Спортпен айналысу барысында тұлға бойында еңбекқорлық пен адалдық, өзін-өзі тәрбиелеу, жанқиярлық пен өзіне және басқаларға деген әділетті қарым-қатынас сияқты жоғары бағаланатын көптеген әлеуметтік маңызды құндылықты қалыптастырады әрі жетілдіреді.
Қазіргі уақытта бүкіләлемдік деңгейде спортты дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып, халықты дене белсенділігіне жаппай тартуға және кәсіби спортшылардың халықаралық аренадағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Бұл екі бағыт – бұқаралық спорт пен кәсіби спорт бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды дамыту халықтың менталды және физикалық денсаулығын сақтап, жетілдіріп, қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар елдің экономикасына, мәдени және әлеуметтік әл-ауқатына, саяси тұрақтылығына, рухани жетілуіне ықпал етеді.
Бұқаралық спортты инвестициялау денсаулық сақтау шығындарын едәуір азайтады. Мысалы, Ұлыбританияда «Sport England» бағдарламасын іске асыру арқылы физикалық белсенді халықтың үлесін 2016–2022 жылдар аралығында 62%-дан 66%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені жыл сайын 1,2 млрд фунт стерлингке азайтқан. Еуростат мәліметтері бойынша, Нидерланд елінде велоспорт пен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы қаржыландырылатындықтан, физикалық белсенді халықтың үлесі 70%-дан асты, ал жүрек-қан тамырлары аурулары – Еуропадағы ең төменгілердің бірі.
Спорттағы ұлттық жетістіктер патриоттық сезімді нығайтады және елдің оң имиджін қалыптастырады. Спорт инвестициясы ІЖӨ-нің шамамен 2,5%-ын құрайтын Қатарда 2022 жылғы футболдан әлем чемпионаты өтті. Нәтижесінде, әлемдегі 5 миллиардтан аса көрерменнің назарын аударып, туристер санын 30%-ға арттырды.
Швеция мен Норвегияда мигранттар мен әлеуметтік жағдайы төмен жастарға арналған спорттық бағдарламалар мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Норвегиядағы жыл сайын шамамен 1,5 млрд крон бөлінетін «Барлығына арналған спорт!» («A sport for everyone!») бастамасы мигранттарды қосқанда 500 мыңнан аса адамды қамтиды. Сөйтіп, олар жергілікті халықпен бірлесіп, мемлекеттің тұрақтылығына өз үлесін қосады.
Спорт АҚШ, Қытай экономикасының едәуір бөлігін құрайды. АҚШ спорт индустриясы жыл сайын шамамен 80 млрд долларды өндіріп, 3 млн жұмыс орнын ашады. Қытайда үкімет бұқаралық және кәсіби спортқа белсенді инвестиция салып отыр. Бұл 2023 жылы спорттық тауарлар нарығын 320 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Спорттық туризмді дамытуға ден қойған елдер айтарлықтай табыс табады. Айталық, Испанияға жыл сайынғы марафон, теннис турнирлері және футбол чемпионаттары жылына шамамен 15 млрд доллардай пайда әкеледі. 2021 жылғы Олимпия ойындары Жапония экономикасына инфрақұрылымдық инвестициялар мен туризмнің өсуін қосқанда шамамен 30 млрд доллар табыс кіргізді.
Олимпия ойындары немесе Әлем чемпионаттары сияқты халықаралық жарыстардағы жеңістер ұлт беделін асқақтатады және табысты мемлекеттің бейнесін жасайды. Сонымен қатар спорттық іс-шараларға қатысу елдің халықаралық имиджін нығайтуға, оның «жұмсақ күшін» көрсетуге ықпал етеді.
Мемлекет спорттық бағдарламаларды қаржыландыру арқылы халықтың билікке деген сеніміне оң әсер етеді. Сондай-ақ спорттық бастамалар жастар арасындағы қылмысты, жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізеді және осындай жобаларды әлеуметтік саясаттың маңызды элементіне айналдырады.
Спорттық жарыстар мен алмасулар шиеленіс жағдайында да елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған алаңға айналып келеді.
2023 жылы 28 наурызда «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл тұжырымдардың мақсаты – халықтың денсаулығын жақсартуға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға, әлемдік аренада отандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және салауатты ұрпақты тәрбиелеуге ықпал ететін тиімді жүйені құру. Соның ішінде негізгі міндеттері: дене шынықтыру мен спортты насихаттау; жоғары жетістіктер спортын дамыту; спорттық инфрақұрылымды жетілдіру; инклюзивті спортты дамыту; кадрлық әлеуетті нығайту; халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Тұжырымдама спортты әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде нығайтуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Жалпы спортты дамыту – бұл жай ғана физикалық белсенділік емес, мемлекеттерге стратегиялық міндеттерді шешуге, ішкі тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық мәртебені көтеруге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға көмектесетін қуатты құрал.
Елімізде спорттың белсенді түрде дамуы тек әлеуметтік және мәдени фактор ғана емес, сонымен қатар халық үшін жаңа мүмкіндіктер тудыратын әрі әлемдік аренада еліміздің мәртебесін нығайта отырып, мемлекет дамуына ықпал етер тетіктердің бірі бола алады.
Индира КҮНТУОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-менеджері