1996 жылғы 2 мамыр күні Ресей Федерациясының президенті Б.Ельциннің Жарлығымен 1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстағы неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін лейтенант Владимир Балашовқа, кіші сержант Бахтурас Бейскбаевқа, капитан Александар Масловқа және кіші сержант Григорий Реутовқа «Ресей Федерациясының батыры» атағы беріледі. Бұл жауынгерлердің және мемлекеттік награданың біздің елімізге қандай қатысы болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Мәселе – осында.
Алапат соғыстың соңғы ақиқаты ешқашан болмайды дейді. Рас сөз. Арада жарты ғасыр өткенде көмбеде түрлі себептің салдарынан қалып қойған ақиқаттың бірі осы жарлықтың жарыққа шығуынан да орын алып отыр.
Біз білетін Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында «Капитан Николай Гастелло экипажының ерлігі» деген даңқ пен дақпыртқа бірдей таңылған дерек бар. Ол түрлі кеңестік кеңістіктегі оқулықтар мен коммунистік идеологияда әбден насихатталып, «отқа оранып бара жатқан экипаж жаудың танк колоннасының үстіне шүйлігіп, құлдилай құлады» деп, Отан үшін жанпида ерлік жасағаны басқаларға үлгі болып тараған. Бұл өшпес, өршіл ерлікті 1941 жылы 26 маусым күні, яғни соғыстың бесінші күні пролетариат отбасынан шыққан, 1928 жылдан коммунист, капитан Н.Гастеллоның экипажы жасады деген тоқтамға келеді. Сол себепті осы экипаждың командиріне соғыстың екінші айында, яғни 27 шілдеде алғашқы Алтын жұлдыздың қатарында ең жоғарғы Кеңес одағының батыры атағы беріледі. Кеңес одағының жауынгерлеріне «гастеллошылар» термині ерлік пен қаһармандықтың рәмізі болады. Әскери тарихшылардың мәліметінше, соғыс жылдарында жау әскері мен техникасы шоғырланған жерге шабуыл жасау бойынша отқа оранған 327 экипаж жойқын соққы берген екен. Солардың барлығы да кеудесіне Алтын жұлдыз таққан жоқ. Тіпті ерліктері түрлі жағдайда ескерусіз қалғандары да аз емес.
1951 жылы 12 мамырда Белоруссияның Ұлы Отан соғысы мемлекеттік музейінің директоры Шуцкий Молодечненский облыстық атқару комитеті төрағасының атына «құпия» деген белгімен хат жазады. Ол өз хатында сонау 1941 жылы 26 маусым күні Радошковичи кентінің маңына құлаған Гастелло экипажы мүшелерінің сүйегін орталық зиратқа әкеліп, қайта жерлеу жөнінде ұсыныс жасайды. Директордың ойында имандылық істен басқа бөтен нәрсе, күдік-күмән да жоқ еді. Жалпы, опат болған ерлердің құрметіне бір жерден ескерткіш тұрғызуды жоспарлаған екен.
Күтпеген тосын жағдайда, әйгілі «Гастелло экипажы жерленген» деген қабірді қазғанда капитан А.Маслов экипажы мүшелерінің сүйектері, ұшқыштардың өздеріне тән көзәйнек, пәтер кілті, әртүрлі мүліктері, құжаттары салынған жеке футляры, аты-жөні жазылған медальондары табылады. Экипаждың атқыш-радисі Г.Реутовтың құжаттары негізінде 1918 жылы Чкалов облысы, Покровка ауданы, Кулагино деревнясында дүниеге келіп, әскери қызметін 42-әскери әуе дивизиясының 207-полкінің әуе атқышы-радисі болып атқарғаны толық анықталады. Кеңес Армиясының есепке тіркеу бөлімінің мәліметі бойынша «1941 жылы 26 маусымда хабар-ошарсыз кеткен» делінеді. ДБ-3 Ф бомбалаушы ұшағымен әскери тапсырманы орындаудан кейін полкке қайта оралмаған.
Капитан Маслов экипажы мүшелерінің әскерге шақырылған кездегі деректері де толық анықталады. Ал аты-жөні қазақ баласына дәл келетін «Кіші сержант Бейскбаев Бахтурас 1920 жылы туған, Алматы облысы Іле ауданының азаматы» деген ресми деректі одан әрі індетіп айқындау, өкінішке қарай, көп кешікті, ұзақ уақыт үнсіздіктен әрі аспады.
Кеңес Армиясы кадрлар жөніндегі Бас басқармасының 1951 жылғы 22 қарашадағы бұйрығы бойынша капитан А.Маслов бұрынғы «хабар-ошарсыз кеткен» деген сөздің орнына «әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапты» делініп түзетілді.
Әскери тарихшылардың зерттеуі нәтижесінде және көзі тірі куәгерлердің айтуы бойынша сол отқа оранған 26 маусымда Гастелло мен Масловтың экипажы әуеге бірінен соң бірі ұшып, жау танкісі колоннасының үстіне жанып бара жатып шүйлігіп құлаған сәтін көрген куәлер де экипаждарды жаңылысып, шатастырған.
Басы ашық бір мәселені айтқанымыз жөн. Маслов экипажының ерлігін жаңғыртып, мойындау жолындағы азапты күреске прокуратура тергеушісі Василий Харитонов 30 жыл ғұмырын арнады. Ескерусіз қалған ерлікті елге таныту азаматтық парызым деп санаған парасатты кісі бұл істі Жуковский атындағы әскери академияны тәмамдаған ұлы Эдуардқа аяғына шейін жеткізуді сеніп тапсырады. Әскери майор шенді инженер Эдуард Харитонов құдай оңдап, КСРО Жоғарғы кеңесіне қызметке тұрып, бұл мансап өмір бойы армандап кеткен әке ісін лайықты түрде тиянақтап зерттеуге және ақиқатқа жетуіне мүмкіндік берді.
1993 жылы Маслов экипажы мүшелері І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Мың болғыр Э.Харитонов Маслов экипажы мүшелері туралы туған жерлеріне түгел хабар салды. Әскери әуе атқышы Бахтурас Бейскбаевтың (Ресейдегі құжат негізінде алынды) ұлты қазақ, туған жері Алматы облысы, Іле ауданы екенін ескеріп, Қазақстан Президентіне де хат жолдайды.
Ресейдің «Известия» газетінің 1997 жылы 27-28 қаңтардағы нөмірінде Эд. Поляновскийдің «Екі капитан. Гастелло, гастеллошылар және басқа көп жайлар жөніндегі ащы шындық» деген зерттеу-танымдық мақаласы жарияланды. Мұны кейбіреулер ерекше толқи отырып оқыды, қайсыбіреулер қарады да қойды. Белгілі қаламгер, Мәжілісі депутаты Арғынбай Бекбосынның «Егемен Қазақстан» газетінде «Ресей батыры – Бахтурас Бейскбаев» деген тақырыппен шыққан шағын мақаласы көкейге ой салды.
Сонымен соғыстың бесінші күні қаһармандықпен қаза тапқан батырдың толыққанды деректерін іздестіру Қазақстанда ресми орындардың араласуымен жүргізіледі, біраз мағлұмат та жинастырады. Алматы қаласындағы әскери комиссариаттарда 1938–1941 жылғы есептік тіркеуде «Бахтурас Бейскбаев» есімі еш кездеспейді. Соған қарамастан «Байсимбаев Бак(х)турас» деген азаматтың аты-жөні бар болып шықты. Ол 1920 жылы туған 1939 жылы 13 қазанда Бийск қаласына шақырылған. Ал Қазақстан Президентінің архивінде 1938 жылғы үлгідегі комсомол билетін ауыстырушылар тізімінде «Бейсебаев Бактураз» (1920 жылы туған, қазақ, оқушы, комсомол) есімі тіркелген.
Бұл екі арадағы шамалы ғана айырмашылықты ескерсек, сөз бір адам төңірегінде болып отырғанға ұқсайды. Алматы облысы, Іле ауданындағы Іле селосы, яғни Б.Бейскбаевтың туған жері делінген орын Қапшағай теңізінің астында қалып қойғандықтан, кезінде ақшалай өтемақы алып қоныс аударған байырғы тұрғындарды табу мүмкіндігінің сәті түскен жоқ. Аты-жөні кәдімгі ел ішінде белгілі кісі есімдерінің қатарына сауатты кірігіп, ұлттық тіл заңдылығына сай айтылуы мен жазылуы түпкі мағынасына қарай тиянақталды.
Біздің бұл тақырыпта журналистік зерттеулеріміздің нәтижелі, қамтуы ауқымды болуына «Егемен Қазақстан» газеті (бас редакторы Уәлихан Қалижанұлы) мен «Атамұра» корпорациясының (президенті Мұхтар Құл-Мұхаммед) «Батыр жолы – бауыр жолы» іздестіру экспедициясының зор көмегі тиді. Сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың да қолдауы болды.
Түйіндеп айтсақ, негізі біз «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде үсті-үстіне жарияланған жазбаларымызда, одан кейін 2000 жылы «Атамұра» корпорациясының демеушілігімен жарық көрген «Қаһарман Бақтыораз» атты деректі хикаятта аңыз бен ақиқат арасында талайғы тартыс пен талқылауға арқау болған батыр, боздақ Бақтыораз Бейсекбаевтың Алматы облысы Балқаш ауданындағы атақонысын мекен еткен туған-туыстарымен, ауқатты әулетті әкелерінің қуғын-сүргінге түсіп, жетім қалып, ашаршылыққа ұрынғанда мейірімді жандардың қолғабысымен Іле жаққа келген бала болғанын, аяулы жеңгесі 86 жастағы Әсембала әжемен әңгімеде қазіргі Қапшағай теңізі орнындағы Іле стансасында орысша білім алғанын, сонау 1938 жылы әскерге шақырылғанша Құйғанда («Достижение» ұжымшары) Сібірден жер ауып келген кәріс ағайындарға аудармашы болғанын, 1940 жылы Латвияда А.Маслов сияқты әскерде болған фотосын, ағайын-жақындарына латын тілінде хат жазғанын көріп, біліп, ағайындарының іздеуі нақпа-нақ болғанын, жас жауынгер туған жеріне Батыр болып оралды деп шүкір еттік.
Оның тұғыры Екінші дүниежүзілік соғыста Жеңіске жеткен жауынгерлердің батырлар шоғырында жұлдыздай алаулап, жарқырап тұратын болады. «Батыр жолы – бауыр жолы» іздестіру экспедициясы құрамында қайраткер тұлға Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бізбен бірге батырдың кіндік қаны тамған ауылында болып, көп жайтқа қаныққан азаматтығын айтуымыз абзал болар. Жалпы, аталған экспедиция өзінің алдына қойған міндетті толық орындады. Қазақстанда, Ресей мен Белоруссия сапарларында «Атамұра» корпорациясы қаржылай да қамтамасыз етіп, бізбен бірге «Хабар» телеарнасының деректі фильм түсіруіне қолайлы мүмкіндік туғызды. Ел газеті «Егемен Қазақстан» поштасына жүздеген хат келді, әрбір мақаламыз жарық көрген сайын Бақтыораздың тағдырына ұқсас келетін бірнеше жауынгердің де архивтік деректерін табуға жәрдемдестік.
1998 жылы 6 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Бақтыораз Бейсекбаевқа жоғары ерекшелік дәрежесі – «Халық қаһарманы» атағы берілді. Осыған орай тағы да «Атамұра» корпорациясының басшылығы мәрттік танытты. Алматыда, Республика сарайында ақындар айтысын өткізді. Батырдың Балқаш ауданындағы ағайын-туыстарын түгел шақырып, сый-құрмет көрсетті. Аруағына арнап ас берді. Сол бір алқалы жиындарда атақты әскери ұшқыш, аты аңызға айналған қос Алтын жұлдызды батыр Талғат Бигелдинов, майдангер, академик, заңгер Салық Зиманов секілді танымал қайраткер адамдар асқан жанқиярлық ерлік жасаған ерлерді ұмытпай, Отан үшін отқа түскен батырлардың рухын көтерудің маңызды міндет екенін баса айтқанымен есте қалды.
Қаһарман қазақтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін бірқатар оңды іс-шара жүзеге асырылды. Берекелі Бақанас ауылында орта мектепке есімі беріліп, бюст қойылды. Елордада батыр атында еңселі көше бар. Ол қаһарманның халқымен қауышуына септігін тигізген ел газеті атындағы көшемен қатарлас жатыр.
Мәртебесі биік «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырдан аса жылнамасының әр парағы маған қымбат қазынадай, әр сөзі сағынышты сырласқандай көрінеді.
Мейрамбек Төлепберген