Ауыл • 29 Қараша, 2024

Ауыл әкімдерінің форумы

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісу облысында ауылды көркейту жұмыстары жанданып келеді. Биыл бірнеше елді мекен заманауи нысандарға қол жеткізді. Әлі де шешілмей жатқан өзекті мәселелер жоқ емес. Осы мақсатта «Amanat» партиясының бастамасымен облыс орталығы Талдықорған қаласында ауыл әкімдерінің форумы өтті. Жиында ауыл халқын толғандырған дүниелер талқыланды.

Ауыл әкімдерінің форумы

Сурет: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Тұңғыш рет ұйымдас­тыры­лып отырған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев және орын­басары Диас Есдәулетов, «Amanat» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов, Мәжіліс депутаты Болат Керімбек, басқарма басшы­ла­ры мен аймақтағы 113 ауыл­дық окургтің әкімдері қатыс­ты. Басқосуда ауыл-аймақтар­дың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әкімдердің атқарар жұмыстары сараланды.

Әуелі Ә.Жақанбаев қоғам­дық-саяси тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеті екеніне тоқталды.

«Облыс экономикасын одан әрі дамыту мен халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін біз бірлескен, тиімді жұмыс арқылы өңірдің әл-ауқатын жақ­сартудағы міндеттерге қол жет­кізе алатынымызға сенімдімін», деді облыс басшысының бірінші орынбасары.

Осы орайда «Amanat» пар­тиясының аппарат басшысы Мәди Жарылқасынұлы жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс екенін алға тартты.

«Ауыл әкімдерінің форумы қазіргі уақытта еліміздің барлық аймағында өтіп жатыр. Форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «Amanat» партиясының атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деп есептеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін тікелей сайлау жү­йесін енгізгеннен бері жыл сайын халық елді мекен басшылары­­на қатысты өз таң­дауын жасап келе­ді. Өңірде 2021 жылдың шілдесі­нен бастап 113 ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді, оның ішінде партиядан ұсынылған 111 (98%) кандидат жеңіске жетті. Бұл – біздің бағдарламаларымыз бен бастамаларымызға деген халық сенімінің айқын дәлелі», деді М.Оспанов.

«Amanat» партиясы елді ме­­кендердегі кәсіпкерлікті да­мы­­туға, экономикалық ахуал­ды арт­тыруға баса назар ауда­рады. Дәл осы мақсатта форум бары­сында «Қарызсыз қоғам», «Құ­қық­тық көмек» жоба­ларының және Жол картасы аясында жү­зеге асып жатқан жетіс­тік­тер талқыланды. Мәселен, «Қарыз­сыз қоғам» жобасын іске асыру үшін облыс орталығында жо­ба­лық кеңсе ашылып, осы жыл­дың 5 ақпанынан бастап Жетісу об­лысының барлық аудан, қала­ларында 7 300 адам оқытылды.

Өңір әкімі баспасөз қызме­ті­нің мәліметінше, биыл өңірде 349,3 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, 8 айда 150,2 мың шаршы метр немесе 43% тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңы­на дейін 4 117 үй беріліп, тұрғын үй кезегі 14%-ға төмендейді. Облыс­та орталықтандырылған сумен қамту деңгейі – 91,1%. Облыс­тық деңгейдегі 182 шақырым және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделіп, Балқаш көліне дейінгі 132 шақырым жолдың 117 ша­қырымына асфальт төселген.

Ауылдық әкімдер форумның ұйымдастырылуы өздері үшін пайдалы болғанын айтады.

«Халықтың партия мен ат­қарушы билікке деген сенімі сай­лауалды уәделердің орын­да­луымен тікелей байланыс­ты. Сондықтан оларды уақты­лы және сапалы орындау – бар­шамыздың басты міндетіміз. Шалғайдағы ауыл әкімдерінің жұмысына әртүрлі бағыттар бойынша әдістемелік қолдау қа­шанда қажет. Бүгінгі жиында өз жұмысымды жүйелі ұйымдастырудың тағы да бір қырын игердім», деді Панфилов ауданына қарасты Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов.

Форум аясында панелдік сессиялар да ұйымдастырылды. Онда ауыл әкімдері «Amanat» партиясының Сайлауалды бағ­дарламасын іске асыру, пар­тиялық жобаларды ілгерілету, қызметті кәсібилендіруге негіз­делген мемлекеттік қызметтің жаңа қағидаттар мен қадамдар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, агроөнеркә­сіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетікте­рін қалыптастыру, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және инвести­ция тарту шаралары, қоғам­дық-саяси ахуал және бұқара­мен жұмыс істеу секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандардан дәріс алды.

 

Жетісу облысы