Құқық • 30 Қараша, 2024

Қорғансыздың күні

162 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Павлодар облысында қорғансыз, толық емес отбасыларда өмір сүріп жатқан балалардың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы жиілеп тұр. Айналдырған бір аптаның ішінде кәмелет жасына жетпегендерді зорлаудың төрт бірдей дерегі тіркелді. Ал жыл басынан мұндай 30 оқиға анықталған.

Қорғансыздың күні

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Озбырлық неге жиіледі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуір айын­да «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша өзгертулер мен то­лықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйел­дер­дің құқықтары мен балалардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойға­ны белгілі. Соған байланысты елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды кез келген жайттан қорғау мәселелері бүгінде мүдделі органдар үшін маңызды мәселеге айналып отыр.

Өкінішке қарай, Павлодар облысында кәмелет жасына жетпеген балаларға қа­тысты жыныстық қолсұғушылық де­рек­тері күннен-күнге көбейіп барады. Өңірлік полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, былтыр балаларға педо­филь­дік әрекет жасау бойынша 35 дерек тіркеліп, оның 29-ы алғашқы 10 айда болған. Ал биыл жыл басынан бері 30 дерек анықталды. Сәйкес кезеңмен салыстырғанда қылмыс саны біреуге көбейген. Бұл статистика құзырлы органдар мен білім беру, әлеуметтік қор­ғау, қор­ғаншылық және т.б. сала­лардың мамандарын ойландырып отыр.

Кейінгі бір аптаның ішінде Павлодар облысының аумағын­да аталған сипатта төрт бірдей келеңсіз оқиға тіркелді. Ең әуелі Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 15 жастағы қызды өгей әкесі зорлап келгені туралы жағымсыз ақпарат ел ішін кезіп кетті. Одан соң дәл осы аталған елді мекендегі бір үйдің балаларын – 2008 жылғы ағасы мен 2009 жылғы қарындасын екі ер адам зорлағаны туралы құзырлы орган­дар ресми ақпарат таратты. Ал кейі­нірек Железин ауданында ер адам осыдан 6 жыл бұрын қорған­шылығына алған жетім қызды зорлап, бұл қылмысын полиция біліп қойған соң аңшы мылтығымен өзін атып өлтірген.

Заң қабылданғанына қарамас­тан балаларды зорлау оқиғала­ры не себепті көбейіп барады? Бұл сауал­ды біз білім беру басқармасы­ның басшысы Самал Айтқазинаға қойдық.

– Былтыр қараша айында Екі­бастұздағы Бесқауға ауылында 7 жасар оқушы Милана Давы­дованы анасы мен оның көңілдесі өлтіріп, ол оқи­ға қоғамда үлкен резонанс тудыр­ған. Қайғылы жайттан соң Павло­дар өңіріндегі білім саласында үлкен талдау жа­са­лып, пе­­дагогтермен көп жұмыс ат­қа­­­рыл­ды. Мектеп педагогтері мен психологтері, сынып жетек­шілері балалармен жұмыс істеу­дің жаңа тәсілдеріне, олардың мінез-құлқы мен тәртібін бақы­лаудың жаңа әдістеріне үйретілді. Кейінгі бір жылда жүргізілген жүйелі іс-шаралар нәтижесінде бұрын «ұят боладыға» саналып келген тақырыптар ашық айтылып, балалардың өз мәселелерін жеткізуіне қолайлы жағдай жа­салды. Балалардың құқығын қор­ғау басты мақсатымыз бол­ған­дық­тан, оларға қарсы кез келген заң­­сыз, қыл­мыстық әрекеттердің алдын алу, анық­тау біздің педагог­тер­дің екін­ші мін­детіне айналып отыр. Яғни жыныс­тық қолсұғу­шылық сипатындағы қылмыс­тар­дың жиі ашылып жатқаны – біз­дің педагогтердің табанды еңбек­терінің айқын нәтижесі. Бұл сөзіме дәлел – кәмелетке толмағандарға жыныс­тық зорлық көрсету бойынша жыл басынан тіркелген 30 оқиғаның 16-сын ұстаздар анықтаған. Әрине, жағдайлардың басым бөлігі мектептен тыс жерлерде жасалғаны мәлім. Бұған дейін балалардың жандүниесіне ене алмай жатқан тұстарымыз көп болды. Педагогтер қазір балалармен жиі әңгімелесіп, оларды қандай мәселелер жиі алаңдататынын сұрап отырады. Қиын отбасыларға мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі, өзге де мүдделі органдардан құралған топ тұрақты барып, баланың дұрыс жағдайда тұрып жатқанына зейін қояды. Егер қандай да бір ұнамсыз жайттар­ды көрсе, бірден құзырлы органдар­ға хабарлайды. Алгоритмге сәй­кес мәселе әуелі жергілікті білім беру бөліміне, одан соң өңірлік басқармаға хабарланады. Одан әрі мүдделі орган­дар хабардар болады. Білім беру ұйымдары мен білім беру бө­лімдері бұл мә­селе бойынша мезгіл сайын есеп береді. Осылайша, педагогтердің қатысуымен бұрын жабулы қазан күйінде қалып келген қылмыстық әрекеттер белгілі болып жатыр. Тіпті сонау 2011, 2012, 2017 жыл­дары болған оқиғалар енді анық­талуда, – деп жауап берді Самал Оспанқызы.

 

Тәуекел тобында кімдер тұр?

Оның айтуынша, Майқайың­дағы қос оқиға – қоғам өкілдерін қобалжытатын, ойландыратын жайттар. Жай адам санасына қа­былдай алмайтын, озбырлық кө­ріністері. Екі жағдайда да педа­гогтердің қырағылығы қыл­мыстың дер кезінде ашылуына түрткі болды. Мәселен, ағасы екеуі зәбір көрген 2009 жылғы қыз бала колледжде оқиды. Биыл қыркүйек айында оның күнделікті сабақ үстінде селқос, аурушаң болып бара жатқанын көрген ұстазы медициналық тексеруден өтуге себепкер болған. Нәтижесінде, 15 жастағы қыздың жүкті екені анықтал­ған. Мәселені әрі қарай зерделей түскенде бұл оқиғада жәбір көрген қыз ғана емес, 2008 жылғы бауыры да зардап шеккен белгілі болды. Балалардың әкесі биыл қайтыс бол­ған, олар анасының тәрбиесінде.

Ал өгей әкесі зорлап келген қыздың қиын жағдайы да сынып жетекшісінің арқасында белгі­лі болған. Ол оқушы­сының бойын­дағы қобалжуды байқап, оны­мен қайта-қайта әңгімелесе жүріп, ақыр-соңы зорлыққа ұшырағанын өз аузынан ес­тіген. Әдетте қыз балалар мұндайды айт­пайды. Сы­нып жетекшісінің кәсібилігі өгей әкенің қылмыстық әрекетін айғақ­тап берді.

– Біздің облыста 573 қиын отбасы арнайы есепте тұрса, оларда жалпы саны 1 362 бала тәрбиеле­ніп жатыр. Бұ­ған қоса 1 408 жетім бала бар. Жетім жасөс­пірімдер­дің 434-і мемлекеттік ұйым­дарда тәрбиеленсе, өзгесі асырап алған, патронаттық, қорғаншылыққа алған отбасыларда өмір сүріп жатыр. Мектеп әкімшілігі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілері олар­дың үйлеріне жылына кемі 4 рет баруы керек деген талап бар, – деп сөзін жалғай түсті С.Айтқазина.

Ал бала құқықтары жөніндегі өңір­лік уәкіл Сәуле Шәкенова әрбір резонансты жағдай туралы құқық қорғау органдарының ресми хабарынан соң ғана айта алатынын айтады. Бұл – бала­лар­­дың құқығын қорғау бойынша мүд­делі бес министрліктің арасында жасал­ған арнайы бұйрықтың негізіндегі алгоритм. Сондықтан көп жағдай­да балалар омбудсменінің жұмы­сы көрінбей қалатыны шын деп мойын­дайды ол.

– Өгей әкесі немесе анасы, баланы асырап алған отбасы­лар, қамқоршылар арнайы тәуе­кел тобында тұрады. Май­қайыңдағы жағдай туралы айтатын болсам, өгей әкесінен озбырлық көрген оқушы қыздан бөлек, әлгі сыныпта тағы үш отбасы сол тізімде тұрған. Сынып жетекшісі өз күмәнінің шындығына көз жеткізу үшін қыздың отбасына бірнеше рет барғанда өгей әкесі қызға әкенің емес, ер адамның көзімен қарайтынын көріп, түсінген. Біздің қоғамда жүздеген әйел күйеуінен зорлық-зомбылық көрсе де, бұл жайында тіс жармайды. Ол қыз да қорқынышпен өмір сүрген. Себебі өгей әкесі: «Бұл жайында біреуге айтар болсаң, анаң мен бауырыңды бауыздап өлті­ремін», деп қорқытып келген. Қазір бұл от­басы өзге жаққа көшіріліп, бар­лық меди­циналық және психо­ло­гиялық көмек көрсетілді. Ал әкесінің қылмыстық іс-әре­кетіне құзырлы органдардың тергеу қо­ры­тындылары және сот әділ баға­сын бере жатар, – деп сөзін түйіндеді С.Шәкенова.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құ­қық­тары мен бала­лардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелері бойынша өзгер­тулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қолданысқа енгелі облыста қиын от­басыларға кө­мек көрсету, зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу, балаларға қар­сы қыл­мысты ерте анықтау, зор­лық-зомбы­лық құрбандарына жәрдем­десіп, бала­ларды қорғауға алу мен бақылауды күшей­ту мақсатында мобильді топтар құрыл­ған. Оларға құзырлы органдар мен өзге мүд­делі мекемелердің өкілдері, депутаттар мен волонтерлер енген.

Павлодар облысының полиция депар­таменті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибігүл Қамзинаның пікірінше, балалар ата-анасына сенбейтін немесе анасы баласының айтқанына назар аудармайтын жағдайлар болады. Сондай уақытта «111 шұғыл қызмет орталығына» хабарласу қажет.

– Көп мәселе балаларға дұ­рыс тәр­бие бермеуден, оларды бақы­лаусыз жіберу­ден туындайды. Мысал үшін биыл жыл басынан 400 ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін, тағы 2 500-ден аса ата-ана балаларын түнгі уақытта жүгенсіз қоя бергені үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Оның үстіне өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін жергілікті соттар 216 жеке тұлғаға қатысты ата-аналық құ­қығын шектеу немесе ата-аналық құқығынан айыру жазаларын белгіледі. Аймағымызда ішімдікті тұрақты қолданатын 178 отбасы бақылауда тұр. Өткен жылы облыста балалар арасында суицид оқиғалары көбейіп, 18 жас­өспірім өзіне қол салды. Ал биыл жыл басынан бері 16 жағдай тіркел­ді. Жағымсыз көрсеткіш аз да болса төмендеді. Президент қол қой­ған заңда өзін-өзі өлтіруге итерме­легені және ықпал еткені, сон­дай-ақ өзін-өзі өлтіруді на­сихат­тағаны үшін қылмыстық жауап­кершілік енгізілгені мәлім. Бұл да қылмыстың азаюына түрткі болды деп есептеймін, – дейді маман.

 

Балалар үйлерінде 6 жағдай анықталды

Белгілі болғандай, Железин ауданында жетім қызбен төсек қатынасына түсіп, кейін өзін атып өлтірген отағасы зайыбы екеуі жетімдер үйінен бес бірдей баланы асырап алған. Ол балалар 2002–2009 жылдары туған. Алайда 2022 жылы қамқоршылары «бізді тыңдамайды» деген желеумен бар­лығын балалар үйіне қайта өткізіп тастапты. 16 жастағы қыз биыл медициналық тексеруден өткенде әлгіндей келеңсіздік анықталып отыр. Мамандар өзге 4 баланы да тексеруден өткізуді ұсынды.

Осы жағдайды ескерген облыс­тық прокуратура балалар үйлері мен мамандан­дырылған мекеме­лерде тәрбиеленіп жатқан, кәме­лет жасына толмаған қыз балаларды дәрігерлік тексеруден өткізуге пәрмен берген. Мұндай медициналық тексерулер «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде, Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы арнайы бұйрығында көрсетілген.

«Прокуратура ұйғарған мұндай тексерулер нәтижесінде кәмелет жасына толмаған 6 тәрбиеленушінің бұған дейін жыныстық қарым-қатынасқа түскені анық­талып отыр. Оның біреуі бойынша бүгінде Қылмыстық кодекстің 122-бабы, 4-бөлімімен қылмыстық іс қозғалған. Өзге жағдайлар бойын­ша деректер жиналып жатыр. Егер қылмыстық әрекеттерге жол берілгені расталса, полиция тарапынан процессуалдық шешімдер қабылданады», деп түсіндірді прокуратурадан.

Мамандар кәмелет жасына толмаған қыз балаларға қарсы жыныс­тық қолсұғу­шылық дерек­тері алдағы уақытта әлі де ашылатыны сөзсіз дейді. Себебі қоғам, со­ның ішінде аналар мен жас қыз балалар өздерінің құқықтары әділ қорғалатынына көзі жете бастағаны байқалады.

 

Павлодар облысы