанда тір­ліктен қажыған үлкендерді көрген жігіт оқуды тастап, ауыл­дағы шаруа қожалығына жұ­мысқа кірді. Техника да айдады, шаруашылықтың бар жұмы­сының басында жүрді. Өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болып, аз уақытта белді маманның біріне айналды. Ауылдағы шаруа­шылық жұмысын тоқтат­қан­да, «Қызылорда су жүйесі» меке­ме­сіне келіп, слесарь атанды.

Бастапқыда қара жұмыстан қажыған сәттерде «Әттең, баяғыда оқуымды үзбеуім керек еді» деген ойда болғаны рас. Бірақ жаңа ортаға үйреніп, кәсіпті меңгергеннен кейін оның бәрі жайына қалды. Жаңа жұмыс жас­тайынан мотор жинап, техника тілін үйренген оған оншалықты қиын болған жоқ. Десе де білгенін үйретуден жалықпаған Марат есімді аға шебердің қамқорлығын ұмыт­пайды. Қазір зейнетке шық­қан сол ағалардың жолын бұлар басты. Жұмысқа жаңа кел­ген жастарға жол көрсету сала­дағы білік­ті маман атанған осыларға ауысты.

«Әр жұмыстың өз ерекшелігі бар. Мысалы, кәріз сорғы станса­ларын жөндеуде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек. Біз жастарға осыны ескертеміз. Қазір бұрынғыға қарағанда жұ­мыс әл­деқайда жеңілдеді. Тір­лік­тің көбі автоматтандырылып, қаладағы 60-қа жуық сорғы станса­ла­ры­ның дені жаңартылды. Жалпы, кейінгі толқынның арасында көлік жүргізушісі, механизатор мамандығын кеңінен насихаттап, соған бейімдеуіміз керек. Слесарь­лық та сирек мамандыққа айналып барады. Әсіресе токарь табу қазір оңай болмай тұр. Жыл са­йын колледждерді тәмамдап жат­қан жүздеген маман жеңіл жұмыс іздеп әр салада жүр», дейді Болат Назаров.

Шынында да қазір жұмысшы болатын жасты күндіз қолыңа шам алып іздесең де табуың қиынға айналып барады. Көпшілігі белін бүкпей, бейнет шекпей, байлыққа кенеле қалғысы келеді. Әлеуметтік желідегі жарқылдаған өмірге елтіп жүргендері қаншама. Қол-аяғы балғадай жігіттердің мекеме есігін күзеткен қарауылдықтан аса алмай жүргеніне жаны ауырады. Ресми деректер бойынша еліміздегі құрылыс саласында жүргендердің 67 пайызы сырт мемлекеттерден келеді екен. Ауыл­дағы механизаторлардың ең жасы зейнет жасына келіп қалды. Елдегілердің көбі қалаға келіп, көлігімен адам тасығанды қанағат қылып жүр. Күні ертең жұмыс істейтін, істің көзін білетін жасты қайдан таппақпыз?

Осыдан да Мемлекет басшы­сының келесі жылды «Жұмысшы ма­мандықтары жылы» деп жария­ла­ғаны көпті қуантып отыр. Құ­ры­лыс, ауыл шаруашылығы, өнер­кәсіп саласында еңбек етіп жүр­гендерге көңіл бөлінсе, жұ­мыс­шының да мәртебесі арта­тыны анық. Кейіпкеріміз Президенттің жұмысшы мамандықтарын дә­ріп­теу арқылы еңбекқор, нағыз маман болу идеясын насихаттау, кәсіптік білім саласына реформа жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталғаны қоғамға үлкен қозғау салады деп ойлайды. Маң­дай терін төгіп жүріп табысқа жет­кен адамдарды үлгі етіп, олар­ға лайық құрмет көрсеткенде ғана ең­беккер мәртебесі көтеріле бер­мек.

«Баланы шектен тыс өбек­теудің зардабы көп. Кішкен­тайы­нан қолынан келетін жұмыс­ты тапсырсақ, ертең есейгенде еңбектен қашпайтын, жауап­кершілігі жоғары адам қалып­та­сатынын ұмытпауымыз керек», дейді ол. Өзі балаларын осы бағытта тәрбиеледі. Ұлдың үлкені әскерден кейін сол салада еңбек етіп жүр. Кейінгілерінің де тапсырған істі тап-тұйнақтай атқаруын қадағалайды.

«Жұмыстың көзін тапқан бай­лықтың өзін табады» деген бар. Бұл – кәсібіне адал әрі жауап­кер­шілікпен қараған адамды құрметтің төріне шығарғысы келген қоғамның ұстанымы.

 

ҚЫЗЫЛОРДА