Дәстүр • 06 Желтоқсан, 2024

Қазақтың беташары – ЮНЕСКО тізімінде

113 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

2024 жылғы 2-7 желтоқ­сан аралығында Па­раг­­­вай Респуб­лика­сының Асун­сьон қаласында өт­кен Мате­риал­­­дық емес мә­дени мұра­ны қор­ғау жөніндегі үкімет­ара­лық комитеттің 19-сес­­сия­сының 4-күнінде (5 жел­тоқсанда) қазақтың салты беташар мен беташар жыры адамзат­тың репрезентативті тізімі бойынша материалдық емес мәдени мұра құндылығы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енді. Бұған дейін қазақтың 13 мұрасы осы тізімге алын­ған еді.
Биыл мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Салбурын» мен «Беташар» сияқты ұлттық құндылықтарды ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енгізу барысы жүріп жатқанын айтқан еді.
«Елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр», деген Мемлекет басшысы.

Қазақтың беташары – ЮНЕСКО тізімінде

Сурет: Қара шаңырақ алдындағы беташар. Маңғыстау, Шайыр ауылы|Т.Қартаева

Осынау ақжолтай жаңалықты бірінші болып сүйіншілеген, қазақ­тың көптеген ұлттық мұрасын зерттеп жүрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф-ғалым, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Материалдық емес мәдени мұра комис­сиясының мүшесі Тәттігүл Қартаева ханыммен аз-кем әңгімелескен едік.

– Тәттігүл Ерсайынқызы, бүгінде әлемдік деңгейге көтерілген беташар салтының қалай өткенін сараптау өте маңызды, себебі қазір қарап тұрсақ басқаша сипат алып бара жатқанын байқаймыз.

– Қазақтың айрықша болмысын әй­гілейтін, бірегей салт беташар – ЮНЕСКО-ның тізіміне енуі қуанышты жаңалық. Қазақ елін және осыған атсалысқан азаматтарды құттықтаймын.

Иә, рас, қазір, әсіресе қалалық жерде беташардың өзгеріске енген сипатын көп көреміз. Бұрынғы кезде келінді алыс жақтан алған күннің өзінде келіннің таңда немесе күндіз түсуін оң көр­ген. «Қалыңдық көші» ауылға жақында­ған кезде, ауылға 3-4 шақырым қалған­да ауыл қыздары алдарынан шығып, ­жас келінді қарсы алады. Бұл рәсімді «Алды­нан шығар» деген. Жаңа түскен келін отауға оң аяғымен, басын иіп кіреді. Шы­мылдықты уыққа керіп байлап, келінді сонда отырғызады. Келін табалдырықтан басын иіп кіруі – аруаққа тағзым етуі. Табалдырықты аттаған сәтте ошақтағы отқа май құю рәсімін орындатады. Рәсімді орындату әулеттің үлкен қария аналарына жүктелген. Қазақ ұғымында от үйдің жарылқаушысы саналады, отқа май (құйрық май) құю рәсіміне ерекше мән берген. Келін отқа май құярда рәсімді орындатушы қария аналар «От – әулие, Ұмай – әулие», «От – әулие, Май – әулие», «От Ана, Ұмай Ана» немесе «От Ана, Май Ана! Жарылқа» деп айтқан. Отқа май құйғызған аналар да от жалынына қолдарын тигізіп, маңдайын, төсін сипап, басын иіп аруаққа тағзым еткен. Май құйылған отқа алақанын қыздырып алып, келіннің бетін сипау ертеден жеткен ғұрып. Бұл келіннің жүзі жылы, өзімізге ыстық болсын дегені. Отқа май құюдың ғұрыптық мәні отбасының жарылқаушысы – Ұмай анаға сиыну. 

Дәстүрлі қоғамда беташар рәсімі тек күндіз өткен. Беташардың қарашаңы­рақ алдында, оттың басында күндіз өтуі Сыр-Арал, батыс өңірде берік сақталған. Ке­лін­ге арнап шымылдық құру, оның ішіне келінді қыздармен бірге отырғызу, жаңа үйге үйрету де Сыр өңірінде сақтал­ған. Шымылдық құрылған жас жұбайлар бөлмесі «шымылдық там», «шымылдық бөлме» деп аталады. Жас келінге көз тиюден сақтау үшін шымылдығына үкі қадап әдіптеген. Шымылдық бөлменің бір қабырғасын толық алып тұрады. Шымылдық келіннің қалауынша балалы болғанға дейін де, кейін де тұра береді. Ал Маңғыстау өңірінде келін алдынан керіп алып шыққан шымылдықты «беташар» рәсімінде де керіп ұстап тұрады.

– Ал сәукелені келін төркінінен киіп келе ме, әлде жаңа түскен жұрты кигізе ме деген сұрақ туындап жатады.

– Ертеде жас келін беташарда өзінің киіп келген сәукелесімен тұрған. Дәстүрлі сәукеле желегі жібек, шыт немесе бөз матаға кесте тоқылған орамал болған. Кестелі орамалды басына салып, үстінен сәукелені бастыра киген немесе кестелі орамал «сәукеле тәжі», «сәукеле қарқарасы» деп аталған ең жоғарғы бөлігіндегі бергекке бекітіл­ген. Қазақтың «кестелі орамалы» келіннің орамал, жаулығын да қамтиды. Ертеден жетіп, музейлерде сақталған сәукелелер үлгілерінің негізгі дені желексіз. Желек қызметін атқарған кестелі орамалды бетін бүркемелеп жауып, үстінен сәукелесін ­бастыра киіп тұр­ған. Беташар рәсімінен соң кестелі ора­мал басына «ақ жаулық» болып түс­кен. Беташарда жас келін­нің ұзатылған сәу­ке­лесін басына түсетін «ақ жаулық» үстінен бастыра киіп тұруы Маң­ғыстау өңірінде ішінара сақталған.

Сәукеле желегінде қызыл түсті жіптен гүлді кестелердің мол болуы қыз ғұмыр мен оң босаға аттаған өмірдің арасындағы байланыстың дәнекері іспетті. Орамал, желектің негізіне көбіне ақ түсті матаның таңдалуына орай «ақ орамал» сөз тіркесі қалыптасты. Қазақтың «Сыңсу» жырында келесідей мәтіндер кездеседі: «Айналайын жеңеше-ау, Мінезің еді өзгеше-ау, Ақ орамал алғайсың, Артымнан іздеп барғайсың» деген. Беташар жыры аяқталған соң, сол әулеттің жасы үлкен қария анасы жас келіннің басын жапқан жаулығын ашып, маңдайынан иіскейді. Келіннің қайын енесі жоқ болса, ене жолындағы үлкен енелердің бірі келіннің маңдайынан иіскеп, қолына «отау жүзік» салады. Ертеде беташарда келіннің аяғының астына ақ қойдың терісін немесе ақ ешкінің тулағын тастайды. Бұл – келініміз жұмсақ болсын, өсіп-өнсін, балалары көп болсын деген ырым. Мұндай ғұрып қазір де сақталған өңірлер бар.

– Қазақтың жері кең, соған сай беташар салтында да аздаған ерекшелік бар сияқты.

– Иә, беташарда аймақтық ерекше­ліктер байқалады, әсіресе келінді осы рә­сімге қалай алып шығудан, сондай-ақ келіннің басына жапқан жаулықты ұстап тұрудан көрінеді.

Қазақ жерінің батысында, Арал, Қа­залы, Қармақшы өңірінде келіннің басына ләтте жібектен ақ жаулық жауып, ұзындығы 2 метрдей қызыл мата, оған қамшы сабын жалғап, оны бет ашушы жыршының көмекшісі ұстап тұрады. Сыр­дарияның Тереңөзек, Қараөзек саға­лары өңірінде келін басына жапқан ақ жаулыққа 1,5-2 метрдей ақтық, ақтықты одан әрі қамыс немесе талшыбыққа жал­ғап байлайды. Қызылордадан шығыс өңі­ріне қарай Шиелі, Жаңақорғанда, сон­дай-ақ, Сырдарияның орта ағысы бойында ақ матаға оқтау байлайды. Мұндағы ақ матаның байлануы – қадамың оң, ақ болсын дегені, қызыл матаның байлануы – келінді көз тиюден сақтау, қам­шы, қамыс, шыбықтың байлануы – келін құрақтай жұмсақ болсын, ал оқтаудың бай­лануы – келініміз үй шаруасына берік, адал болсын деген ырыммен байланыс­ты. Қамшы, қамыс, талшыбық, оқтауды үйленбеген жас жігіт немесе күйеу жігіт­тің жолдасы ұстайды. Бұлар шартты түр­де «таяқ» деп аталады. Таяқтың әртүрлі болуы да жергілікті жердің өз ішін­дегі аймақтық ерекшелігіне тән. Таяқты «сен де осындайға жет» деп оны ұстаған жігіт­ке береді. Оқтауды «бұл сенің үйіңнің мүл­кі, ас үйдің иесісің», деп жаңа түскен келін­ге береді.

Қазақ жерінің солтүстік-батысында беташарда төрт абысын жаңа түскен келіннің басына жаулық орнына жабыл­ған үлкен көлемді матаның төрт ұшы­нан ұстап тұрады да, сәлем салу кезінде матаның төрт ұшынан белгі береді, келін сол кезде жамылғы астында иіліп сәлем салады. Ыбырай Алтынсариннің жазбасын сараласақ, беташарда жас келіннің сәлем салуы абысынның жаңа түскен келіннің жаулығын көтеріп белгі беруімен қатар жүрген. Бұл өңірде осы күні де беташарда жас келіннің қолтығынан абысындары сүйемей, басына жабылған ұзын мата шетінен ұстап тұруы ертеден қалыптасқан аймақтық ерекшелік деуге болады.

Беташарда сол әулеттің бұрын түскен келіндерінің жаңа келінді екі жақ білегі­нен ұстап тұруы «қолтық сүйеу» деп атала­ды. Қолтық сүйеген келіндерге кәдеге жас келіннің енесі орамал, мата берген.

Беташарда келін есте сақтауға тиіс­ті қазақ дәстүрлері таныстырылып, ел-жұртына жағымды, ата-ене, туыс-туған­да­рына қайырымды болуды, босағаны, ша­ңырақты сыйлауды, ибалы, көрегенді болып, берекелі отбасын құрып, әулеттің ұрпағын жалғауды насихаттайды.

– Ал енді беташардың сөзі мен әуе­ніне тоқтала кетсеңіз?

– Беташар жырының көне нұсқа­сын Ә.Диваев Сырдария экспедициясы ке­зін­де жазып алып жариялаған. Осыған ұқ­сас беташардың көне мәтінін Н.Гродеков ­те қалдырған. Беташар әнінің көне мәті­нін сондай-ақ «W» деген бүркеншік ат­ты қолданған автор 1905 жылы «Тургай­ская газета», «П» деген автор 1878 жылы «Русский вестник» газетіне шығарған. Ә.Диваев, Н.Гродековтер жариялаған осы ба­йырғы беташар мәтінінің алдыңғы төрт қатары, әлі күнге еш өзгеріссіз жеткен. Беташар әнінің мәтіні де дәстүрді сақтаған ауылдық жерлерде ұрпақтан-ұрпаққа өз­геріссіз жетіп, кеңінен айтылып келеді.

Таныстыру қайын атасынан басталып, қайын ене, қайын аға, абысын, қайны, қайын сіңілісі, одан кейін беташарға келіп отырған көпшілікке арнаумен аяқталады. Беташарға ауылдың күйеуге шықпаған қыздары жеңгелері­мен келген. Қатысқан ауыл қыздарының барлығын дерлік қайын сіңілі ретінде беташаршы ерекше дәріптеген. Бет ашатын жігіт күйеуінің ет жақын туыстарының әрқайсысына арнау өлең айтып болған бойда, таяқ ұстап тұрған жігіт таяқты көтеріп қалып, белгі бергендей әрекет жасайды. Әр таныстыру шумағын «сәлем салуға» шақырумен аяқтайды. Сол мезетте жас келін де, қол­тықтап тұрған келіндер де иіліп сәлем салады. Қазақ жерінің батысында келін мен қолтық ұстаған абысындар сол өңірдің аймақтық ерекшелігіне сай, оң тізесін бүгіп, оң қолын бүгілген тізе үстіне қойып сәлем береді. Бұл сәлемім оң дегенді білдіреді.

«Келіннің айдай жүзін көріңдер, көрімдігін беріңдер» деп айтуын ет жақындары күтіп тұрады. Сәлем алған ене, абысындары келінге бірі күміс сақина, бірі орамалын дайындап тұрған. Беташарда «сәлем салғанда саламын» деп енелер келінге арнап «отау жүзік» соқтырған. Беташар – қайын атасы мен қайын ағаларының мырзалығына сын. Өйткені бет ашқанға риза болған қайын атасы ат мінгізіп, шапан жауып жіберген. Ертеде сәлем алған қайын атасы, енесі, қайын ағаларының мал атағанын жазба деректер растайды:

«Келін келді, көріңіз, көрімдігін беріңіз!

Беретұғын малыңның түсін

айтып қойыңыз.

Нар берсеңіз, мая бер,

үстіне кілем жая бер...

Жылқы берсең биеден,

кем болмасын түйеден»

болып жалғасады.

Беташардың алғашқы сөзі қалыптасқан мәтін болса да, негізгі шумақтары әр өнерпаздың суырып салмалық қабілетіне орай әрі келін түсірген әулеттің адамдарын таныстыруына қарай әртүрлі болды. Әр беташар жыры – жыршының жаңа туындысы.

– Беташар айтылып болған соң келіннің бетін кім ашады? Өйткені «келінің бетін кім ашса соған ыстық» деген сөз бар ғой.

– Осыған қатысты дәстүрлі этикетімізге мүлде қайшы нәрселер бар қазір. Мәселен, жас келіннің басына беташар салты­ның соңында бетін бүркемелеп орамал жапқан. Беташардың қорытынды шумағы айтылған соң, әулеттің үлкен қария анасы келіннің басындағы орамалды ашып, маңдайынан сүйіп, батасын беріп, басына салған. Басына орамалды салу құрметі тек сол әулеттің үлкені ретінде ғана емес, көпбалалы, немерелі, шөберелі болған қария ана ретінде «келін үбірлі-шүбірлі болсын» деген ырым, ниетпен байланысты табысталған. Маңғыстауда беташардан соң келінді бүркемелеген күйі үйге кіргізіп, көрпешеге отырғызып барып, орамал салу, отқа май құю рәсімін орындайды.

– Беташар кезінде жасалатын сәлем салу рәсімінің маңызы неде?

– Келіннің күйеуінің туыстарына «сәлем салуы» осы беташардан басталады. Келін күйеуінен үлкендерді көргенде «сәлем бердік» деп иіледі, олар «көп жаса» деп жауап қайтарады. Келін әр сәлем сал­ған сайын бата алады. 1915 жылы белгілі түр­кітанушы А.Самайловичке Мұстафа Шоқай: «Жақсы келін қалыңдық кезінде-ақ болашақ күйеуінің туыстарының атын атамайды», деп жазғаны бар.

– Жоғарыда беташарда қайын атасы жыршыға мал атағанын айттыңыз, ал ақша салу қашан қалыптасқан нәрсе?

– Қазір беташарда үстіне орамал жа­йылған табақ қойылып, аты аталған­дар­дың бәрі ақша салуы, жергілікті қазақ­тардың айтуынша, 60-жылдардың соңы, 70-жылдардан басталған.

Бұл күнде беташар рәсімі өзгеріске енген. «Беташар жыры» мәтіні дәстүр­лі емес, барлық тойға ортақ жаттанды. Бет­ашаршылар рәсімінен соң «келіннің бетін кім ашса сол ыстық, мен қара домбыраммен ашып берейін» деп келіннің жаулы­ғын домбырамен көтеруі қазақы дәстүр­де болмаған жайт. «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» деп өз туыстарын меңзе­ген. Беташар жырының домбы­рамен аша­тынын, «домбырамен жаулығын ашып беру» деп түсінуі мүлдем ақылға сыймайды. Бі­реудің жас келіншегі­нің жаулығын беташарда көтеру қазақы эти­­кетке мүлдем жат екенін жастардың білмеуі. Беташар қара­шаңырақта емес, тойханада, тойдың кешке болуы себепті күндіз емес, кешке өтіп жүр.

Келіннің беташарда иығы ашық той көйлегімен  тұруы, бет жүзі көрініп тұра­тын торды көмкере салуы кездеседі. Дәс­түрлі қоғамда беташарды қобызбен аш­паған, қыздар ашпаған, бұл күні бір беташаршы емес қобызшылар, қыздар қатысатын «беташар-шоу» жасайтын топ­тарды шақырып беташарды әсірелеп өт­кізуді де көріп жүрміз.

Беташар рәсімі ЮНЕСКО-ның мате­риалдық емес мәдениет мұрасына енген ескерткіш ретінде дәстүрлі беташар­ды жолға қоятын, беташардағы бұрма­лау­шылыққа «рухани вандализмге» тыйым салатын кез келді. 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бақытбек ҚАДЫР,

«Egemen Qazaqstan»