«Таза Қазақстан» • Кеше

«Жасыл белдеу» аумағы ұлғая түседі

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күзгі тал егу, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жуырда экология­лық шара аясында өткен сенбілікте әуе­жай бағытындағы жолдың бойы жаңа көшеттермен толықтырылып, тазартылды. Жалпы 240 гектар жерге боз арша, қарағаш, терек, айлант, жиде, тұт, бадам секілді ағаш көшеттері отырғызылды.

«Жасыл белдеу» аумағы ұлғая түседі

Жалпы, өңірде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл со­ңы­на дейін жоспарланған 807 сен­біліктің 20 маусым – 22 қараша ара­лығында 768-і ұйымдастырыл­ған. Жақында Шардара, Қазы­ғұрт ел­ді мекендерінің санитарлық та­за­­лығының жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, стихиялы қоқыс үйінділері анықталған. Оларды тез арада жою мақсатын­да ауыл әкімдігімен бірлесіп, арнайы техникалар тартылған. Сон­дай-ақ тазалық жұмыстары Түр­кіс­тан­да­ғы индустриялық аймақта жүр­гі­зіліп, мердігер мекемеге, жа­уап­ты басқармалар, қала әкім­дігіне бекі­тілген секторлардың 70 гек­тары аума­ғы тазаланып, жарықтан­ды­рыл­ды. Облыс әкімі аппаратының қыз­­меткерлері анықтаған 170 қоқыс орны ретке келтірілді.

Өңірде күзгі ағаш егу науқаны мен «Жасыл белдеуді» дамыту бағы­тындағы жұмыстар да жүйелі жүр­гізіліп келеді. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды отырғызылған ағаштарды күтімге алып, «Жасыл белдеуді» ұлғайту мен көгалдан­дыру жұмыстарын күшейтуді тапсыр­ған болатын.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауында айтыл­ған республика бойынша елді мекендерде 15 млн көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркіс­тан облысында 1,1 млн көшет отырғы­зу жоспарланған. Осыған байланысты «Түркістан облысы­ның елді мекендерін көгалдандыру­дың 2022-2025 жылдарға арналған кешен­ді іс-шара жоспары» бекітіл­ген. Жоспарға сәйкес, облыстың елді мекендерін көгалдандыруға биыл көктем айларында 491 106 түп кө­шет егілді. Ал күзде 467,5 мың түп кө­шет отырғызу көзделсе, оның 438 970 ­түбі босатылған. Орман шаруа­шы­лы­ғы мекемелерімен 2024 жыл­дың күзі мен 2025 жылдың көкте­міне жос­парланған көшет­тер­мен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік бар. Көшеттерді тара­ту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру, көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облысымызда күз және көктем мезгілдерінде ағаштар егу дәстүрге айналды. Кө­шеттер отырғызылатын орынның тереңдігі мен тамырының орналасуы қатаң бақыланады. Ауа райының ерекшелігін ескеріп, ағаштардың жерсіну көрсеткішін арттыруға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Түркіс­тан қаласының айналасынан жасыл белдеу құруға 30 000 гектар жер­­ге мемлекеттік акт алынып, мем­­­­­лекеттік орман қоры санатына ауыстырылды. Биылғы күз, 2025 жыл­дың көктем айларында «Жа­сыл бел­деу» аумағында орман екпеле­рін отыр­ғызу, толықтыру жұмыстары ­17 019 гектар жерде атқарылады. Не­гізгі басым жұмыстар Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аума­ғында жүргізілмек. Бұл жерге то­лықты­ру жұмыстарын жүргізу көз­деліп отыр. Оған мекеменің тұ­қым­бағын­дағы Түркістан қаласы аума­ғына жерсінген көшеттер пайдаланылады. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекемеде 120 гектар жерге заманауи орман тұқымбағын құру жоспарланған. Бүгінде оның 47 гектары тұрақты пайдаланылып отыр. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өндіріледі. Атап айтсақ, онда ағаштардың қыл­қан жапырақтының 5 түрі, жа­пырақтының 11 түрі, бұта тектес ағаш­тардың 5 түрі бар. Түркістан қа­ла­сының айналасындағы жасыл бел­деуге, қаланы көгалдандыру­ға бір жылда 2,5 млн түп әртүрлі ағаш-бұта көшеттері мен 150 мың түп ­бір және көпжылдық гүл көшет­тері қажет. Осы орайда, жаңа­дан құ­рылып жатқан тұқымбақтың 120 гектар жерін «Жасыл аймақ» КММ-нің теңгеріміне алу үшін Сауран ауданы әкімдігі тарапынан жерді заңдастыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта орман тұқымбағының 120 гектар жер көлемі ұлғайып, толық игерілген жағдайда жылына 14,3 млн түп көшет өсіріледі, – дейді басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев.

Сондай-ақ өңірде көшеттердің көнімділігін анықтау барысында 2026-2028 жылдар аралығында аудан, қала әкімдіктерінің сұраныстарына сәйкес, 400 мыңнан астам көшетті толықтыру мақсатында босату жос­парланып отыр.

 

Түркістан облысы