Экология • Кеше

Түтінге тұншыққан титан қала

71 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өндірісті қала Өскеменнің экологиялық жағдайы өзекті мәселеге айналғалы қашан? Қаладағы ауа құрамында азот диоксиді мен формальдегид секілді зиянды қалдықтар жиі мөлшерден асып кетеді. Сол кезде тамағы ауырып, ауруханаға жүгінетіндер саны көбейеді. Қала ауасы зиянды қалдықтарға толған кезде айналаны тұман басып, көзге ештеңе көрінбей де қалады. Мұндай сәттің жиі болатынын тұрғындар жақсы біледі. Ондай кезде есік-терезесін қымтап жауып, далаға көп шықпауға тырысады. Ал кейінгі күндері ауаның ластануы тіпті қатты сезіліп, тамағы ауырғандардың ауруханаға баруы жиілеп кеткен.

Түтінге тұншыққан титан қала

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Міне, бір аптадан бері қаланы көк тұман тұмшалап тұр. Бірақ күні бүгінге дейін қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы хабарламадан басқа жылт еткен ресми ақпарат болмады. Экология департаментінің мамандары ләм демеді. 27 қарашада қаланы басқан түтін қалыңдай түскен соң тұрғындар наразылық білдіріп, БАҚ өкілдеріне хабарласты. Тіпті бұл күні қалың тұман салдарынан әуе рейстері де кешігіпті. 

27 қараша. Таң бозынан оқушылар тұманды қалада мектепке беттеді. Тыныс алған сайын тамақты қырады. Ата-аналар ауаның ластанғанын алға тартып, дабыл қаққанымен, білім бө­лі­мі пәрменсіз екенін айтып, ақталған. Дұрыс та. Экологтер ауадағы зиянды зат­тар­ды өлшеп, нақты факті келтір­месе, білім бөлімінің қолында не тұр? Экология департаменті болса, сол күні кешке дейін бірауыз ақпарат бермеген.

– Ауада қандай да ауырлық барын әр тұрғын сезіп отыр. Тама­ғымыз қарлығып қалды. Жөтел қы­сады. Сөйте тұра балалар сабаққа барып жатыр. Ауа лас болса, арнайы құрылғымен тексеріп, жедел хабарлауы керек қой. Не деген жай­басарлық, немқұрайдылық, – дейді қала тұрғыны Эльвира Ахметова.

а

Суретті түсірген – автор

Ауаның ластанғандығы арнайы құрылғысыз-ақ сезіліп тұр­ған. Алайда құзырлы органдар кеш­кісін ғана мектеп оқушылары қа­шықтан оқытылады деп шешті. Кештетіп, кешігіп түскен мәліметке көз жүгіртсек, Өскеменде қалың тұманның түсуіне байланысты 23 қарашадан бастап қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасқан. Бұл температура­лық инверсиямен байланысты. Эко­ло­гия мамандары ауаның сапа­сы­на жедел мониторинг жүргізіп­ті. «Қаз­гидромет» ақпараттары бойын­ша, Өскеменде ҚМЖ қарашаның соңына дейін сақталады.

– Күз, қыс мезгілінде, қазан­­нан қаңтарға дейін қолайсыз ме­тео­ро­логиялық жағдайдың ең көп күн­дері болатыны байқалады. Бұл анти­циклоникалық ауа райы ти­пінің орнауымен түсіндіріле­ді. Мұн­дай кезде желдің болмауы­нан тұман мен инверсия қалып­тасады. Әр айда ұзақтығы 5-тен 14 күнге дейін болуы мүмкін, – деп түсіндірді «Қазгидро­мет» РМК метео­ро­ло­гиялық ауа райы бөлімінің басшысы Любовь Бухтоярова.

Өскемен қазаншұңқырда орна­лас­қандықтан, тұманға тұм­шала­нып жатуы табиғи заңды да шығар. Алайда тамақты қырып, жөтелдің қысуы табиғи тұманнан емес екені айдан анық. Аймақтағы денсау­лық сақтау мекемелері де соңғы үш күнде жоғарғы тыныс алу жолдары­ның ауруларымен медициналық көмекке жүгінушілер санының 11%-ға артқанын хабарлаған. Де­ген­мен химиялық заттардың әсе­рі­мен байланысты диагноздар анық­талмаған. 2024 жылдың тоғыз айындағы статистикаға сәйкес, Өскемен қаласында жоғарғы тыныс алу жолдарының патология­сымен 72 мыңнан астам науқас емделген. Дегенмен, аурулардың халықаралық классификациясында «тамақтың химиялық күйігі» деген диагноз жоқ.

– Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде тұрғындар далаға шығуды барынша азайтуы керек. Шыққан жағдайда, қорғаныш мас­каларын қолданғаны жөн. Майлы тағамдарды тұтынып, ауыз қуысын шөп қайнатпаларымен жүйелі түрде шаюды ұсынамыз, – деді облыстың бас терапевт дәрігері Михаил Бугайцов.

Оқушылардың сабағы қашық­тан оқыту режіміне көшірілгенін ескерсек, ауада зиянды заттың бары анық. Өскеменде 28-29 қарашада 53 мыңнан астам бірінші және екінші ауысым оқушылары қашық­тан оқытуға ауыстырылды. Облыс басшысы да бұл мәселеге бейжай қараған жоқ.

– Мен де көшеге шыққанда жөтелемін. Тұрғындар қаладағы әр ауданның жағдайын біліп отыруы керек. Халық байбалам салмауы үшін ақпарат жедел жетіп отыруы тиіс, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Өкініштісі, әкім айтқанымен, халыққа ақпараттың жетуі баяу. Облыс басшысы сондай-ақ тұр­ғын­дарды алаңдататын бір­неше мәселені атап өтті. Ең бас­тысы – эко­логия. Осы орайда атмос­фера­ға шығарылатын зиянды қалдық­тарды азайту үшін меморан­дум­дар мен жоспарлардың орын­далуын жан-жақты талқылайтын жұмыс кездесуі өтеді. Айтқандай, экология мамандарының ауа сапасына жүргізген жедел мониторинг нәтижесі түс ауа шығып, кеш­кі сағат 17:00-де БАҚ өкілдеріне ха­барлаған.

– Алғашқы нәтижелер ауадағы қалқымалы заттар мен күйенің рұқ­сат етілген шекті концентрация­сынан асып кеткенін көрсетті. Сондай-ақ «Қазгидромет» РМК көміртек оксиді, PM2.5 және кү­кірт диоксиді бойынша тәуліктік орташа шекті концентрацияның артқанын тіркеді. Мониторинг деректері стационарлық бақы­лау посттары мен жылжымалы газ ана­­лизаторлар көмегімен алынған. Тек­­серулер жалғасып жатыр. Олар­дың нәтижелері қосымша жарияланады, – деді Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тәуірбеков.

Еске салсақ, 23 қарашадан бас­тап Өскеменде қолайсыз метео­ро­логиялық жағдай жарияланып, нәти­жесінде температуралық ин­вер­сия – ауаның жылы қабаты ауа массасының тік көшуіне жол бермей ауаның суық қабатын жабатын метеорологиялық құбылыс тіркеліп келеді. Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК көміртегі оксиді, PM2.5 және күкірт диок­сиді мөлшері орташа тәулік­тік көр­сет­кіштен асып кеткенін
анықтаған.

 

ӨСКЕМЕН