Мәдениет • Кеше

Ұлттық өнер жауһарлары

81 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ұлы Жібек жолымен – 2024» XII халықаралық кітап және полиграфия көрмесінде ұлттық өнердің озық үлгілерін қамтыған бірқатар еңбектің таныстырылымы өтті.

Ұлттық өнер жауһарлары

Сурет: el.kz

Елу жылға жуық тарихы бар Т.Жүр­­­­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – мәдениет, өнер сала­­сына кәсіби мамандар даярлай­тын оқу орындарының бірегейі. Өнер ака­демиясының профессоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайратке­рі, академик Ғайнижамал Әбілдина осыдан 50-60 жыл бұрын жарық көрген қазақ және орыс тіліндегі басылымдарды қайта жаңартып басу себептеріне тоқталды.

«Ұлттық өнердің бастауында тұр­ған тұлғалар, XX ғасырдың басында халқына қалтқысыз еңбек еткен зия­лы қауым жайындағы еңбектердің бүгінде бірқатары сақталмай, тозып, тасада қалып қойған. Бұл еңбек­тер студенттер, магистранттар, док­то­рант­­тарға қолжетімсіз болып қал­ды. Соң­ғы үш жылда ұлттық өнер­ге қа­тысты академиялық еңбек­тер­ді жаңа­ша түрлендіріп, заманауи пішін­де жарыққа шығарып жатқан «Smart University Press» баспа үйі осы жолы классикалық құнды әдебиет маржандарының бір парасын қалың көпшілікке таныстырып отыр. Осы орайда әлем жауҺарлары және де Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, Қ.Бекхожин, Ә.Кекілбайұлы, М.Хасе­нов сынды қаламгерлеріміздің шығармаларымен қатар, мұқабасы тозып, пара­ғы шашылған талай еңбектер оқырма­нға жол тартты», дейді профессор.

Бүгінде баспа шығарған еңбектер қатарында оқулық, оқу-әдістемелік материалдар, монографияларды сту­денттер іздеп жүріп оқиды. Ғай­ни­мажал Әбілдина атап өткендей, ұлт­­тық өнердің жауҺарларына тұн­ған мұндай еңбектер өскелең ұрпақ­тың бойында отаншылдық рухты көтеріп, елі мен жерінің, өнері мен мә­дениетінің дамуына үлес қосқан тұл­ғаларға құрметпен қарап өсуге ықпал етеді. Соңғы уақытта жарық­қа шыққан Қазақстанның халық әртісі Маман Байсеркеұлының, қазақ театр пе­дагогикасының негізін қалау­шы­лардың бірі, профессор Рәбиға Қаныбаеваның, Салық Қасимановтың «Ұлттық қолөнер», М.Мұқановтың «Қазақтың киіз үйі» осы санаттағы еңбектер қатарына жатады. Баспадан шыққан өнімдер кітапханаларға бес данадан тегін үлестірілді.

Академияның ғылыми кеңесінің ұсынысымен басылып шыққан еңбек­тер қатарында профессор Қ.Халықов, кинотанушы Г.Әбікеева, өнертанушы О.Батурина, театртанушы А.Мұқан, балеттанушы Л.Сарынова, кинотеледраматург Ғ.Әбілдинаның ғылыми еңбектері бар.

Еліміздегі университеттерге ор­тақ баспа ретінде жұмысы жолға қойыл­ған «Smart University Press» бас­па үйінің құрылтайшысы әрі директоры Алмас Асан атап өткендей, академиялық еңбектерді шығаруға басымдық бере отырып, бүгінде саны азайған, студенттер мен зерттеушілер үшін қолжетімсіз көптеген ғылыми, әдеби жанрдағы шығармаларды шығаруға ден қойылып отыр. «Ака­демиялық еңбектердің басым көпшілігі баспа қолдауымен жарыққа шығып жатыр. Егер де бұл еңбектерге сұраныс болып жатса, сатылымға шығарамыз. Баспа өнімдері драматургия, сценография, қолөнері, балет – би өнері, хореография, костюм дизайны, киноөндірісіне қатысты құнды материалдарды қамтиды. Мұнымен қоса жақында қолданысқа енген «Бас­пагер» платформасы авторлар мен баспалар арасындағы байланыс­ты нығайтып, болашақта салада туындап отырған маман тапшылығы, сапалы баспаларды таңдау дәстүрінің қалыптасуына ықпал ететін болады», дейді А.Асан.

 

АЛМАТЫ