Сурет: Zakon.kz
Оқиға Семей қаласының орталық алаңында жаңа жылдық шыршаны құру және безендіру кезінде 21 желтоқсан күні орын алған. Облыстық білім басқармасының дерегіне сенсек, сол күні сағат 15.00-де мұғалімдерді жаңа жылдық шыршаны безендіруге тарту фактісіне қатысты шұғыл кеңес өткізілген. Кеңесте облыс әкімі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізуді, ал денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен Семей қаласындағы №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиевтың жағдайын бақылауға алуға тапсырма берген.
Заңсыз жұмысқа тарту фактісі бойынша қызметтік тексеріс қорытындысына сәйкес қаладағы үш бірдей мектептің, атап айтар болсақ №49, №40 және №19 мектеп ұстаздарын шыршаны безендіруге қатыстырғаны үшін аталған оқу орындарының директорлары қатаң сөгіс алды. Бұған қоса, Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Біржан Заманбекұлы қызметінен босатылды. Жағдайды үйлестірген қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиевтың сөзінше, бұл мұғалімдер құқын бұзу мен заң талаптарына қайшы әрекет екені анықталған. Жағдай облыс басшысының қатаң бақылауында тұрғанын да ескертті басқарма басшысы.
Оқыс оқиғаға душар болған Қуат Айтқалиев ұстаздық қызметімен бірге оқырмандарына жылы шығармаларымен танылған жас қаламгер. Қуат Айтқалиевтің шыр-пыр болып шындық іздеген зайыбы Сымбат Аянқызы мұғалімді демалыс күні заңсыз жұмысқа тарту педагог құқығын аяққа басу деп есептейді. Шыршаны құрып жатып, 4-5 метр биіктен құлаған мұғалімнің әйелі журналистерге берген сұхбатында сол күні күйеуіне «алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық мектеп директорынан түскен. Ал мектеп басшысына бұл нұсқау қалалық білім бөлімінен болған көрінеді.
«Семей қаласы әкімнің шыршасын құру мен безендіруге 30 млн теңге бөлінген, ал оны мұғалімдер құрды. Жолдасым 4-5 метр биіктен құлаған. Әліби деген досы әрі әріптесі хабарласып мектептің директоры Гүлфариза Тоқтаубайқызының: «Ертең таңғы сағат 08.00-09.00 аралығында алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық бергенін айтты. Күйеуім таңғы сағат 09.30 кезінде алаңға жетіп, шырша құруға кіріскен», дейді Сымбат Аянқызы.
Қазір ауыр жарақат алған мұғалім жансақтау бөлімінде есін жиған. Бассүйегіне зақым келген. Оқиға болған күні шұғыл ота жасалған. Алайда үш ай өткен соң екінші күрделі ота жасау жоспарда бар дейді дәрігерлер.
22 желтоқсан күні өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиға бойынша ойын ортаға салып, ауыр жағдайға тап болған мұғалімнің жағдайы қатаң бақылауға алынғанын жеткізді.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі.
Педагогтердің кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін.
Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды», дейді министр.
Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беру керектігін басты назарда ұстап келеді. Олардың құқықтарын «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерге үлкен қолдау екені белгілі. Оларды қоғамдық жұмысқа тарту, заңсыз еңбекке мәжбүрлеу заң шеңберінен шығу, заңды бұзу фактісін әйгілейді.
Білім саласында биікке көтеріліп, ғылымнан ғибрат іздеген, әдебиетті бар өмірінің мәніне айналдарған жас педагогтің келешектегі жағдайы не болмақ деген сауал жақын жанашырларын алаңдатып отыр. Аяқ-қолы сынып емес, бассүйегі сынып, миына зақым келгендіктен апталдай азаматтың ауыр халі алдымен отбасына ауыр салмақ екені айтпаса да айқын жайт. Туыстары сотқа арызданып, нақты кінәлілерді жазаға тартылуын талап етпек.