Зерде • 29 Қараша, 2024

Нұрын шашқан Нұран баб

176 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жалпы, Алла Тағаланың берекесі қонбаған мекеннің үстінде жұрт ел болып ұйыса алмайды, ал ілім қонбаған елдің болашағы мүлде жоқ. Алла сол елге ілімнің гауһар жаңбырын төгем десе, сол елдің ішінен өзіне ғана жүрегі бұрылып, оның асыл діні – Исламға буыны мығым бекіген әулие-әнбиелер арқылы жаудырады. Алланың сүйікті пенделері сол елдің құт-берекесіне, темірқазығына айналып, сол мекеннің алапатын асырып, ырысын молайтады.

Нұрын шашқан Нұран баб

Алла Тағала Құрандағы «Бақа­ра» сүресінің 257-аятында: «Алла – иман келтіргендердің жанашыр досы, қамқоршысы һәм қорға­ны, оларды тас қараңғы түнектер­ден жарық нұрға шығарады...» дейді, ал «Юнус» («Жүніс») сүре­сінің 62-63-64-аяттарында Алла Тағала: «Біліп қойыңдар, расында Алланың әулие құлдары үшін ешқандай қорқыныш жоқ һәм олар әсте мұңаймайды (62). Олар шынайы түрде иман еткендер һәм Аллаға асылық қылудан сақ­танып, өз міндеттерін толықтай орындайтындар (63). Оларға бұл дүниеде де, ақыретте де сүйінші. Алланың сөздерінде өзгеріске жол берілмейді. Міне, ең ұлы жетіс­тік, ең зор табыс осы» (64) деп, Өз әулие-достарының рухани бол­мыс-бітімін, тіршіліктегі ниет-әреке­тін тайға таңба басқандай етіп көрсе­тіп берді.

Қай заман болсын, Алла наза­ры түскен елге өз заманының Құтыб­тарын, әулие-машайықта­рын үз­діксіз, үзіліссіз жіберіп отырған. Соның бірі һәм бірегейі – мың жылдан астам уақыт жасырын жатып, жақында ғана ұрпақ­тарымен қайта қауышқан баба­мыз, ұлы әулиеміз Мұхаммед Нұран баб.

Мұхаммед Нұран баб (Алла оның әзиз рухын ұлы рақымына бөлесін!) – милләди жыл санауымен Х–ХІ ғасырда ғұмыр кешкен, қасиет қонып, рухани дәрежесі жоғарғы мақамдарға жеткен ар­дақты бабамыз.

Атамыздың асыл қабірінің қа­лай ашылып, жұртқа қалай жа­рия болғаны туралы бірқатар ма­қала жарық көрді. Біздің бұл мақа­­ламыздың басты мақсаты – Мұхам­мед Нұран бабтың рухани болмысына ой жүгіртіп, оның Исламдағы, оның ішіндегі бабалар ұстанған сопылықтағы дәрежелерін саралап көру. Жақында Түркістан облысы Түлкібас ауданы Абай ауы­лында Мұхаммед Нұран баб­тың кесенесі салтанатты ашылды. Алланың қалауымен біз де сол берекелі жиынға қатысып, баба­­мызға қатысты ой-толғам­да­ры­мызды ортаға салдық. Кесене­ден бұ­рын бабамыздың басына қойылған құлпытас табылғанын көзіқарақты оқырман естіп-білді деп ойлаймыз. Сол құлпытастағы жазуды оқу бізге нәсіп болған екен. Сол туралы аз-кем айта кетсек деп отырмыз.

Құлпытаста араб тілінің Куфи стилімен «Бұл қабір Мұхаммед Нұран баб» деп қашалып жазыл­ғанын оқыдық. «Куфи стилі» деге­німіз – Исламның алғашқы кезең­дерінде қасиетті Құран Кәрімді көшіруде пайдаланған араб тілі­нің каллиграфиясы. Нұран бабтың құлпытасындағы есім-сойының Куфи стилімен қашалғанынан-ақ ескерткіш пен оның иесінің өмір тарихы қазақ даласына Ислам­ның алғаш тарай бастаған за­манға сай келеті­нін көруге бо­лады. Бұл – ерте орта ға­сыр кезе­ңі, осы аймақтағы Қарахан мемле­ке­тінің салтанат құрып тұр­ған тари­хымыздың ең бір жарқын дәуірі.

Мұхаммед Нұран баб та осы Қарахан мемлекетінің ұстын тұлғаларының бірі, әрі ірі қол­басшы, әрі темірден түйін түйген ұста, әрі ладуни ілімін меңгерген рухани дәрежесі өте биік адам болғаны айқын көрініп тұр. Қабірінің тас­тан қаланғаны да бұл кісінің осы өңірге Исламның сәулет өнері әлі келе қоймаған, қыш кірпіштен қаланып, күмбезді сағаналар тұр­ғызылмаған кез, керісінше ежелгі түркі жұрағатының жерлеу рәсімі қолданыста болған уақы­тында дү­ниеден өткенін көрсетеді. 

Ал енді есіміне тіркеліп тұрған «баб» сөзі екінің бірінің атына жалғана бермейді. «Баб» – діни-рухани мәртебе, адамның рухани дәрежесін анықтайтын биік сипаттамалардың бірі.

Мәселен, ясауитанушы ға­лым­дар Құл Қожа Ахмет Ясауиге қа­тысты «бабтардан» кейінгі келген толқынның өкілі деп жүр. Және Бабтардан кейін­гі буынға «Аталар» дәуірі деген атау беріпті. Бұл мүм­кін ғылыми сұрыптап, жіктеп айтуға жақсы шығар. Бірақ әулие­лердің шынайы дәрежелерін дәл айқындай алмайтын, ақиқат­тан алыстататын әдістеме. Себебі Қожа Ахмет Ясауи де күллі түркі халықтары­на рухани есіктерді ашушы, рухани ұстаз, қазір қолда­ныс­қа қайтып кеп жатқан Түркіс­тан аймағының ұлық Пірі, ұлы әулие, Әзірет сұлтан, яғни әулиелер­дің сұлтаны болғандық­тан, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз­дың да рухани дәрежесі – «баб» бола­ды.

Сол секілді Мұхаммед Нұран бабтың да көзі тірісінде «баб» деп аталуы да сол рухани қақпаларды ашып, өзі ілім бұлағына айналып, сол кездің адамдарына рухани пір, жүрек ұстазы болғаны анық.

Мұхаммед Нұран бабтың есі­міне жалғанған тағы бір діни дәреже – «Нұран» дәрежесі. Нұран деп шаһид адамдарға қаратылып айтылады. Яғни Алла жолындағы ғазауат соғысында жүрген, дін­нің қорғаушысы болған адамдарға берілетін дәреже.

Онымен қоса Мұхаммед Нұран бабтың құлпытасқа жазылма­ған тағы басқа да рухани дәрежесі болғаны анық. Мәселен, бұл кісі «Құтб заман», «Құтбул-Ақтаб» бол­ғаны анық аңғарылады. Яғни «Құтыбтардың Құтыбы», оның бір белгісі бабамыздың қабірінен табылған «Мир-а» тасы.

Енді осы жерде Құтыбтар деген кімдер және олардың Ислам дініндегі көрінісі мен дәлел-дә­йектері туралы аз-кем мағлұмат бере кеткен жөн.

Құтб дәрежесі туралы Исмаил Хаққидің «Рухул-баян фи тафсирил Құран» атты тәпсір кітабында­ғы «Ахзаб» сүресі, 40-аятының тәпсі­рінде былай деген: «Хазіреті ­Мұхам­медтің (оған Аллаһтың игі­лігі мен сәлемі болсын) екі нұры болды: пайғамбарлық және уәлилік (әулиелік) нұры. Ол бұл дүниеден көшкен кезінде пай­ғам­барлық есігі жабылды, сонда пай­ғамбарлық нұры пәк шари­ғатта қалды, яғни шариғат ілімін үйренген ғұламалар арқы­лы арамызда болады. Ал уәлилік (әулиелік) нұры Құтбул-Ақтаб­тың (Құтбтардың Құтыбының) бати­нында (ішкі дүниесінде) қалды.

«Құтб» сөзінің мағынасы – әулие­лер иерархиясындағы кие­лілік­­­тің ең жоғары дәрежесіне жеткен, ­яғни сопылық дәрежелері­нің ең ­жоға­ры сатысына көтеріл­ген руханият жетекшісі әрі рухани тәлімгер.

Құтбтарға қатысты халық арасында бірнеше түрлі «баб», «баба», «ата», «пір», «әулие», «ишан» деген атаулар қалыптасқан. Бі­рақ бұл атаулар олардың руха­ният иерар­хиясындағы дәрежелерін ай­қындамайды (көрсетпейді). Яғни Құтбтардың да, құтб дәреже­сі­не жақындаған әулиелердің де руханият иерархиясындағы өзіндік дәрежелерін айқындайтын арнайы сатылар бар. Олар туралы Бекасыл Биболатұлы өзінің «Зикзал» атты кітабының «Ғайып ерендер» деген тақырыбында былай келтіреді: «Ғайып ерендердің бі­рінші (ең жоғары) дәрежелісін «Құтб» (негіз) деп атайды. Бұл дә­ре­же бір адамға ғана тән болады. Оның өзіне тиесілі бақылап отыратын алқабы – ақиқат.

Екіншісін «Имаман» деп атайды. Бұл екі имам құтбтан кейінгі жоғары дәрежеге ие. Бұлардың бірі құтбтың оңында, екіншісі солын­­да болады.

Құтбтың оңындағы Имам «Әлем малакут» аталатын әлемдегі ғайып нәрселерге назар салып, бақылап, зерттеп отырады. Ал солындағы Имам «Әлем малакут» аталатын әлемдегі көзге көрініп тұратын нәрселерге назар салып, бақылап, зерттеп отырады.

Үшіншісі «Әутад» деп аталады. Бұл топ тек төрт адамнан тұрады. Бұл төртеуі әлем мүлкінің төрт бұрышына назар салып, олардың әрбірінің өзіне тиесілі бақылап отыратын алқабы болады, яғни әрқайсысы Жер шары­ның төрттен бір бөлігіндегі құпия сыр-хабарларды бақылап, зерттеп отырады. Бұл төртеуінің бақылап отыратын бағыттары: бірі – шығыс; бірі – батыс; бірі – оңтүстік, бірі – солтүстік.

Төртіншісі «Бүдала» деп аталады. Бұл топ жеті адамнан тұра­ды. Бұларды «Абдал» деп те атайды, ­бұл екі сөздің мағынасы бірдей – орынбасар деген мағынаны аңғартады.

Бесіншісі «Рұқаба» деп аталады. Бұл топ та жеті адамнан тұрады. Сон­дай-ақ бұларды «Йадилер» деп те атайды.

Алтыншысы «Нүжаба» деп аталады. Бұлар қырық адамнан тұрады. Бұларды «Қырықтар» (Қырқ шілтен) деп те атайды.

Жетіншісі «Нұқаба» деп аталады. Бұлар үш жүз алпыс алты адамнан тұрады. Бұлар өз кезегінде екі тайпаға бөлінеді. Олардың бәрі де «Ғайып ерендерге» жатады, бірақ бұлардың есімдері мәлім емес. Олардың бір тобын «Ифрад» деп атайды. Екіншісін – «Үмана» деседі. Оларды «Мүлла мийундар» деп те атайды.

Тек бұлардың арасында Құтбул-Ақтабтар басқаларға қарағанда ерекше қасиеттерге ие болады. Мысалы, осы мақалаға арқау боп отырған Мұхаммед Нұран баб пен Ахмет Ясауидің ерекше берекелі қасиеттері болған. Яғни осы Құтбул-Ақтабтар шыққан дәуірден бастап, жалпы түркілер әлемінде зор пассионарлық қуаттар пайда болып, бірнеше ғасыр бойы ғажап өркендегені белгілі. Мұндай қайталанулардың өзіндік белгі­лері бар. Сондай белгілердің бірі – Мұхаммед Нұран баб қабірі­нің ашылуы десек, тағы бір белгісі – ел Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр ­жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлемін­дегі сопылық ілім­нің негізін қала­ған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн...» және «Түр­кістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам діні­нің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ же­ріндегі рухани сабақтастық қа­зірге дейін үздіксіз жалғасып ке­леді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің ту­ғанына 930 жыл толып отыр. Осы орай­да, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңыз­ды», деген сөздерін – пассионар­лық қуатты дәуірдің қайта жаңғыра­тын кезі туындай бастағанының тағы бір белгісі деп түсінуге болады.

 

Зәріпбай Оразбай,

шығыстанушы ғалым