Қылмыс • 30 Қараша, 2024

Криминалдық ахуал қатаң бақылауда

101 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандылық тәртіп сақшылары қызметін қырағылықпен атқарып келеді. Соның нәтижесінде Кеншілер шаһарында қылмыс саны азайды. Кейінгі көрсеткіштер солай дейді. Дегенмен интернеттегі ұры-қарылар мен есірткімен айналысатындар айласын асырып-ақ тұр. Бірақ бұған қарсы полицейлер тарапынан күрес бұрынғыдан да күшейген.

Криминалдық ахуал қатаң бақылауда

Қоғамның айықпастай дер­тіне айналған син­те­тикалық есірткі үлкен қауіп төндіріп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрыл­тайда осы мәселе бойын­­ша дабыл қақты. Прези­дент пәрме­нінен соң есірткі өндіру­шілер мен та­ратушыларға қарсы күрес қар­қын­ды жүріп жатыр.

– Есірткіге тәуелділік бүгінгі қоғамның үлкен проблемасы бо­лып тұр. Өкініштісі, соның торына жас­тар жаппай түсіп отыр. Ал олар – ел келешегі. Келешек үшін алаң­даймыз. Есірткі саудасымен айналысатындар жастарды оңай олжамен, яғни мол табыспен арбап отырған жайы бар. Алайда әлгі «жасырып кетушілерге» ол көкқағаз емес, бас бостандығынан айыру мекемесіндегі бірнеше жылғы жаза ғана бұйырады. Адам тағдыры ойрандалады, арманы күйрейді. Есірткі мафиялары балаларға қарсы жарияланбаған соғысты үнсіз жүргізіп жатыр. Көбіне арбауға ата-анасынан қаржылай тәуелсіз болғысы келетін, ересек өмірге асыққан жасөспірімдер түседі. Бұл жаман әдет әркімді әрқалай арбай­ды. Біреуі ақша, енді біреуі есірткі сыйлайтын алдамшы сезімді іздейді. Жасөспірімдерге ай­тарым, есірткіге қатысы бар-ау де­геннің бәрі қылмыс болып есеп­­теледі. «Сәл көптеу ақша таба қояйын, қызық үшін бір рет қана қабылдайын, досыма көмек­тесейін» дегендердің соңы жақ­сы­лыққа апармайды. Жыл бастал­ғалы есірткіге қатысты 132 қылмыс тіркелді. Ал өндірістік фактілер, яғни есірткіні жасау бойынша 82 іс қозғалды. Қа­ра­ғанды қаласы бойынша түрлі есірт­кі құралдарының заңсыз айналымынан 600 кило тәркіленді, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин.

Қазір интернеттегі алаяқ­тық та белең алып тұр. Кибер­қыл­мыскерлер адамды алдап, ақ­ша­сын алудың неше түрлі тәсі­лін ойлап тауып жатыр. Қара­ғандыда жыл басынан 936 интер­нет-алаяқтық дерегі тіркелген. Былтыр бұл сан 595-ке жеткен.

– Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде мақалалар мен жазбалар, ескертпе бейнероликтерді жиі жариялаймыз. Полиция бас­қармасы базасында интернет-алаяқтарға қарсы іс-қимыл жөнін­дегі жедел-тергеу тобы құрыл­ды. Бұл топ ақпараттандыру және байланыс саласында жасала­тын қылмыстық құқық бұзушылық­қа қарсы іс-қимыл бойынша қабыл­данатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында жасақталды. Тұрақты негізде Қарағанды қаласының барлық кинотеатрында фильмнің әрбір көрсетілімінің алдында, сондай-ақ қаланың LED-экрандарында халықты интернет-алаяқтықтың әдістері мен тәсіл­дері туралы ескерту бойынша профилактикалық сипаттағы бейне­ролик көрсетіледі. Қара­ғанды қалалық полиция бас­қар­масының кри­ми­налдық полиция бөлімі ақпарат­тандыру жұмыстарын қарқынды атқарып отыр. Қаладағы автобус­тарға да ақпараттар ілінді. Қағаз­ға интернет-алаяқтардың қитұр­қы әрекеттері мен түрлі тәсіл­дері жазылған. Халықты дер кезінде ақпараттандыру – аса маңыз­ды жұмыс. Ескертуіміз халық­қа жетсін деген мақсатта ауди­то­риясы көп деген Қуандық Рахым, Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Майя Бекбаева, Тұрсынбек Қабатов секілді өнер жұлдыздарын маңызды ақпараттандыру шараларына жұмылдырдық. Жалпы айтқанда, екінші деңгейдегі банктермен, автопарктермен, сауда үйлерімен жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Шахназар Әбдіәшімұлы.

Ал қаладағы криминалдық ахуал қалыпты және бақылауда деп айтуға негіз бар. 21,3 пайызға төмендеген. Қабылданған тиісті шаралардан кейін аса ауыр қыл­мыстар 4,1 пайызға, ауыр қылмыс­тарды тіркеу 9,3 пайызға азайды. Жеке адамға қатысты жасалатын қылмыстар да былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15,2 пайызға азайды. Жыл басынан бері қалада 27 бұзақылық тіркелген. Көрсеткіш былтырғыдан 3,6 пайызға төмендеді. Ал адамның жеке мүлкіне қатысты жасалатын қылмыстар 15,2 пайызға азайды. Мәселен, өткен жылы 2 194 қыл­мыс тіркелсе, биыл 1 864-ке жет­кен. Биыл жеке мүлікті тонау­ға қатысты 33, ұрлыққа қатыс­ты 533 қылмыс тіркелді. Тонау был­тырғыдан 37,5 пайызға, ал ұрлық 35,6 пайызға төмен. Автокөлік ұр­лы­ғының 10 нан аса дерегі тіркелді.

Қарағанды полициясы қыл­мыс­тың салдарымен емес, себебі­мен де күресіп жатыр. Осы ретте қылмыстық істі әшкерелеуде бейнебақылау камераларының көмегі көп.

– Бейнебақылау камерала­ры қаладағы тәртіптің сақталуына зор үлес қосатыны мәлім. Кенші­лер шаһарында дәл қазір 6 483 бейнебақылау камерасы бар. Соның 312-сі нақты жедел бақылау орталығына тиесі­лі. Бақылау құрылғылары жолай­рықтарға, адам­дар көп шоғыр­ланатын қоғам­дық орындарға, аулалар­да, білім ордалары мен солар­дың төңірегінде, вокзалда, тіпті көпқабатты үйлердің кіреберістеріне де орнатылған. Барлығы жедел басқару орталы­ғына қосылған. Барлық қоңырау осы орталыққа келіп түседі. Жыл басынан бері бейнебақылау жүйесімен 139 қылмыс ашылды, 8 511 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 8 511-дің 612-сі жол-көлік қозғалысында тіркелді, – дейді Ш.Салин.

 

Қарағанды облысы