Тұлға • 06 Желтоқсан, 2024

«Бөбек бөлеу» – бесік жыры

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаламынан поэзиялық жауһарлармен қатар, прозалық кесек шығармалар тудырған Ілияс Жансүгіров – балалар әдебиетінің де негізін салушылардың бірі. Ілиястың балаларға арналған өлеңдері шынайы қазақи өмірдің көріністерінен құралған. Бейбіт өмірге, оқу-білімге бастайтын игі мақсаттар баланың білімге ұмтылуына түрткі болатын ұлттық таным екені сөзсіз. «Жазғытұры», «Күз», «Қыс», «Оқимын», «Бөбек бөлеу», «Тас шешей», «Сабын», «Ұршық», «Саптыаяқ», «Күн боламыз», «Элеватор», «Комбайн», «Қазақ үйдің тұрмысы», т.б. өлеңдері бүгінгі балалар әдебиетіндегі үлкен үлгі.

«Бөбек бөлеу» –  бесік жыры

Осындағы «Бөбек бөлеу» өлеңінің тәрбиелік ма­ңызы өте зор. Қазір әнімен айтылып жүр. Шығарма 1926 жылы жазылған. Өлеңнің ойы – терең, өрнегі – өзгеше. Ана бөбегін халық ұғымындағы ең жақсы нәрселердің бәріне теңейді. Сәбиіне деген ыстық сезімі, елжіреген жүрегі, шексіз махаббаты байқалады.

«Бөл-бөл бөбек, бөл бөбек.

Бөріден бөстек ки бөбек.

Ерінбей еңбек ететін,

Еліңе бол елгезек.

Бөгелмей білім, біл, бөбек.

Білмеген білім бекерсің,

Бет алдыңа кетерсің.

Елге есті ер керек.

Ер жет, есей ертерек».

Баласын бесікке бөлеген ана сәбиіне қоятын осындай талабын өлең етіп, онымен ерекше ілтипатпен тілдеседі. Алдымен «төрт есікті бедерлі бесігіне – өз отауына» енуін өтінсе, сосын анасы баласының саусақайын, салбыраған қос білегін тамашалайды. Бөлегенде жөнге көнуін, тілалғыш болуын талап етеді. Бала­ның «қос жұлдызын» жұ­мып, жақсылап демалуын, ұйық­­та­ғаннан кейін ерте тұруға үйре­нудің де пайдасы зор екенін ескертеді. Ақын ауыз әдебиетіндегі классикалық дәстүрді ары қарай дамытады. «Бөгелмей білім, біл бөбек, елге есті ер керек» деп өз заманының бөбектеріне тіл қата­ды. Ұрпақтан ұрпаққа жарасым­ды жалғасып келе жатқан «Бесік жыры» негізінде жазылған өлеңде балаға сәби шақтан сезімдік тәрбие беру міндеті көзделеді.

Енді, міне, осындай тәрбиелік мәні зор өлең ән үлгісінде айты­лып, Қытай халқының сахнасын­да орындалып жүргенін хабарлағымыз келеді.

Жақында Ілияс Жансүгіров әдеби музейіне Қытай Халық Рес­публикасы, Тарбағатай аймағы, Шәуе­шек қаласы, Толы ауданы­ның тұр­ғыны, Шыңжан жазу­шылар қоғамының мүшесі, Шың­жан композиторлар одағының бе­делді композиторы Ду­ман­гүл Мұ­ратжанқызы келіп қайтты. Қытайда қолына Ілияс Жансүгіровтің 1926 жылы жарық көрген «Бөбек бөлеу» (Ана жыры) өлеңі жазылған ескі газет түседі. Газеттің жоғарғы бөлігі жыртылғандықтан, өлең­нің аты белгісіз, тек өлең сөздері мен соңында «І.Жансүгіров» деп жазылғанын көреді. Ақынның өлеңі ұнағаны сонша, композитор ән шығарады. Әнге «Ана жыры» деп ат қояды.  Кейіннен өлеңді Қытайда жариялап, сахнаға шығып орындап, үлкен марапатқа ие болады. Алматы қаласындағы туған-туыстарына келгенде, Талдықор­ған қаласына арнайы ат басын бұрып, І.Жан­сүгі­ров әдеби музейі бар екенін естіп, шығарған өлеңін соның қорына табыстап кетті.

Тіпті Қытай сахнасында орындалып жүрген «Бөбек бөлеу» әнін ел арасында да кең таратсақ деген ойымыз бар. Себебі өлең тек баланы әлдилеп, ұйықтату мақ­сатын көздемейді. Балаға ұлт­тық тәлім-тәрбие, ата-анаға қол­ғанат болу, елдің ертеңі болар азаматқа айналуды кішкентайынан құлағына сіңіру керек екенін жеткізеді. Әрбір жас ана ақынның «Бөбек бөлеу» өлеңімен сәбиін әлдилеп бесікке бөлесе, ұмыт болып бара жатқан салт-дәс­түрі жаңғырып, дәріп­теледі деп қабылдар едік. Себебі бесікке жатып, бесік жырын тың­дап өскен қазақ баласынан ден­сау­лығы мық­ты, ибалы, тәрбиелі, ана сүті­мен дарыған ұлттық болмысты сақтайтын ұрпақ қалыптасады деп ойлаймыз. Ілияс атамыздың әр өлеңінің болашақ жастар үшін тәр­биелік мәні жоғары.

 

Аида ҚҰНАНБАЙҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері