Әдебиет • Бүгін, 08:23

«Қызыл гүл» символикасы

22 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орыс прозасында ірі классиктерден сәл төменірек, екінші санатта бағаланатын хас дарындар бар: Лесков, Мамин-Сибиряк, Гаршин, Куприн, Бунин. Бұл жазушылардың бірқатарында қыпшақ қаны бар екені айдан анық, ол дүниені көру һәм қабылдау қасиетінен, сөз магиясынан, стильдік ерекшелігінен байқалып қояды.

«Қызыл гүл» символикасы

XIX ғасырдың екінші жар­ты­сындағы сыни реализм өкілі Всеволод Михайлович Гаршин (1855–1888) небәрі 33 жыл өмір кешті. Оның шығармашылық дүниетанымын ерекшелейтін не? Неміс философы Карл Ясперстің ойынша, «жер бетіндегі зұлымдық – бір адам баласы тіршілігінің екінші біреуге саңырау, керең, меңіреулігі» болып табылады. Всеволод Гаршиннің таңдамалы прозасынан адам нәсіліне асқан жанашырлық, жанды тірші­лік атаулыға деген мейірімге толы жүрек қуаты айқын білінеді. Оның жастай күйреп кетуіне айрықша адамшылық қасиеті себеп болған сияқты. Жазушы туралы естелік жазғандардың бәрі Гаршинді аса адал, өте мейірімді, жаны кіршіксіз таза, кісілігі шынайы, асқан білімді, өзге дарынды қылдай күндеуді біл­мейтін бекзат жан ретінде сипат­тайды. Оның шығармашылы­­ғын ерекшелейтін рух – жат қайғыны сезініп қан жылайтын жұмсақ жүрек, жаны нәзік мейірбандық.

М.Горький атындағы Әдебиет институтының IV курсында В.Гар­шиннің «Қызыл гүл» атты әңгі­месін оқымағандықтан, емтиханнан құлағаным бар. Оқытушы С.Ф.Дмитренко менен «осы әңгі­ме­нің оқиғасы қайда өтеді?» деп сұрады. Біздің таңдаулы твор­чест­во­лық инс­титутта оқыту­шылар тара­пынан студент қауымға бекер қы­сым болмайды, керек десе, шетел­дерде жиі дәріс оқитын айтулы академик, профессорлармен дауласып, пікір таластыруды өзіне мәртебе санайтын студенттер аз болмайтын.

«Қызыл гүл» атты әңгіме ғұмыр­баяндық сипатта жазылған. Абай «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» десе де, Лермонтовтан ­аудармада «Тіл өнері дертпен тең» деп іштегі жалын сыртқа шықпай қоймасын мойындайды. Шын сөз сананы билеп, жарып шығады.

Әңгіменің символына айналған гүл (орысша «мак») көкнәр, апиын­ алатын, есірткілік нәрі бар өсімдік. Авторды арбаған сиқыр гүл­дің қызыл түсіне байланысты болуы мүмкін, себебі бұл тіршілік көзі – қанның түсі. Оның досы әйгілі суретші Илья Репин «Иван Гроз­ный» атты картинасында деспот әке қолынан өлген ханзаданың кескінін салуға Гаршинді модель еткен.

Төңкеріске дейінгі ескі Ресейде жындыханада гүл бақшаны басөты нысан ретінде суреттеу идеясы оқырманды арбап алары даусыз. Неліктен Гаршин бас кейіпкер аластауға асыққан жамандық тұс­па­лы деп гүлді таңдаған? Гүл­шешек мүлдем басқа сипат, сұлу­лық нышаны емес пе еді? Жазушы философиялық мәнде дін мен әдебиет басы бүтін елжіреп, мен­шіктеп алған раушан гүлін емес, көкнәрді таңдауында не гәп болуы мүмкін? Мысалы, романтик ақын, мистик Новалис (1772–1801) «Гейнрих фон Офтердинген» атты романда Гейнрих түсінде көгілдір гүлді көріп, ғашық болады, сөйтіп сүйген қалыңдығын іздеп табады. Көгілдір гүл Матильда болып­ шығады. 29 жыл өмір кешкен Нова­лис пен Гаршин екеуі де жүйке дертіне шалдығып, жастай құрбан болды. Қос тұлғаның дүниета­­­­ным, поэтикалық болмыс-бітімі тым ұқ­сас. Кейбір суреткер Дон Кихот ру­хынан жаралғандар. Гаршинде жауыз, зұлым кейіпкер жоқ, оның кейіпкері өксіп-өксіп жылайды. Суреткер қарасөзді ақ өлең түрінде төгілте жазады.

Көне грек мифтерінде көкнәр Афродита, Деметра, Персефона, Рея, сондай-ақ ұйқы мен қиял-арман құдайы Морфейдің гүлі болып саналады. Көне грек құ­дайлары табиғат құбылыстарын кейіптейді, жаратылыс стихияларын тұлғаландырудан туған. Апулейде көкнәр – Oniros, жабайы көкнәр, есектердің райхангүлі. Ертеде апиын көкнәрдің гүлімен эпилепсия-қояншық ауруын емдеген. Гаршин оны текке таңдамаған сияқты. Қырғын соғыста төгілген қаннан даланы тұтас көмкеріп көкнәр өсіп шықты деген ұғым болған. Алқызыл түс өлімнен соң қайта жаралуды сипаттайды.

Біресе санасы айқын қалыпты күйге түсетін, өзінің дерті қандай екенін білетін, біресе жанын есірік билейтін бақытсыз кейіпкер. Есі ауысқандарға салынған қазына үйінде бақшада өскен алқызыл көк­нәр оның есін алды. Ол алқызыл гүлді күллі әлемнің зұлымдық квинтэссенциясы, яғни негізі, шоғырмағы деп қабылдайды. Гүл демі улы, ажал шашатындай болып сезінді, өсімдік емес, жылан сияқты. Оның сырт сұлулығы алдамшы. Адамзаттың бейкүнә төгілген қаны, барша көз жасы, ашу-ызасы жиналып қалған зұлымдық белгісі, сұмдық қорқынышты, құдайға қарсы жаратылыс. Бір түп көкнәр гүлін күзетшіге көрсетпей жұлып, біреуін оның көзінше жұлып, кеудесіне жасырған қаһарман солған гүлді өртеп, күлін таптап, үрлеп ұшырды. Бақшада қалған соңғы гүлді түн ішінде үлкен кедергіден өтіп барып жұлды. Гүлді құрту ол үшін өмір не өлім, нағыз күрес. Зұлымдықты жойдым деп ұққан сырқат төсегінде жатып өлді, жүзі жадырап, ізгі іс тындырып, жаны жай тауып, молаға уысында қатып қалған соңғы гүлді ала кетті. Автор әңгімені Тургеневтің рухына арнаған. Жазушы кейіпкерін «Ол» дейді, есімін атамайтын себебі, жаны қиналса да дәл өзін кейіптеп отыр ғой. Жындылар үйіне алғаш түс­кенде бұл жер инквизиция, жасы­рын өлім жазасы орындалатын орын деп ойлайды. Бақта өскен әр­түрлі гүлді суреттеуі ерекше ­та­тым­ды.

«Аюлар» атты құнарлы әңгіме­ге жазу­шы жасырын мағына салған, әлеуметтік теңсіздіктен дарға асылғандарды жазуға рұқсат жоқ, сондықтан аюларды қалай атқандарын жазамын деп айтқан екен. Әңгімеде аюлар адамдарды бейнелеуді астарлайды, сонымен қоса сыған таборларында қолға үйретілген аюлардың шын тағдыры суреттелген. Сыған шал қаскөй ажалға қимай зар еңірейтін кәрі аюының аты Потап. Расында ең алғашқы цирктер қаңбақтай сырғып көше беретін сыған жұртына тиесілі тәрізді. Әңгіменің драмалық тұңғиығы терең, қоғамдық конфликт жан тебірентеді, жазушы сыған жұртының бақытсыздығына күйініп, детальдарды мейлінше айқын, образдарды қанық сурет­тейді.

Бөденені қазақ қайда барса бытпылдық дейді. Бөдененің дыбысын қазақтың құлағы солай естиді. Гаршин суреттеуінде: «...то перепелы начнут кричать свое «пить пойдем! пить пойдем!», мұқият тыңдаса екі тілде де бірдей естіле ме, қалай, бөдене құс үніне еліктеп бастырмалата айтылған сөздердің өзара ұқсастығы білінер еді.

Аю бейнесі әлемдік прозада мистикалық сарында еліте беріл­ген. Проспер Мерименің «Локис» атты таңғажайып повесінде, Иван Буниннің «Железная шерсть» атты әңгімесінде аю мистикалық-иррациональдық сарынымен бау­райды. Бунин жазған оймақтай әңгіменің көркемдік қуаты жойқын, қарасөзбен төгілген мифтік сарын, атауын қазақшаласа «Темірдей түк» немесе «Шойын қылшық» деу­ге көне қояр ма екен... Зейнолла Сәнікте «Аю атқанның әңгімесі» реалистік сипатта жазылса, Асқар Алтай аю туралы мистикалық-реалистік реңкті аралас жазды. Лессингте «Биші аю» сатира.

Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабын тұтас жазушылардың қилы-қилы қайғылы тағдырына арнаған. Ол қыруар өмірбаян, естеліктерді инемен құдық қазғандай мұқият оқып зерттеп, ең ғажабы, өзі сол шығармашылық тұлғалармен тұта­сып, есіл-дертімен елжіреп, жаны күйіп жазған. Қадыр ағаның назарынан айтулы ақын-жазушы сырт қалмаған сияқты.

«Болашағынан үлкен үміт күт­­­тірген шынайы орыс талант­та­ры­ның бірі – Всеволод Гаршин. Сол туралы «ЖЗЛ» сериясына арнап жазған кітабының соңғы жағында В.Порумодинский былай дейді: «18 наурызда Гаршин әйелі екеуі дәрігер Фрейдің қабылдауында бо­лады. Гаршин одан ауруханаға жат­қызуын өтінеді. «Оның қажеті не? Оның қажеті не? Одан да сол Кав­ка­зыңа жүре бер!» деп зар қағады Фрей. Олар кеткеннен кейін ассис­тент әйел: – Гаршинді ауру­ханада қал­­дырғаныңыз дұ­рыс болар еді ғой, – дейді.

Фрей қолын бір сілтеп: – О не дегенің? О не дегенің? Көп кешікпей ол өзін өлтіріп тынады!

– Онда тіптен жіберуге болмайтын еді ғой!

– Менің ауруханамда біреу-міреудің өлгенін қаламаймын! Одан да сол Кисловодскісіне бара берсін!

Автор дарынды жазушының соңғы күндердегі көңіл күйін доктор Фрейдің іс-әрекеті арқылы өте дәл берген. Содан бес-алты күн өтер-өтпесте жүйкесі тозған Гаршин үйдің жоғары қабатына көтерілетін айналма баспалдақтың ұшар басынан құлап өлді.

Бұл сөзімді деме менің балалық,

Тағдыр мені аямайды – бұл анық! – деп тегін айтпаған екен өзі» (Қадыр Мырза Әли. «Жазмыш». 137-138 бет).

А.И.Леман Гаршин туралы мақаласында «...Гаршиндер әуле­тінде татар қаны бар» деп жазады. Жазушының бабасы Алтын Ордадан шыққан, Гарша я Горша есімді кісі болған. Бұл қысқарған есім немесе өзге тілге лайық бұрмаланған болуы да мүмкін. Бұрын қыпшақтарды татар деп атай берген ғой. Ономастика этникалық текті танытады. Қазақта «ша» жұрнағымен жасалатын есім­дер көп: Жиренше, Жаһанша-Жанша, Нарша, Сарша, Орынша, Аманша, Ханша, Қалауша. «Қазақ сөздігінен» ұқсас сөздер іздедім. «Қарынса – этн. аттың бауырын маса, сона шақпау үшін ау торынан жасалатын қап»; Гаршок, дәлірегі горшок, орысша сөз – түбек (бесікке бөлегенде жаялықтары былғанбас үшін бесіктің астын тесіп орнататын дәрет ыдысы). Түбек – көшпелі тұрмыс үшін теңдесі жоқ зат, былайша унитаздың атасы деуге болар. Түбек Байқошқарұлы Абайға әсер еткен айтыс ақыны.

Әдебиет – бауырмалдық сезім­дерді оятатын құдірет.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы