Пікір • Кеше

Саяси кемелдік көрінісі

58 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты өткен жылдың қиындықтарына карамастан жүзеге асырылған реформаларды және алдағы міндеттерді айқындайды.

Саяси кемелдік көрінісі

2024 жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Табиғи апаттар мен сыртқы факторлардың салқыны тиді, сондай-ақ әлемде бұрын-соңды болмаған күрделі геосаяси ахуал қалыптасты. Дегенмен еліміз бейбітшілік үшін тиімді диалог орната алатын мемлекет ретінде өзінің халықаралық позициясын нығайтты. Бұл елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың тұ­рақты дамуына септігін тигіз­ді. Әлеуметтік мемлекет ретін­дегі міндеттерін жүйелі жүзеге асыруды табанды тұрғыда жалғас­тырды. Айталық, былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем бері­ле бастады. Зейнетақы, жәр­де­мақы, шәкіртақы, азаматтық сала қызметкерлерінің жалақы мөлшері өсті. Жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шы­нықтыру-сауықтыру орталық­тары салынды. Шетелдің оннан аса беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет сала­сының қызметкерлеріне елеу­лі қол­дау көрсетіліп жатыр. Бұқара­лық спортты дамытуға да баса мән берілді. Мұның бәрін аза­мат­тардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.

«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заң­намалық негізін қалыптастыру мақсатында көп жұмыс атқарыл­ды. Онда жинақталған қаржыны еліміздің, шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алуға жұмсауға болады.

Экология саласында да маңыз­ды өзгерістер жүзеге асы­ры­лып жатыр. Су ресурста­рын бас­қару, табиғатты қор­ғау, су маман­да­рының тапшы­лығын шешу ба­ғытында Қа­зақ ұлттық су ша­руа­шы­лығы және ирригация уни­верси­теті құрылып, су шаруа­шы­лы­ғын дамытуға арналған бағ­дар­ламалар қолға алынды. Бұл қадам елдің экологиялық тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге, ирригациялық каналдарды жаңғыртуға бағытталған.

2025 жыл «Жұмысшы маман­дықтар жылы» деп жарияланды. Бұл – жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, насихаттап, жастарды осы салаға тартуды көздейтін маңызды бастама.

Президент ауылдық аймақ­тарды дамытуға арналған ұлттық жобалардың жалғасаты­нын айтты. Жобалар ауыл тұрғында­рының өмір сүру сапасын артты­руға, медициналық инфра­құ­рылымды нығайтуға, жаңа жұ­мыс орындарын ашуға, ха­лық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға бағытталған. Елге орал­ған жас мамандарға жағдай жасау, оларды жоғары табысты салаларға тарту Үкіметтің басым міндеттерінің біріне айналады.

Мемлекет басшысы халықтың үні – реформалардың негізі екенін әрі халықтың өмір сапасын жақсартуға арналатынын баса айтты. Сол тұрғыда Прези­дент бастамаларын қолдап, стра­те­гиялық міндеттерді жүзеге асыруға ат салысу саяси кемелді­ліктің көрінісі болмақ. Барша­мызға қоғам өмірін, адам қызме­тін дұрыс жолға қойып, жаппай өсіп-өркендеу жолында жұмыла еңбектене беру қажет.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Мәжіліс депутаты