Пікір • Кеше

Адал азамат ұғымы

115 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шалкиіз жыраудың «әділ төре ел бас­тар» деген сөзі бар. Жыраулар поэзиясын­да кеңінен насихатталған бұл ұғымдар ке­йін Абай, Шәкәрім еңбектеріне ұласты. «Адал жүріп, адал тұр, счетің тура келуге» де­генде Абай қоғам мен Құдай алдындағы есепті қоса айтқанға ұқсайды. Адамдық қасиет­тің негізі саналатын осы адал­дық ұғы­мын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бас­ты ұстыны еткені тегін дейсіз бе? Біз­­дің халықтың сонау түп-танымынан келе жат­қан қасиеттер негізінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тұжырымдама ұсынып, жасампаздық және жаңашылдық басты құндылықтарымыздың бірі екенін атап көрсетті. Президенттің айтуынша, бұл құндылықтарды басты назарда ұстау бү­гінгі өзгермелі әлемде ұлтымыздың мерейін өсі­ріп, жаһандық бәсекеге қабілетті болуы­мызға мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан берік орын алуымыз үшін бірінші кезекте азаматтарымыздың жаңаша ойлай білуге, уақыт талабына сай жасампаздық­қа ұмтылғаны абзал. Бұл орайда, басқасын айт­пағанда, білім мен ғылым, мәдениет, руханият салаларын дамыту мақсатында күш біріктіру өз жемісін береді. Сондықтан, адами капиталға иек артып, еңбекқор, талантты азаматтарды барынша қолдау, олардың әлеуетін тиімді пайдалану маңызды. Осы тұста батыл шешім қабылдай білетін, озық, тың амал-тәсілдерді қолдана отырып қоғам дамуына оң әсерін тигізіп, пайда келтіріп жүрген отан­дастарымызды көпке үлгі ету, сол арқылы адал да белсенді азаматтарымыздың қатарын кө­бейту қажет. Бұл санаттағы адамдардың үні қоғамдағы керітартпа, барды жоқ деп зарлайтын, атқарылған игі істерден кемшілік іздеп байбалам салатын кейбіреулердің айқайының астында құмығып қалмауға тиіс.

Соңғы кездері елімізде креативті индус­трия­­ны дамыту, оны заман сұранысына сай іл­герілету ісі жанданып келеді. Бұған дәлел ре­­тінде қоғамымыздың мәдени-рухани өмірін жан­дандырып, оның бойына қан жүгіртіп, өз еліміздің ауқымынан шығып, әлемдік деңгейде таныла бастаған отандастарымыздың табыс­тарын айтуымызға болады. Кино, музыка, әде­биет, сондай-ақ өнердің басқа да бағыттары бойынша еліміздің жасампаздық әлеуетін, іс-қимылын әлемдік кеңістікке танытып жүрген өрендеріміз біздің әрдайым мақтанышымыз бола бермек.

Бүгінгі жас толқынның әлеуеті, қабілеті, адал ниеті болашаққа деген сенімімізді арт­ты­рып отыр. Жасампаз іске ұмтылған жас­та­рымыздың бүгінгі қадамы, қарымы елі­мізді да­мудың даңғыл жолына түсіріп, одан әрі іл­ге­рілей беруімізге толық мүмкіндік бере­тіндей.

Қазіргі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру, жаңғырған, жаңашыл қоғам құру міндеті күн тәртібінде тұр. Осы мәселеде табысқа жету, тиімді жолға түсуде «Адал азамат» ұғымына екпін түсірмей болмайды. Елдік, ұлттық мәселелерде батыл қимылдау, шешімтал болу өзекті. Ал батыл іс-қимыл, шешімталдық тек адал азаматтарға тән. Олай болса, Әділетті Қазақстан идеясымен то­лық үндесетін «Адал азамат» ұғымын басты құн­дылықтарымыздың бірегейі ретінде ұрпақ санасына сіңіру өте өзекті.

Қазіргі таңда қазақ қоғамына сыртқы күш­тердің теріс әсерлері аз тиіп отырған жоқ. Оның кері салдарларын сезініп те отыр­мыз. Содан келіп ішкі уайымымыз да, алаңдаушылығы­мыз да бір басымызға жетерлік. Басқасын айт­пағанда, жастарымыздың, тіпті орта буын­ның едәуір бөлігі сыртқы ықпалды та­рап­тардың «жұмсақ күшіне» айналып бара­ды. Біріміз жапон, біріміз корей, біріміз ағыл­шын, тағы біріміз басқа болғымыз келеді. Мұн­дайлар өмір сүру салтын, таным-түсінігін, жүріс-тұрысын, ішіп-жемін әлгі өзі еліктеп-солықтайтын ұлт өкілдерінікіне бейімдеп әуре. Бұл шындап келгенде өзін сүйкімді көрсетіп, соның арқасында қоғамымызға сая­си-экономикалық, мәдени-рухани ықпалын жүргізіп, өздері үшін тиімді нарық, арзан да анайы кеңістік құруды көздейтін сыртқы күштердің нәтижелі жұмыстарының көрінісі. Олар осы мақсаттарын жүзеге асыру үшін біздің жастарымызды өз дәргейіне иілдіріп, қолбала қылып алуға кіріскендей. Оларға алыстан күш тартпай-ақ балаларымызды, өз адамдарымызды өзімізге қарсы күш ретінде қолданған тиімді.

Міне, осындай үдерістер жүріп жатқан қазіргі кезеңде ел Президенті ұсынған Әділетті Қазақстан идеясымен үндесетін «Адал азамат» ұғымына назар аударудың қаншалықты маңызды екенін айтқымыз келеді. Өйткені адал адам қашанда өз елінің, өз халқының түпкі мүддесін жүрегімен түсіне алады, со­ның арқасында өзгенің ықпалында қалып қоюға, басқаның шотын шабуға ары, адалдығы жібермейді.

Сондықтан да өзіміз қалаған жасампаздық, жаңашылдық жолына түсіп, оның талаптарын жауапкершілікпен орындай білсек қана мәртебеміз биік, жұлдызымыз жоғары болмақ.