Театр • 25 Желтоқсан, 2024

Жеңіл ақшаның қайғысы

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында жазушы, драматург Мадина Омарованың «S.O.S» атты әлеуметтік драмасының премьерасы өтті. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жос­пар мен нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында көрерменімен қауышқан қойылымның режиссері – Мәдениет саласының үздігі Аман Ғұмаров.

Жеңіл ақшаның қайғысы

Драмаға әлеуметке ортақ проблема, қоғам­ның дерті – нашақорлық тақырыбы арқау болған. Иә, тағдыр тәлкегіне түсу әп-сәтте екен. Ғасырымыздың бүгінгі дерті – нашақорлық, адамзат тарихындағы қасіреттерді көбейтуші, зұлымдықтарды тудырушы апиын екенін білсе де, оң-солын тани алмаған жас өскін неге адасты? Дұрысы, оны адастырған кім? Өмірін тас-талқан еткен жауыздардың жазасын кім береді? Кінәліні кім табады? «S.O.S.» драмасы дәл осы сұрақтарға театр тілінде жауап іздеуге ұмтылды.

«Қойылымда бір отбасының басынан өткен жағдай баяндалады. Басты рөлдегі кейіпкер Айбар жұмыс таба алмай, қиналып жүрген шағын­да есірткі сататын жігіттерге жолығып, жеңіл ақша­ның соңынан кетеді. Соңында ұйып отырған бір отбасының шаңырағы ортасына түседі. Жалпы, мұндай тақырып қазіргі қоғамда, әсіресе, жасөспірімдер үшін өте өзекті деп ойлаймын. Жеңіл ақша адамға ешқашан абырой әпермейді. Оның соңы, тіпті, тағдырларды өшпейтін өкініш, адасуға әкеліп, жас ғұмырын өксітуі мүмкін. Бүгінгі көрермендеріміздің көпшілігі жастар екен. Спектакліміз арқылы қолымыздан келгенше солардың санасына сәл де болсын сәуле шашып, ой сала алсақ – мақсатымыздың орындалғаны», дейді режиссердің өзі.

Костюм суретшісі Айдана Еңгебай, жарық қою суретшісі Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссері Асылжан Асқаров көркемдік деңгейіне тер төккен қойылымда бас кейіпкер Айбар рөлін қос құрамда Бибол Байғараев пен Абзал Арапов ойнаса, Айбаршаны Аружан Бағзат пен Арелана Амангелдиева кейіптеді. Ана рөлін «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар мен Ақниет Замзат, Диананы Мерейім Талғат пен Нарқыз Жанұзақова орындады.

«Бүгінгі спектакльде маған Айбарша рөлі берілді. Ол – басты кейіпкер Айбардың қарындасы. Айбарша ағасының жасаған қателігін жуып-шаю үшін есірткі қабылдауға мәжбүр болады. Жалпы, біздің бағыт Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, қойылымдарымызды тамашалауға көбінесе мектеп оқушылары мен студенттер келеді. Сондықтан жастар арасындағы лудомания, есірткіге қарсы қойылған айтулы драмада зиянды әдеттердің зардабын барынша жан-жақты қырынан ашып көрсетуге тырыстық», деді актриса Аружан Бағзат.

Премьераға Астана қаласы Мәдениет басқар­масының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, композитор, продюсер Ринат Гайсин, сондай-ақ мектеп оқушылары және студенттер қатысты.

Қойылым соңында спектакльден әсерленіп шыққан жас көрермендерді сөзге тартқан едік, көп ішінен суырылып шыққан мектеп оқушысы Қалдыбай Нұрғиса: «Маған премьера үлкен ой салды. Қазірден бастап зиянды әдеттерден аулақ болу керек екенін терең ұғындым. Қойылымды көре отырып, әкенің, ананың, жалпы адамзаттың қадірін түсіндім», деді тебірене үн қатып.

Екі күн қатарынан қойылған спектакльге көрермен көп жиналды. Жастар мен жасөс­пірімдердің тағдырына қашанда бейжай қара­майтын театр ұжымы «S.O.S» қойылымы ар­қылы тағдыр тәлкегіне түсу әп-сәтте, адамзат тари­хындағы қасіреттерді көбейтуші, зұлымдықтарды тудырушы, адамды аздырушы апиын екендігін көрерменге нанымды жеткізе білді.