Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2024

Үстел теннисі орталығы ашылды

28 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талдықорғанда үстел теннисі орталығы ашылды. Нысан жергілікті жеке кәсіпкердің қаржысына салынған. Халық­аралық стандартқа сай спорт ғимараты жастарды үстел теннисіне баулып қана қоймай, шахматты да үйретеді.

Үстел теннисі орталығы ашылды

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Бұқаралық спорт нысанының ашылуына облыс әкімі Бей­біт Исабаев, Үстел теннисі федера­ция­сының вице-президенті Ел­сияр Қанағатов, Атланта Олим­пиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров, еліміздің тұңғыш «Барысы» Ұлан Рысқұл бастаған спорт ардагерлері мен қала тұрғын­дары қатысты.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», деп атап өтті. Осы орайда спорттық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, жан-жақ­ты жетілуіне жағдай жасалып ке­леді. Бұл ретте спорттық нысандарды са­луға мемлекетпен қатар жеке инвесторлардың да белсен­ді қаты­са бастағаны қуантады», деген Б.Исабаев орталықты салуға қаржылай қолдау көрсеткен «Же­тісу қолдау» қоғамдық қорына алғыс білдірді.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған нысан халықаралық та­лаптар мен стандарттарға сәйкес салынған. Мұнда кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар.

Жалпы, балалар мен жасө­спі­рім­дерге арналған облыстық спорт мектебінде 613 оқушы тәрбие­леніп жатыр, соның 131-і үстел тен­нисімен айналысады. Мектепте 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Жалпы ауданы 2193 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат­тың үстел теннисіне арналған үлкен залында 12 үстел қойыл­ған, алдағы уақытта оның санын көбейтуге де мүмкіндік жасал­ған, сол сияқты 250 орындық три­бунасы, шахмат пен тоғызқұма­лақ­қа арналған залы бар. Жатты­ғу залы, массаж бөлмесі, жуы­натын бөлмелер, басқа да қажет­ті әкімшілік, тұрмыстық үй-жай­лар қарастырылған. Жобаға 1,3 млрд теңге инвестициялық қаражат жұмсалды.

«Талдықорғандағы үстел ойын­дары мен спорттық туризм бағы­тында жұмыс істеп тұрған облыс­тық мектеп бұған дейін жалдамалы ғимаратта отырған. Енді кәсіби және әуесқой спортшылар кез келген ыңғайлы уақыт пен қолайлы жағдайда үстел теннисімен айналысып, шахмат немесе тоғызқұма­лақ ойнай алады. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға, спорт­тық жетістіктерді жақсартуға ықпал етеді», дейді облыстық үстел ойындары мен спорттық туризм бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұрлан Дүйсенбинов.

Жетісуда 233 секцияда тұрақты негізде 11 592 тұрғын, соның ішінде жастар да үстел теннисімен айна­лысады. Арнайы секциялар Ала­көл, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұ­лақ, Панфилов, Сарқан аудан­да­рында, Талдықорған қала­с­ын­да ашыл­ған. Бұл секциялар­да 146 жат­тықтырушы бар. Сон­дай-ақ мемле­кеттік спорттық шығар­ма­шы­лық тапсырыс негізін­де үстел теннисінен 17 секцияда 583 бала айналысады.

Биыл жергілікті бюджеттен 9 спорттық нысанның құрылысына 3,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Со­ның ішінде алтауының құры­лысы аяқталды. Атап айтқанда, Сарқан ауданы Алмалы ауылында, Алакөл ауданы Лепсі ауылында, Текелі қаласында дене шынық­­ты­ру-сауықтыру кешені, Панфи­лов ауда­ны Үшарал ауылындағы спорт кешені, Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған елімізде теңдесі жоқ волейбол орталығы жаңадан салынды, инвестор есебінен спорт­шыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй тұрғызылды.

Облыста халықтың мың адамға шаққанда спорттық инфра­құ­рылыммен қамтамасыз етілуі 64%, денешынықтыру, спортпен жүйелі түрде айналысатын халық­тың үлесі облыс халқы жалпы санының 42%-ын құрайды. Биыл жетісулық спортшылар 1344 медаль жеңіп алған.

 

Жетісу облысы