Қазірдің өзінде Шанхайдағы өндіріс орталығы 1000 дана робот құрастырып, жыл соңына дейін тапсыруға дайындалып жатыр. «Бұған дейін роботтар жаппай өндірілген емес. Жаңа құлтемірлердің бойы 1,7 метр болады. Олар үй шаруасына, қоғамдық жұмысқа, көңіл көтеруге, білім саласы мен қызмет көрсетуге, жалпы коммерциялық мақсатта пайдаланылады. Мұның бәрі жасанды интеллект арқылы басқарылады. Сұраныс бар. Енді өндіріс тізбегін жүйелеп, қолдану аясын кеңейтуге күш саламыз», дейді Цзяотун университеті Роботтехника институтының ғылыми жетекшісі Янь Вэйсинь.
Жаңа рекорд
Германияда тұратын Томас пен Сьюзан жаңа жылды асыға күтеді. Олар үйін бір ай бұрын безендіре бастайды. Қызық болғанда, биыл қызды-қыздымен 605 шырша орнатып тастапты. Бұл тіпті әлемдік рекорд ретінде ресми тіркелді.
Йероминдердің үйі Германияның солтүстігіндегі Ринтельн қаласында орналасқан. Аумағы – 180 шаршы метр. Олар тіпті жуынатын бөлме мен дәретханаға дейін шырша қойған. Ерлі-зайыпты бұл іспен 8 жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Былтыр 555 шырша орнатқан.
Ештен кеш жақсы
Вьетнамда 12 жыл дегенде ең алғашқы метро іске қосылды. Ол елдің оңтүстігіндегі Хошимин қаласының орталығы мен шетіндегі аудандар арасында қатынайды.
Жоба Жапония Үкіметінің қаржылай қолдауымен сонау 2007 жылы мақұлданған. Құрылыс жұмысы 2012 жылы басталып, жоспардан талай рет кешіккен. Билік енді көлік кептелісі мен ауаның ластану мәселесі біраз жеңілдейді деп үміттеніп отыр. Алғашқы бір ай бойы метромен қатынау тегін болады. «Менің тағы бір немерем бар. Кішкентай кезінде оған «құрылысы бітсін, сосын екеуіміз метромен жүреміз» деп едім. Оның ұзаққа созылатынын кім білген? Сол немерем қазір университетте оқиды. Бірақ ештен кеш жақсы», дейді қала тұрғыны Хюйн Бхибе.