Білім • Кеше

Білікті кадр даярлауға бағытталған қадам

64 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылға дейінгі тұ­жы­рымдамасын іске асыру мақ­сатында елімізде шетел уни­верситеттерінің филиалын ашу жұмыстары жалғасып келеді. Мемлекетаралық келі­сімге сәйкес 2021 жылдан бергі аралықта республикада 23 шетел университетінің филиалы ашылған.

Білікті кадр даярлауға бағытталған қадам

Білім трансферті арқылы ғы­лым мен инновацияны дамыту, бәсекеге қабілетті ма­ман­дар даярлауды мақсат етіп отыр­­ған Үкімет жаһандық бәсекеде ба­­сымдықтарымызды қайта қарау қа­жеттігін қаперге алып, күш-жігерді тех­­никалық мамандықты дамытуға ба­­ғыттап отыр. Бұған дейін Президент елі­мізде экономист, заңгер, менед­жер мамандарды даярлауға көңіл бөлініп кеткенін сынға алып, ендігі кезекте инженерлер даярлау ісін шұғыл қолға алуды міндеттеді.

Елімізде шетел оқу орындарын ­ашу тәжірибесі бұрыннан қалыптасқан. ­­2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­­зия ұлттық университетінде М.В.Ломо­но­сов атындағы ММУ филиалы ашы­лып, 2019 жылы екі ел арасындағы келі­сімді ратификациялау туралы заңға ­қол қойылды. Кейінгі жылдары Ресей­дің басқа да университеттерінің филиалын ашу қарқын алды. Осыған орай Президент тапсырмасына сәйкес ке­лер жылға дейін 6 Ресей жоғары оқу орны филиалын ашу туралы үкіметара­лық келісімдерге қол қойылды. Мұн­дағы басты мақсат – көрші елмен білім саласындағы әріптестікті нығайта оты­рып, елімізде тапшылығы сезіліп отыр­ған инженер кадрларды даярлау.

Бүгінде елімізде MESI Өскемен ­филиалы, ЧелМУ Қостанай филиалы, Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінің Алматы­дағы филиалы, Мәскеу авиациялық институтының «Восход» Байқоңыр филиалымен қатар М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И.Мен­делеев атындағы Ресей химия-техно­логиялық университетінің, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ уни­верситеті базасында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университеті базасында ашылған «Heriot-Watt» университеті, тағы да бас­қа бірлескен білім келісімдері іске асып, филиалдар жұмыс істеп жатыр.

Екі ел арасындағы ықпал­дас­тық сапалы білім берумен қатар қос дип­ломды бағдарламалар аясында ақ­па­раттық-коммуникациялық техно­логияларды игеруге ықпал етеді. Ғы­лым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбектің айтуынша, шетел уни­версиеттерінің филиалдарын ­ашу­­­да рейтингіне ғана емес, стратегия­­­лық әріптестікке де басты назар ауда­рылады. Ресей, Қытай, Еуропа, Түр­кия, Америка университеттері­нің филиалдары білім, ғылым саласын­дағы халықаралық әріптестікті нығай­ту мақ­сатында таңдалған. Мұнымен қоса, шетелдік оқу орны жергілікті университетті халықаралық университетке айналдыруға міндеттенеді. Ал шетелдік әріптес оқу орындарын ашу аймақтардағы сұранысқа орай іріктеледі. Осыған орай 2029 жылға дейін елімізде 2 мыңнан астам біліктілігі жоғары маман даярлау көзделіп отыр.

Елімізде 2022 жылы Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­тетін­де ашылған оқу орны – «Мәскеу инже­нерлік-физика институты» ұлттық ядролық зерттеу универ­си­тетінің филиалы.

МИФИ-ді ашудағы басты мақсат – қолданбалы ғылым саласындағы ынты­мақтастыққа жол ашып, бакалавриат, магистратура және докторантура бо­йынша ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энер­гетикасы, наноматериалдар салаларында бірлесіп маман даярлау.

МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (Мәскеу инженерлік-физика институты) Алматы қала­сын­дағы филиалының жетекшісі, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Дәулетовтің айтуын­ша, «Шетелдік филиалдардың жағымды жақтары, әрине бар. Өйткені кез келген жүйенің ашықтығы, соның ішінде білім беру саналады. Білім алмасу әр­түрлі тәжірибелерді бағалап, салыс­ты­рып, үздігін таңдауға мүмкіндік бере­ді. Бүгінгі таңда МИФИ филиалы елі­міз­­де заңды тұлға ретінде жұмыс істеп ­жа­тыр әрі Мәскеуегі бас оқу әкімшілігіне ба­ғынады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­теті­нің ғимаратын келісімшарт негізін­де тегін пайдалану мүмкіндігіне ие. Филиалда Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясының бағдарламасы бо­йынша білім алып, Ресей үлгісіндегі диплом алады. Оқу орны кеңестік білім беру дәстүрін сақтап қалған, ондағы оқу жүйесінің ерекшелігін де атап кетсек артық болмайды. Бірақ филиалға түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тест тапсыру арқылы түсе алмайды. Оларға бас жоғары оқу орнының талабына сәйкес қатаң сынақтан өтуге тура келеді.

Қазіргі кезде МИФИ Ұлттық ядро­лық зерттеу университетінің Алма­ты қаласындағы филиалында бакалав­риатта 95 студент оқыса, магистратурада 39 студент білім алады. Студенттер Алматы қаласында 3 жыл, оған қоса бір жыл Мәскеу қаласында оқиды. Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес филиал қызметі оқытушылар құрамының 50 пайызы бас оқу орнынан болған жағдайда ғана толыққанды іске асады.

«Материалдық-техникалық, оқу-өн­дірістік, ғылыми зерттеу зертханаларына келетін болсақ, инженерлер­ді даярлау теориялық біліммен ғана байланысты емес. Келешекте сапалы білімді қамтамасыз етеміз десек, ар­найы жабдықталған зертханалар, мұ­нымен қоса көрші Өзбекстан елін­дегідей филиалдарға жеке корпустар қа­жет. Әзірге елімізде шетелдік оқу орын­­дарының филиалдарын ашу үрді­сін жеделдету мен қаржылық шы­ғын­дарды азайту үшін оларды базалық университеттерде орналастыру жүйесі іске асырылған. Алдағы уақытта жеке кампустар мәселесі шешілуге тиіс. Ал болашақ инженерлер еліміздің еңбек нарығына дайындалатындықтан, филиалдарды қаржыландыру жағы ел ішін­дегі индустриялық әріптестермен бірлесе шешілгені абзал. Тек қана осындай тәжірибелі бағытталған қадам ғана студенттердің кәсіби құзыреттілігін қамтамасыз етіп, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатуға ықпал етеді», дейді филиал жетекшісі.

Екі ел арасындағы білім алмасу келісіміне 2003 жылы қол қойылған. Осы аралықтан бері еліміздегі оқу орын­дарына ғылыми тәжірибе ал­масу мақсатында ғалымдар, оқыту­шы­лардың келуі дәстүрлі шараға айналып отыр. Мұнымен қоса бірлескен ғылым, білім бағдарламалары іске асып жатыр. Екіжақты келісімдер көп жағдай­да университеттераралық келісімдер негізінде іске асып келеді.

Сарапшылар елімізде шетел оқу орындарын ашуда туындай­тын бір­қатар себептің бірін білікті­лігі жо­ғары оқытушылардың жетіспеу­ші­лі­гі­мен байланыстырады. Әзірге елі­міз­де бұл мәселе толыққанды шеші­мін тапқан жоқ. Орта білім мен ғы­лым саласындағы жасалып жатқан рефор­малардың нәтижелі кезеңі әлі алыстау. Білікті ғылыми кадрлардың шетелдерге кету үрдісі жалғасып отыр. Ал шетелдік университеттер филиалдары даярлаған мамандар сапасы – ертеңгі күннің еншісіндегі мәселе.

Осы орайда инженер кадрларды даярлауға басымдық беріп, Ресей университеттерінің филиалын ашу­ға көңіл бөліп отырған ел Үкіметін алаң­датып отырған мәселенің тағы бірі – бі­лім саласындағы эмиграцияны тежеу. Де­ректерге сүйенсек, елімізден білім іздеп кеткен түлектердің 20 пайыздан ас­тамы Ресей оқу орындарын таңдап, көп жағдайда көрші елде жұмыс істеп тұрақтап қалуға амалсыздан мәжбүр.

Бүгінде Ресейде 70 мыңға жуық отан­дасымыз білім алып жа­тыр. Олар көрші елде білім алып жат­қан ше­телдіктердің көшін бастап тұр. Ресей үкіметі Қазақстан студенттері үшін квота беріп, әр жылдарда 500–800 орын қарастырады. Ресей жоғары оқу орындарын таңдау себептеріне байланысты жүргізілген сауалнамаға сәйкес түлектер елімізде оқу бітіргеннен кейін жұмыс табу мүмкіндігінің аздығын атап өтсе, енді бірі Ресейдің Еуропа, Қытай, Кореяға географиялық жақындығы­нан жұмысқа орналасу мүмкіндігі мол екенін айтады. Мұнымен қоса өрші елдің кейбір оқу орындары­на түсу талаптары салыстырмалы түрде алғанда, әлдеқайда жеңіл. Олар­ды гу­ма­нитарлық мамандықтармен қа­тар ­(шамамен 40 пайыз), металлургия, ­тау-кен ісі, мұнай газ, химия өнеркәсібі (35 па­йыз), медицина, физика, химия (25 па­йыз) саласы қызықтырады. Кейін­гі кезде IT-технология, нано-биотехно­ло­гия, роботтехника, радиоэлектро­ни­ка, информатика мен есептеуіш тех­ни­калары, инжиниринг саласына да сұраныс артып отыр.

Сондықтан еліміздегі универси­теттер филиалдары ғана емес, ин­же­нерлік бағыттағы төл оқу орындарында білім алатын түлектер үшін жо­ғары мүм­кіндіктер қарастыры­лып, елі­міз­дің өндірісі мен өнеркәсіп секторы, зама­науи технологиялық салаларды дамыту­ға үлес қосуға, қа­лаған уақытында білік­тілігі мен жоғары білімнен кейінгі білімін жетілдіруге ба­ғытталған кешенді жобалар дамуға тиіс. Бұл бағытта шетел университеттері, өнерәсіп орындары, ІТ-хабтары­ның озық жетістіктерін үйрену – уақыт талабы. Бұл өз түлектеріміздің білім, ғылымдағы әлеуетін таяу жылдарда ел экономикасына бағыттауға молы­нан мүмкіндік береді.

 

АЛМАТЫ