«Жастар денсаулығын сақтау – «Saulyq.life» қозғалысы былтыр Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен құрылған. Қозғалыстың міндеті – жыныстық тәрбие мен репродуктивті денсаулық туралы жастарды ақпараттандыруға бағытталған. Ақпараттық құралдардың көмегін пайдаланып, жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің, түсік жасатудың, жастар мен жыныстық жетілу жасындағы балалар арасында жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардың санын азайтуға ықпал етуге болады.
«Saulyq.life» қозғалысының сарапшылары жүргізген зерттеу нәтижесіне үңілсек, ел жастарының репродуктивті денсаулық мәселелеріне деген қызығушылығы 2022 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға артқан. «Жастар денсаулығын сақтау – «Saulyq.life» қозғалысының жетекшісі Қанат Мырхайдаровтың айтуынша, жастар осы тақырыпқа қызығушылық танытып, жіті ізденеді. Бұған арнайы анонимді Telegram ботына келетін сұраныстар санының артуы дәлел. Бір жарым жыл ішінде «Saulyq.life»-тың психологтері мен медицина мамандары жастардың 350-ден астам өтінішін қараған.
«Сауалнаманың негізгі көрсеткіштерін «Қазақстан жастары – 2022» ұлттық баяндамасында келтірілген деректермен салыстыра келе, осы кезеңде репродуктивті денсаулық тақырыбына қызығушылық танытқан жастардың үлесі 44,2%-дан 68,9%-ға дейін артқанын байқадық. Өсім, әсіресе, ауыл жастары арасында байқалды. Мұнда көрсеткіш 32,2%-дан 48,3%-ға дейін артып отыр. Telegram-боттың көмегімен ел жастары мамандардан тегін кеңес алады. Бізге көбіне 15 пен 22 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар жүгінеді. Оларды жыныстық денсаулыққа, басқа мәселелерге қатысты алуан тақырыптар қызықтырады», дейді Қ.Мырхайдаров.
Бүгінде жобаға 2000-нан астам ерікті белсенді қатысса, олардың барлығы кәсіби мамандардан арнайы дайындықтан өтіпті. Сонымен қатар қоғам белсенділері үн қосып, «saulyq.kz» оқыту платформасын құрған. Платформада физиология, етеккір циклі, ерлер денсаулығы, басқа да маңызды тақырыптар туралы ақпараттық бейнероликтер мен подкастар үнемі жарияланады. Ондағы танымдық ақпараттарды 2 миллионнан адам астам қарап үлгерген.
«Біз елдің әр өңірінде қозғалыс көшбасшыларын даярлауға арналған оқыту курстарын ұйымдастырдық. Әлеуетті волонтерлер жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алуға, жүктілік пен репродуктивті денсаулыққа теріс факторлардың әсеріне қатысты мәселелерді зерттеді. Әр аймақта ең үздік нәтиже көрсеткен 50 қатысушы қозғалыстың тәлімгері атанды. Олар енді өз облысындағы ауылдық жерлердің жастары арасында түсіндіру жұмысын жүргізеді. Жеткіншектер ересектерге қарағанда өз қатарластарына көбірек сенетіндіктен, «теңбе-тең» қағидасын ең тиімді амал деп білеміз», деді Қ.Мырхайдаров сөзін түйіндеп.
Республикалық форумда акушерлік және гинекология жөніндегі доцент, уролог-андрологтермен қатар, жастар қозғалысының үйлестірушілері де қозғалыс волонтерлеріне арналған тренинг ұйымдастырды. Форумның соңы «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Medical Youth Ball»-ға ұласты. Кеш қонақтары волонтерлердің өнерін тамашалады. Үздік еріктілерді марапаттау салтанаты өтті.