
Салтанатты жиынның шымылдығы қазақ білімінің қара шаңырағы, еліміздегі алғашқы оқу орны – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың өткені мен бүгіні туралы деректі фильммен ашылды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби есімімен аталатын оқу ордасынан күні бүгінге дейін 200 мыңнан аса маман түлеп ұшқан болса, олардың қатарында 80 академик, 130 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Қазіргі сәтте университетте 3 265 оқытушы-профессор, оның ішінде 24 академик, 623 ғылым докторы, 712 ғылым кандидаты, 582 PhD табысты еңбек етіп жатыр.
Мерейтойлық іс-шарада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, жылы лебізін жеткізген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин іргелі оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттерді айтулы датамен құттықтады.
«Қадірлі қауым, баршаңызды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл – тұтас білім және ғылым саласының мерейлі мерекесі. ҚазҰУ – еліміздің тұңғыш жоғары оқу орындарының бірі. Қасиетті қарашаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды. Білікті мамандар ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды. Қазіргі жастар осы сабақтастықты сақтап, аға буынның жолын лайықты жалғастырып келеді. Білім ордасы бүгінгі мерейтойына зор жетістіктермен жетіп отыр. Беделді халықаралық рейтингтерде Орталық Азия аймағындағы жоғары оқу орындарының көшін бастауы – соның айқын дәлелі. Өскелең ұрпақты білім, ғылымға баулып, олардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру жолында еңбек етіп жүрген университет ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да осы миссияны абыроймен атқарасыздар деп сенемін», делінген құттықтауда.
Өз кезегінде Ерлан Қарин универсиеттің еліміздегі білім мен ғылым саласына қосып жатқан қомақты үлесіне тоқталып, Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан міндеттердің маңызын атап өтті.
«Биыл еліміз үшін түрлі сынақтарға толы болды. Бірақ соған қарамастан, алған бағытымыздан ауытқымай, алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асырдық. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде үлкен ауқымды және терең өзгерістер жүзеге асып жатыр. Биылдың өзінде жалпы құны, 1,2 триллионды құрайтын 169 кәсіпорын, өндіріс орындары іске қосылып, 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі кезеңде еліміз ғана емес бүкіл әлем сынақ үстінде тұр. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың түпкі мақсаты – мемлекет іргесін мықты бекемдеп, қуатын арттыру. Сондықтан ел дамуы жолындағы мақсат-мүдделерді іске асыруда мейлінше топтасып, жұмыла атқаруымыз керек. Ұлттық университет қашанда парасаттылықтың, білім мен жаңашылдықтың ордасы болып келеді. Қай кезде де осы мәртебелі биігінен төмендемесін», деді ол.
Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин университеттің қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен жас ғалымдарға пәтер кілтін табыс етті.
Салтанатты жиын барысында ректор Жансейіт Түймебаев оқу ордасының ғылыми зерттеу, инновациялық қызметінің нәтижелері мен жетістігіне тоқталды.
«Бүгінгі күннің университет үшін ғана емес, ел дамуындағы тарихи маңызы зор. Елімізді экономикалық өсімге жеткізетін – сапалы білім мен іргелі ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» деп алға қойған міндетін университет ұжымы әр салада жүзеге табысты жүзеге асырып жатыр. Студент жастарымыз мәдениетті, әсемпаз, білімпаз болуға бар күш-жігерін салып келеді. Президенттің «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген сөзін университет ұжымы өз қызметінде әрдайым басты бағдар етіп ұстанған. Әрі қарай да университет ғылыми әлеуетін нығайтып, барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізуді жоғары деңгейде жалғастыра беретін болады», деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев, шетелдік қонақтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқу ордасының оқытушылары, студенттері қатысып, университет ұжымын мерейтойымен құттықтады.
Оқытушы-профессорлар құрамы атынан сөз алған шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова: «ҚазҰУ халықаралық рейтингтерде өзінің позициясын жоғарылатып, әлемнің көшбасшы жоғары оқу орындарымен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп келеді. Оқу орны қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп, жылдам әрі сапалы тұрғыдан жаңарып жатыр. Инфрақұрылымды нығайтумен қатар ғылыми жетістіктерді, жаңа жоғары технологиялық өнімдерді, білім беру, академиялық ұтқырлық және қос дипломды бағдарламалар сәтті жүзеге асып жатыр. ҚазҰУ – әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті ретінде стратегиялық міндеттерге ден қоя отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып келеді», деп атап өтті.
Іc-шара барысында университет жетістіктері мен халықаралық байланыстар және ғылыми-инновациялық жобаларына арналған көрме ұйымдастырылып, мұнай-химия, ІТ, медицина, жасанды интеллект, биология, физика, ғарыштық технология, география салалары бойынша жүргізіліп жатқан инновациялық жобалардың нәтижесі таныстырылды. Бүгінде университетте жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асты. Қазіргі кезде оқу ордасында 7 ғылыми зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы жұмыс істеп жатыр.
Салтанатты жиын қатысушылардың жылы лебізімен жалғасын тауып, мерейтойлық концертке ұласты.
АЛМАТЫ