(Елбасы Н.Назарбаевтың 2003 жылғы 4 сәуірдегі Қазақстан халқына Жолдауынан)
Курчатов қаласындағы “Ядролық технологиялар паркі” АҚ-қа сапарымыз уақыт жағынан әлемде осы проблемаға бүтіндей басқаша көзқарас қалыптастырған Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттен кейін іле-шала болды. Саммиттің алдында ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты мақаласы Қазақстанның бұл салаға қатысты көп жағынан революциялық ұстанымын айқындап берді. Біздің “Ядролық технологиялар паркі” АҚ президенті Абзал ҚҰСАЙЫНОВПЕН әңгімеміз де ядролық қауіпсіздік саласындағы мәселелер, технопаркті дамыту барысы төңірегінде өрбіді. – Абзал Тұрсынбайұлы, “Ядролық технологиялар паркі” технопаркін құрудың бірінші кезеңінің міндеттері қалай шешіліп жатыр? – Мемлекет басшысы 2003 жылғы Жолдауында ядролық реакциялар энергиясын бейбіт мақсатта, экономика дамуы игілігі, адамзат игілігі үшін пайдалану міндетін қойған еді. Технопарктің басты миссиясы – ядролық және ілеспелі технологиялар арқылы ғылымды қажетсінетін жоғары технологиялы компанияларды өркендетіп, елді индустриялық-инновациялық дамытуға жәрдемдесу болатын. Бірінші кезеңнің міндеті технопарктің инфрақұрылымын құру еді. Бұл мәселе бүгінде шешілді. 2009 жылғы маусымда ЭЛВ-4 электрондарының өндірістік үдеткіші базасында радиациялық технологиялар кешені пайдалануға берілді. Үдеткіштің бірегей мүмкіндіктері бұл кешенде халық шаруашылығының әртүрлі салалары: құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, темір жол, мұнай-газ, медицина, туризм, және т.б. салаларда жақсартылған сипаттағы материалдарды өндіруге жол ашады. Бұдан басқа, біз әкімшілік-өндірістік кешенін салдық, онда бизнес-инкубатор, бизнес-орталық, өндірістік және зертханалық орындар көзделген. Биыл радиациялық технологиялар кешенінің екінші кезегі құрылыстарын бастаймыз. Бұл – ИЛУ-10 электрондары өнеркәсіптік үдеткіші базасындағы радиациялық залалсыздандыру корпусы. Медициналық бұйымдарды және дәрілік препараттарды радиациялық өңдеу және залалсыздандыруға, біржолғы шприцтерді, қан құю жүйелерін, тігетін материалдарды, біржолғы гинекологиялық ұштықтарды, медицина қажеттері үшін ыдыстар мен орамаларды және медициналық арнайы киімдерді жоғары дәрежеде залалсыздандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа бұл жерде кабельдік өнімдерді өңдеу мен радиациялық түрде тігісін жатқызу жүргізіледі, ол оқшаулау учаскесінің тегіс жатуын қамтамасыз етіп, тіпті механикалық күш түскенде де оқшаулаудың ығысуына жол бермейді; оқшаулауға механикалық қосымша беріктік сипатын береді; қондыру кезінде жұмысты қиындатпайды және ұзақ мерзімге төзімділігін үстейді және т.б. Қазірдің өзінде технопарк құрамында бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеуде. Мысалға, қазақтандық-корейлік “Kaz-Kor Nu Tech Companі” бірлескен компаниясы “КАЗКОР” жабындық гидрооқшаулау материалдары өндірісін бастады. Қазақстандық-ресейлік “Xsenon” компаниясы радациялық-тігінді фармпрепараттарын және емдік-асханалық минералдық суын шығарады. Украиналық “Демпург” әріптес компаниямен бірге темір жол құрамалары үшін тежегіш жабдықтар өндірісіне кірістік. Бірлескен қазақстандық-ресейлік “Kazfoam” кәсіпорны “ЭКОИЗОЛ” көпіршік полиэтилен шығарумен айналысуда. Бұл технопарк жұмыс жасай бастаған төрт жылдың ішінде қолға алған ауқымды жұмыстарымыздың басы ғана. – Бүгінде ғылыми жасалымдардың, соның ішінде ядролық технологиялар паркі қызметі саласында да коммерцияландыру жөнінде көп айтылып жүр. Іс жүзінде бұл жағы қалай болып жатыр? Сіздердің жасалымдарыңыздағы қазақстандық тауарлар үлесі қандай? – Ғылыми жасалымдарды коммерцияландыру – өте күрделі және Қазақстанның дамуы үшін маңызды мәселе. Менің көзқарасым бойынша, ғылыми жасалымдарды ойдағыдай өткізу үшін үш мәселені шешу қажет: жұмыс әдістемесі, қаржы қаражаттарының болуы және команда болуы. Негізінен технопарктер осы міндеттерді шешуі тиіс. Олар – ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстырушы буын. Бұл міндеттердің өзектілігі биыл басталып отырған жеделдете индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында да көрсетілген. Біздің “Ядролық технологиялар паркі” оны жүзеге асыруға белсене қатысуға әзір. Атап өтерлігі, бізде топтасқан команда бар, ол бизнес-жоспарлау, маркетингтік зерттеулер жүргізу, жобаларды әзірлеу, экономикалық талдау жасау міндеттерін шеше алады. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде біз жоғары технологиялар талаптарына жауап бере алатын бірқатар өндірістер құрдық. Біздерге инвестициялар құйыла бастады. Ал біздің жобаларымыздағы қазақстандық үлеске тоқталсам, өкінішке қарай, отандық ғалымдардың белсенділігі төмен болып отырғанын айта кетуім қажет. Әзірге біз көбіне шетелдік әріптестермен жұмыс жасап жатырмыз. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды, алғашқы қарлығаш бар – атом энергиясы институтымен бірлесіп бір жобаны әзірлеп жатырмыз. Алайда, әрине, бұл жеткіліксіз. Қазақстандық ғалымдардың белсенділігі төмен болуы олардың кінәсі емес, қасіреті деп айтар едім. Ол үшін белгілі бір дағдылар, коммерциялық тәжірибе керек. Мұны істеу оңай емес. Ғалымдар өз жобаларын енгізгісі келеді, жұмыс істеуге ұмтылыс бар, бірақ олар мұны қалай істеудің мәнісін білмейді. Оларға бұл орайда коммерцияландыру үдерісінде көмек көрсету технопарктің шұғыл міндеттерінің бірі болуы тиіс. Біз жұмысымызды бастаған сәттен әріптестер жағынан жолымыз болғанын атап көрсеткім келеді. Біз жабық ядролық орталықтар бойынша британиялық бағдарламамен белсенді жұмыс жасай бастадық. Ол нақ осы инновациялық белсенділікті дамытуға және ғалымдардың жасалымдарын коммерцияландыруға бағытталған. Бағдарлама ядролық зерттеулермен айналысатын Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Армения, Грузия, Украина сияқты елдердің басын біріктіруде. Біз ынтымақтастықтың осы тәжірибесін 2006 жылдан бері белсенді қолданып келеміз. Оны жергілікті жағдайға қарай бейімдеуіміз жақсы жемісін беруде. Сондықтан да біз жақында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне біздің тәжірибемізді қорыту жөнінде ұсыныспен шықтық. Оны біздің салада ғана емес, Қазақстанның басқа да ғылыми ұйымдары арасында таратуға болады. Министрлік біздің ұсынысымызды мақұлдады, енді осы бағытта одан әрі жұмыс жасайтын боламыз. – Қала өкімет орындарымен қарым-қатынастарыңыз қалай? – Ядролық технологиялар технопаркін құруда ең алдымен екі мақсат көзделді. Оның бірі – ядролық технологиялар саласындағы қолда бар ядролық әлеуетті дамыту болса, екіншісі – Курчатов қаласының өзін дамыту. Біз қазірдің өзінде жаңа технологияларды дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, инвестициялар мен мамандарды тартып, осы екі міндетті де жүзеге асырып жатырмыз. Ал жергілікті әкімдік осы жобаларды жүзеге асыруда бізге барынша жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздерде өте жақсы өзара қарым-қатынас жолға қойылған. Ұлттық ядролық технологиялар орталығымен қатар, біз екінші қалақұраушы кәсіпорын болып табыламыз. Бұрын шетелдіктерге ұлттық ядролық орталықты ғана көрсететін болса, енді мұнда келушілер “Ядролық технологиялар паркіне” де келуге тырысатын болды. Өткен жылдың өзінде бізде АҚШ, Англия, Түркия, Ресей, Үндістан және басқа елдердің Қазақстандағы 14 елшісі болып қайтты. Ядролық технологиялар паркінің қызметімен 21 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері танысты. Мұнда Президент Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің делегациялары болып тұрады. Ал Пан Ги Мунның қаламызға сапары барысында технопаркте шетелдік журналистердің үлкен делегациясы болды. – Сіздің пікіріңізше, “Ядролық технологиялар паркінің” таяудағы және алыс келешектегі дамуы қандай болады деп санайсыз? – Таяудағы жылдарда біз барлық инфрақұрылымдық нысандар құрылысын аяқтаймыз. Әсіресе, радиоактивтік ластанған мұнай-газ жабдықтарын тазарту және залалсыздандыру кешені туралы баса айтқым келеді. Бүгінде бұл мәселе өндіруші компаниялардың елеулі бас ауруына айналды. Ұңғыларды бұрғылауда табиғи радиация әсерінен жабдықтар ластанады. Оны не істеу керек екенін ешкім білмейді. Әзірше бұл жабдықтарды жиып, соңынан жерге көмеді. Біздің кешен екі проблеманы – экология және экономика мәселелерін шешеді. Біріншіден, біз оны радиациядан тазартамыз және оны жерге көмудің қажеті болмай қалады. Екіншіден, осы жабдықты қайта пайдалануға мүмкіндік жасап, оны шаруашылық айналымына қосып, металл сынығына жіберуге жол бермейміз. Бұл – үлкен тиімділік. Болашақта кластерді кеңейту қажет деп ойлаймын. Оның орталығы – біздің технопарк болуы тиіс. Одан өндірістік кешендер тарайды. Айтқандай, Қарағанды сәулетшілері әкімшілік-өндірістік кешен ғимаратын жобалауда осы ядро идеясын негізге алды, одан әрі атомдар таралады. Технопарк айналасында жаңа өндірістер, кәсіпорындар болады, сервистік компаниялар орналасады. Біздің есептеріміз бойынша, технопарк кәсіпорындарының өзінде 600-ге тарта жұмыс орындары ашылады. Бұдан екі-үш есе көп адам қызмет көрсету жұмыстарына тартылады. “Ядролық технологиялар паркінің” дамуы Курчатов қаласының да өркендеуіне жол ашатын болады деп ойлаймыз. – Әңгімеңізге рахмет. Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ. АСТАНА – КУРЧАТОВ – АСТАНА.«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше