Өнер • 04 Желтоқсан, 2024

Ажары ашылған «Айсұлу»

70 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойы. Атаулы датаға орай «Астана Опера» ұжымы сыршыл сазгердің «Айсұлу» комедиялық операсын қайта жаңғыртты. Араға 60 жыл салып жаңаша түрленген туынды сахналық тосын шешімдерімен көрерменін елең еткізді.

Ажары ашылған «Айсұлу»

Иә, уақыт диірмені «Астана Операны» бейнебір жарты ғасыр бұрынғы кезеңге көшірген тәрізді. Иінағашы бар ауыл құдығы, қара қазанында бауырсақ піскен ыстық пеш, шынайы көлемдегі сиырлардың муляждары мен шөп маясы... – осының барлығы шығармашылық құрамның айтулы операға үлкен дайындықпен келгенін бірден байқатады. Әйтсе де, «өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өзекті болған мәселені бүгінгі көрермен қабылдай қояр ма екен?» деген күдіктің де көңіл түкпірінде тұрақтағаны белгілі. Бірақ премьераға жиналған көрермен қарасы мен ықыласы ол ойымыздан тез айнытты.

Тарихқа үңілсек, «Айсұлудың» алғашқы көрсетілімі болған сәттен бас­тап 60 жыл ішінде бұл шығарманың шамамен 10 түрлі нұсқасы қойылып­ты. Оның кейбіреуі анағұрлым сәтті шықса, келесісінің бір қайнауы ішінде кетіп жатты. Қойылым өз дәуірінің жаңалығына айналып, операдағы көңілді атмосфера 1964 жылдың аудиториясы үшін ерекше өзекті болды. Ол кезде сахнада Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Абай Байтоғаев сынды біртуар шеберлер көпшіліктің көзайымына айналса, қазақ музыкасындағы жаңа жанрдың ізашары ретінде «Айсұлу» Сыдық Мұхамеджановтың дарынын көрсеткен бірегей опера болды. Композитор тұңғыш комедиялық опера жаза отырып, классикалық өнердің одан әрі дамуына жол салды әрі ең шынайы сезімдерге баулитын туындыда ұлттық музыка мен драманың тартымды тоғысуын шебер көрсете білді. 

Сыдық Мұхамеджановтың 100 жыл­дық мерейтойына орай «Астана Опера» ұжымы «Айсұлуға» қайта үңіліп, өзінің бірегей нұсқасын жасап шығыпты. Біз тамашалаған қойылымда тың игерушілер туралы сюжет құрған либретто авторлары Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың тандеміндегі әдемі әзіл сахнаны жылулық пен аңғалдыққа толтырып, туындының комедиялық шиеленісін арттырды. Бұл жолда сахна дра­матургиясын толық қалпына келтіру жолдары барынша жан-жақты қырынан қарастырылғанын байқадық және ұжымның онысы тіпті де сәтсіз емес. Қойылым тобының мәліметінше, ол үшін мұрағаттарда тыңғылықты жұмыс атқа­рылып, композитор мен либретто автор­ларының қолжазбалары жан-жақты зерт­теліпті. Соның нәтижесінде, қайта қалпына келтірілген көріністер музыка­лық драматургияның комедиялық сарыны мен жеңілдігін мұқият сақтай отырып, оның тереңдігі мен қарқынын жаңаша сезінуге мүмкіндік берген. Басқаша байыптасақ, «Астана Опера» театры солис­терінің орындауындағы «Айсұлу» опера­сы вокалдық шеберлікті, актер­лік мәнерлі­лік пен тың режиссерлік пайым­дау­ды үйле­­сімді біріктірген музыкалық, драмалық тұтас туынды ретінде ашылды деп сеніммен айта аламыз.

ва

Қойылым вокзал сахнасымен ашылады. Қозғалыс, үміт пен жаңа бастамалар­дың символы іспетті көрініс Еренбақ Тойкеновтің динамикаға негізделген режис­серлік тұжырымдамасын анық атап көрсетеді. Бірінші актіде режиссерлерге үйреншікті алматылық базар сахнасының орнына жанды атмосфера салтанат құрған вокзалдың әдемі картинасын көреміз. Келушілер мен жергілікті жастар онда жаңа мүмкіндіктер іздеу үшін жиналған. Ал Хасеннің диссертация қорғауын тойлау сахнасы көрермендерді кеңестік дәуірге алып барады. Мұнда музыка мен басқа да детальдар санада қалған өткен кезеңнің жанды көрінісін жасайды.

Екінші актіде қойылым колхозға ауысады. Мұнда декорациялар сауыншылар мен ағаш шеберлерінің күнделікті еңбегін паш етіп, сахнаны жұмыс күндерінің қуатымен толтырды. Әртістер ауыл өмірінің жарқын көріністерін жасады. Атап айтсақ, бидон мен шелек ұстаған қыздар, құрал-сай­мандарын көтерген шеберлер, шөп қора­сындағы жұмыстар – осының барлығы шығарма атмосферасын шебер де шынайы жеткізеді.

Осы тұста, әсіресе қойылымды бе­зендіру әрі костюмдерді заманға сай бедерлеуде сценограф мамандардың еңбегі айрықша атап өтуге тұрарлық. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер­лері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың спектакльді көркемдік безендіруі 60-жылдардағы тұрмыс-тір­шілікті сол қалпында жаңғыртты. Вок­залдың, Алматыдағы пәтерлердің, колхоз сахналарының безендірілуінен бастап, жарқын да сан алуан костюмдерге дейін көптеген детальдар музыкалық туындыны сәтті толықтырды. Сахна суретшілерінің шебер қолы мен шексіз қиялынан туған костюмдер сол дәуірдің атмосферасын шынайы жеткізді. Атап айтсақ, ұзындығы тізеден сәл асатын әйелдер көйлегі – бұл кеңестік сәннің классикасы, алайда XVII-XVIII ғасырлардағы костюмдермен жұмыс істеуге үйренген театр тігіншілері мұндай киімдерге жиі тап бола бермейді. Жүн, жаккард, жібек тәрізді табиғи маталардан дайындалған ерлер костюмдері ішкі және сыртқы қалталар, иықбау, астар сынды мұқият ойластырылған элементтермен толтырылған. Орындаушылардың екі құрамына жалпы саны 239 костюм да­йын­­далыпты. Оның ішінде үйлену тойы сахнасына арналған алты классикалық той көйлегі мен алты ерлер костюмі бар. Киімдердің барлығы сол заманның кербездігін үстейтін шлицтер мен кокеткалар қосылып, денеге қонымды етіп жасалған. Бірінші актіге арналған кос­тюмдерде көктемгі жұмсақ түстер мен қала жастарының стилін көрсететін жолақ маталар басым болса, ал екінші актіде көрермендер нағыз кеңес заманындағы ауылға тап болады. Сол талапқа сай мұнда киім ауыл нақышын жеткізеді.

Сахна декорациясы да асқан мұқият­тылықпен жасалыпты. «Союз­печать» дүңгіршегі, шамдар мен вагондар бар теміржол вокзалы қойылымдағы ма­ңызды элемент болды. Былғары шабадандарды қоса алғанда осының барлығы сол кезеңнің жолдағы өмірін еске салып, хикая басталған атмосфераны, яғни жас Серке Алматыны бағындыруға кететін сәтті көз алдыңызға әкеледі. Театр бутафорлары да ауылдың шынайы көрінісін шебер жасаған. Олар сиырлар мүсінін пеноплас­тан ойып, папье-машемен қаптапты. Сонымен қатар отын, зембіл айыр тәрізді басқа да көп­теген декорация элементтерін тамаша талғаммен әзірлегенін көріп, кәсіби мамандар еңбе­гіне шын тәнті болдық. Саусағы­нан шедевр туған шеберлер тіпті бутафор­лық бауырсақ жасаудың да амалын сәтті тап­қан. Латекспен қапталған бауырсақтар сахнада сондай шынайы көрінеді. Әсіресе түтіні бұрқырап, үстінде бауырсақ піскен қара пеш ауылды сағынған көрерменнің ерекше қызығушылығын туғызды.

Қойылымда «Құрмет» орденінің ие­­ге­рі Айзада Қапонова мен Назым Сағынтай орындаған Айсұлу партиясы айрықшы қошеметке лайық. Айсұлудың әйгілі ариясында әншілер колхоздың бірінші сұлуы бейнесінің шынайылығы мен терең эмоциялық толықтығын жеткізіп, музыканың динамикасы мен фразалау­ды ерекше меңгергендерін көрсетті. Олардың вокалдық техникасы кеңестік дәуірге тән еңбекқорлық пен адалдық мұраттарын атап көрсететін шынайы актерлік ойынмен үйлесім тапты. Ал Серкенің рөлін баритондар Дінмұхамед Көшкінбаев пен Талғат Ғалеев тамаша орындады. Әдемі дауыс бояуы мен екпін дәлдігі арман-мақсаттары Айсұлуға деген шынайы сезімге жолықтырған өршіл жастың жарқын бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов, Талғат Аллабиринов пен Артур Ғабдиевтің орындауындағы Серкенің дос­тары – Хасен мен Әубәкір қойылымға әзіл-қалжың қосты. Олар­дың ансамблі жарасымдылығымен, вокал еркіндігімен, және ырғақтардың молдығымен ерекше­леніп, сол кезең жастарының жанды бейнелерін жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Әсем Сембина, Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова ұсынған Жансұлу мен Нұрсұлу партиялары да көрермен қошеметіне бөленді. Әртістердің сопрано мен меццо-сопрано дауыстары мінсіз ансамбль болып естіліп, спектакльдің музыкалық мазмұнына тапқырлығымен көрік берді.

«Сыдық Мұхамеджановтың «Ай­сұлу» операсы – комедия жанрында жа­зыл­­ған тамаша туынды, оның өзін­дік ерекшеліктері бар. Бұл операны орын­дауды бұрыннан армандайтынмын. Қойылымдағы оқиға желісі 1960 жылы Алматыда өрбиді. Халқымыздың жет­пісінші, сексенінші жылдардағы тұрмысы туралы әрдайым ойланатынмын және сол заманға барсам ғой деп армандаушы едім. Енді маған осындай мүмкіндік туып тұр. Қойылымда біз ретро стильге, жетпісінші жылдардың атмосферасына енеміз. Басты кейіпкер Серкенің рөлі мен үшін вокалдық қиындық туғызған жоқ, бұл жерде актерлік шеберлік бірінші орында деп ойлаймын. Өйткені дәл осы комедияда операның мәтіні немесе музыкасы арқылы емес, актерлік шеберлікті көрсету арқылы көрермендерді баурап, күлдіре аламыз. Сол үшін де жан-жақты іздендік. Ойы­нымыз көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын, дейді Серкенің партиясын орындаушы Дінмұхамед Көшкінбаев.

Қойылымда жаңа музыкалық редакцияны жүзеге асырған қоюшы дирижер, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің жетекшілігін­дегі театрдың симфониялық оркестрі туындының тұтастығын паш етті. Маэстро партитураның байқала бер­мейтін эмоциялық нюанстарын анық­тап, лирикалық сахналар мен жалпы көріністі үйлесімді біріктіре білген. Сонымен қатар «Астана Операның» бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің басқаруындағы хордың еңбегін де ерекше атап өткіміз келеді. Ұжым бірлескен рухты ұлықтап, өткен дәуірдің атмосферасын шебер жеткізді. Қорыта айтқанда, Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы режиссерлік жасампаздық, қойылым тобы­ның кәсібилігі мен әртістердің ше­бер­лігінің арқасында жаңаша тыныс алды. Соның нәтижесінде, әзілі мен әні жарасқан шытырман оқиғаға толы комедиялық опера қыстың аязды күндерінде көрермен жүрегіне ғаламат жылу сыйлап, тыңдаушысын жарқын әсерге бөлегені сөзсіз.