Аймақтар • Бүгін, 08:43

Екіжақты пайдалы меморандум

38 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдегі медицинаның әлеуетін арттыру үшін жаңа технологиялар ғана емес, соның тілін білетін маман ауадай қажет. Осы орайда облыс әкімдігі мен Президенттің Іс басқармасы Медици­на­лық орталығы өзара ынты­мақтастық туралы Меморандумға қол­ қойды. Мұндағы мақ­сат – инновациялық әдістемелерді дамытуда екіжақты білім мен тәжірибе алмасу. Сол ар­қылы жергілікті дәрігер­лер білімін шыңдай­ды.

Екіжақты пайдалы меморандум

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Ең бастысы, Меморандум аясында облыс тұрғындарын диагностикалау, емдеу, оңалту бағытында, жаңа технологиялар мен озық емдеу әдістерін меңгеруде екі тарап өзара тәжірибе алмаса алады. Бұл жер­гілікті медицина мамандары үшін үлкен мүмкіндік. Денсаулық саласы жыл са­йын даму үстінде, сондықтан жетісулық дәрігерлер үлкен қала­ларда біліктілігін арт­тыр­­ғаны абзал. Өзара ынты­мақ­тастық орнатудың халық­тың денсаулығын нығайтып, меди­циналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал ететіні күмәнсіз.

Кездесу барысында Прези­денттің Іс басқармасы Меди­циналық орталығының жетек­шісі Алексей Цой баста­ған орталықтың білікті ұжымына өңірлермен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып, бас­тама жасағандары үшін шынайы ризашылығын білдірген Бейбіт Исабаев облыста ден­сау­лық сақтау саласына жасалып отырған қолдау шаралары жайлы қысқаша айтып өтті.

«Денсаулық сақтау саласы нысандарын соңғы жылдары 53%-ға жаңарттық. Алдағы уа­қыт­та жеке инвестор есебі­нен Талдықорғанда заманауи онкологиялық орталық салы­нады. Өңірде қабылданған қол­дау шараларының нәти­же­сінде өткен жылы облысқа 152 медицина маманы кел­ді. Екі жыл ішінде медицина мекемелеріне 63 жедел жәрдем машиналарын алып бердік. Өз тарапымыздан денсаулық сақтау саласына жаңа нысандар салу, материалдық-тех­ни­калық базасын нығайту, мамандарға қолдау көрсету жұ­мыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз. Мемлекет басшысы айтқандай, халық­тың денсаулығы – елдің ең басты байлығы. Сондықтан сіздер мен біздің мақсатымыз ортақ», деді Б.Исабаев.

Жалпы, облыстың денсау­лық сақтау саласына тұрақ­ты негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Ауылдағы денсау­лық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасы аясында облыс­та 59 нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде ауылдық жерлерде сапалы медициналық қыз­мет­­тердің қолжетімділігін қам­та­масыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен соңғы 3 жылда 61 блоктік-модуль­дік медициналық нысан салынған, 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 22, 2024 жылы 27 нысан тұрғызылды.

Өз кезегінде Алексей Цой өңірде Президенттің Іс бас­қармасының Медици­налық орталығы күндерін ұйым­дас­тыруға жәрдемдескені үшін облыс әкіміне алғысын жет­кізді.

«Мемлекет басшысы өңір­­лік денсаулық сақтау­ды дамытуға ерекше көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Пре­зиденттің Іс басқар­масы Медициналық орталы­ғы­ның күндері елдің барлық өңір­лерінде өткізіледі. Тоқсан жылдан астам уақыт ішінде Президенттің Іс басқар­ма­сының Медициналық орта­лы­ғы денсаулық сақтау жү­йе­сінде көшбасшы болып келеді. Соңғы 3 жылдың өзін­де орталықтың медицина қыз­меткерлері 150-ден астам жаңа технологияны сынақтан өткізді. Өңірлердегі әріптестерімізге медициналық практикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұған бүгін қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум ықпал етеді, бұл мәміле осындай акцияларды тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Негізгі мақсатымыз – аймақтарға жаңа технологияларды кеңінен енгізу. Мәселен, Жетісу өңірінің тұрғындары облыстан сыртқа шықпай-ақ, күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде де ала алады. Біздің бірлескен жұмысымыз медициналық қызметтердің сапасын кезең-кезеңімен жақсарта түсуге мүмкіндік бе­реді», деді А.Цой.

Сөйтіп, Жетісу облысы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумға салтанатты жағдайда қол қойылды. Сондай-ақ Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының күні аясында мамандар Талдықорғанның бірқатар медициналық меке­месінде пациенттерді қабыл­да­ды. Мамандар қата­рында эндокринолог, травматолог, генетик, аритмолог, гастроэнтеролог, пульмонолог, ангиохирург, геронтолог, невропатолог, аллерголог, эпилептолог дәрігерлер бар. Акцияның аясында 31 операция жасалды, оның 7-і – бірегей операция. Жүкті әйелдерді, балалар мен қарттарды қоса алғанда, 207 пациентке консультациялық-диагностикалық көмек көр­се­тілді. 193 маман қатысқан 11 дәріс пен таныстырылым өткізілді.

Өңір әкімі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, Жетісу облысы «ҚР ПІБ Меди­ци­на­лық орталығының күн­дері» акциясы өтіп отыр­ған он төртінші аймақ. Акцияның негізгі мақсаты – ҚР ПІБ Меди­циналық орталығы жүйе­сінің озық тәжірибесін өңірлердің денсаулық сақтау саласына тарату. Бұл өз кезегінде халық тұратын елді мекендерде жоғары технологиялық қызметтер мен емдеудің озық әдістерінің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

 

Жетісу облысы