Еңбек • Бүгін, 09:37

Көптің құрметіне бөленген

14 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС-ында табан аудармай 35 жыл еңбек етіп келе жатқан Марат Балыбеков жақында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Елуді орталаған жігіт ағасы – қайнаған еңбектің ортасынан шыққан жан. Біртоға сөзі мен ісі үйлескен, ортасына сыйлы, бала-шағасының, ағайын-туысының алдында беделді.

Көптің құрметіне бөленген

«Құмқұдық» серіктестігі Әйтеке би ауданында 20 мың гек­тардан астам жерге арпа, бидай, күнбағыс, көпжылдық шөп егеді. Қазір шаруа­шылық еңбеккерлері күзгі жиын-терін жұмыстарын біті­ріп, астықты қам­баға тапсырып, дема­лысқа шықты. Марат шаруа­шылықта америкалық «Case IH» компаниясының астық жинай­тын комбайнын жүргізеді. Бұл техниканың өнімділігі жо­ғары, заманауи технологиялармен жаб­дық­­талған, компьютермен басқарылады. «Қазір біздің шаруашылықта ескі техника жоқ, комбайн, трактор түгел жаңартылған. Жұмыс өзі­міз­ге ұнайды, еңбекақымыз да тәуір, уақтылы қолға тиеді. Серіктестікті ауы­лымыздың аза­маты Александр Федорович Чемоданов басқарады. Егін ора­ғын күзгі мол жауын-шашын­ға қарамастан мерзімін­де аяқ­тадық. Дегенмен алды­мыз­дан үнемі шығатын мәсе­ле – меха­ни­заторлардың жетіспеу­ші­лігі. Жастар трактор, комбайн жүргізуге аса құлықты емес. Тіпті техникадан қашады десем, артық айтқандық болмас. Олардың мектеп бітіргеннен кейін қалаға кетіп, ауылға қайтып келмейтіні өкінішті», дейді ең­беккер.

Әйтеке би ауданының Құм­құдық ауылында 200-ден астам үй бар. Ауыл тұрғындарының дені А.Чемоданов басқаратын «Құмқұдық» ЖШС-ында еңбек етеді. Облыс орталығынан 400 шақырым жердегі ауылдың жағ­дайы жақсы. Тұрақты жұмы­сы болған соң, ешкім сыртқа көшіп кетпеген. Серіктестікте жиырмадан астам механизатор бар.

Марат 1987 жылы Қарашатау орта мектебін бітіріп, жүргізуші куәлігін алған соң, ескі трактордың руліне отырды. Ескі көлік, құ­ралдары да тапшы уақытта көп­пен бірге қиындықты еңсере білді. Еңбекке қанығуға жақсы үлгі болды. «Біздің қата­рымыз еңбекке ерте араласты. 6-сыныпты бітіргеннен бастап балалар ауылда бос жүрмей, қырманға, шөп шабуға, мал бағуға баратын. Мен жазда шөпшілерге барып, буып-түюге көмектесетінмін. Сол кезден бас­тап, техниканың тілін үйрене бердім. Еңбекке ерте араласқанның арқасында мектеп бітірген соң жұмысқа бірден алды. Бүгінде баланы қол еңбегіне үйрету жағы кемшін. Содан ақсау­сақ ұрпақ көбейді. Меніңше, техниканың тілін түсінбеген соң, жұмыстан қашады», дейді Марат Бадиұлы.

«Құмқұдық» серіктестігінің қызмет­кер­лері егін орағы кезін­дегі жауын-шашынға қара­мас­тан, өнімді ысырапсыз жинап, қой­ма­ларға құйып алды. Ауыл еңбек­керлерінің тынымсыз тірлігі ерте көктемнен басталып, қарашаның соңына дейін созылады. Қыс бойы көпшілігі демалыста болғанымен, кейбірі тыным таппайды. Әсіресе К-700 көлігінің жүр­­­гізушілері ақтүтек боранда көлік жолын ашады, алқаптарға қар тоқ­татумен айналысады.

Қай кезде де жұмыстың сәтті аяқталуы әуел баста дұрыс ұйым­дастыруға байланыс­ты. Осы жа­ғы­нан «Құмқұдық» серік­тес­тігінің үлгі аларлық тұстары көп. Мә­селен, егін орағы кезінде жұ­мыс таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі 21.00-де аяқталады. Егіс басталғанда екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы 08.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін созылса, түнгі ауысым кешкі 20.00-де басталып, таңғы 08.00-де аяқталады.

Құмқұдықтың еңбеккерлері техникаларын өздері жөндеп алады. Ал алда-жалда компью­тер­ден ақау шықса, сервистік қыз­мет көрсететін мамандарды ша­қыр­тады. Бұл да оңай емес. Себе­бі Құмқұдық Ақтөбе қала­сы­нан 400 шақырым қашық­тықта орна­лас­қан.

Арпа, бидай, күнбағыспен бірге астық тұқымдас құнарлы мал азықтарын көптеп өсіріп жатқан шаруашылықтың алда­ғы күнге жоспары көп. Қара­шатаудан түлеп ұшқан еңбеккер Марат ауылдардың көркеюі адам­дарға байланысты дейді. Әрбір адам туған жерінде адал еңбек етсе, жұмысты дұрыс ұйым­дас­тыра білсе, елдің дәулеті артады. Мұның бір жолы – жастарды ауылға тарту арқылы жұ­мыс орындарын көптеп ашу. Адал еңбе­гімен көптің құрметіне бөлен­ген механизатор талапты жасты комбайн жүргізуге үйре­ту­ден қашпайды.

 

Ақтөбе облысы