Ғылым • 11 Желтоқсан, 2024

Инновациялық мамандыққа басымдық беру – заман талабы

52 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім жүйесіне түбегейлі реформалық өзгеріс енгізіп, оны трансформациялау кейінгі жылдары анық сезілді. Осы орайда Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – осы салаға нақты өзгеріс енгізіп, ел экономикасын дамытуға бағытталған қадам.

Инновациялық мамандыққа басымдық беру –  заман талабы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Енді техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) жүйесін реформалау бойынша еліміздегі жұмысшы кадрларды даяр­лау жүйесінде қалыптасқан үрдісті түбегейлі қайта қарау мүмкіндігі туып отыр. Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында сапалы білім мен саналы тәрбие беру өркениетті ел­дердің маңызды мәселесі саналады. Яғни жұмысшы мамандарын даярлау – сан бағытты қамтитын аса жауапты сала.

Осы тұрғыда еліміздегі колледждер жоғары оқу орындары мен негізгі және орта білім беру ұйымдарымен тығыз байланысып, осы үш буын арасындағы ынтымақтастықты басты стратегиялық бағыт деп қабылдауы қажет. Дәлірек айтқанда, білім алушының мансабын одан әрі дамытып, үгіт-насихат жұмыстары мен пайдалы кеңес берудің ортақ үлгісін жасап, оны білім беру жүйесіне енгізу, тиімді жолға қою негізгі нысанамызға айналмақ. Осы мақсатта жоғарыда айтқан үш буын, яғни білім саласының ортақ әрі бірегей жүйесіне бет бұруы керек.

Келесі назар аударатын мәселе: аймақ­тардағы колледждер өз маман­дықтары бо­йынша үгіт-насихат орталықтарын құру. Бұл жұмысқа жаңаша серпін береді. Мемлекет басшысының өз Жолдауында «Кәсіптік білім беру реформасы эконо­миканың өсуін қамтамасыз ету және оның инвес­тициялық әлеуеті тұрғысынан өте ма­ңызды болып отыр», дегені де осы мәсе­ленің өзектілігін білдіреді.

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұ­мысшы мамандықтар жылында­ғы» тағы бір игі бастама – ол аймақта­ғы тех­ни­ка­­лық және кәсіптік білім беру ошақ­та­ры­­ның инновациялық және рен­табельді ма­мандықтар ашуында.

Жуырда Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрлігіне салалық министр­ліктермен бірлесіп, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау жөнін­дегі кешенді жос­пар әзірлеу тапсырылды. Бүгінгі колледж­дер бұл мақсатты орындау үшін мемлекет тарапынан бірнеше шартты іске асыру қажет. Мәселен:

– Жан басына шаққандағы әрбір ­сту­­­дентке бөлінетін қаражатты кемінде екі-үш­ есе көбейту;

– Аймақтағы немесе ауылдағы кол­ледж­дердің кәсіби білім беру базасын нығайта отырып, білім үрдісі жақсы жолға қойылған колледждерді сол өңірдің негізгі тіреуіш орталығына айналдыру. Оған басқа да оқу орындарын тартып, жан-жақты сапасын арттыру;

– Колледждерде жаңа мамандықтар ашудағы лицензияларды иемдену мүм­кін­дігін барынша жеңілдету;

– Астана немесе Алматы қаласында «World Skills» академиясын құру;

– Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын үздік тәмамдаған тү­лек­терге мемлекеттік қызметке орнала­суын оңтайландырып, жеңілдету;

– Профильді жоғары оқу орындары колледждер­ді өз қамқорлығына ала отырып, әдістемелік бағыт­ ­бойынша ынты­мақтастығын арттыру;

– Техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдары студенттер мен педагогтерге арналған өзара академиялық ұтқырлық енгізу;

– Педагогтерді әлемдік деңгейдегі үздік колледждерден тағылымдамадан өтуді ұйым­дастыру;

– Шетелдік үздік менеджер және оқы­тушыларымен тәжірибе алмасу;

– Техникалық колледждер базасында арнайы әскери кафедра мен запастағы сержанттар даярлайтын әскери орта­лық ашу;

– Техникалық колледждер нысанында жасанды интеллект орталығын құру.

Міне, Президент Жолдауынан осындай парасатты ой түйдік. Бұл жұ­мыс­шы мамандық иелерінің білім-білік­тігін арт­тырудағы тың идея, игі баста­маға алғы-шарт ретінде ықпал етері анық.

 

Динар НӨКЕТАЕВА,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі,

педагогика ғылымдарының кандидаты