Фото: 24KZ
Жалпы білім және ғылым саласында қызмет атқарып, жастарды тәрбиелеуге атсалысып жүргендіктен, олардың игілігі үшін іске асып жатқан реформаларға тоқталып кетсем деймін. Президентіміз жастар игілігі үшін жасалынып жатқан реформалар мемлекет стратегиясының түпкі мәні екенін баса айтты. Сонымен бірге осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанына да тоқталды. Ал жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі ретінде жастардың білім алу мақсатында немесе қызметте өсу үшін шетелге көптеп шығуына түсіністікпен қарауға шақырды.
Жас ғалымдардың халықаралық «Болашақ» стипендиясының шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуі – зор мүмкіндік. Расымен осындай сапалы ғылыми тағылымдамалар елімізге ауадай қажет. Сондай-ақ ұлттық идеологияны қалыптастыруға қатысты зерттеулер жүргізу, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысу мақсатында халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен мүмкіндігінше оқытушыларды, зерттеушілерді әлемнің белді университеттеріне жіберуге басымдық болса дейміз.
Бүгінде шетелде білім алу орындалмайтын арман емес. Нақты мақсатты көздеп, алға – білім мен табыс жолына ұмтылғандар үшін әлемнің барлық елдерінің ең беделді университеттері мен колледждерінің есігі әрдайым ашық. Тағылымдама барысында алған тәжірибемізді елімізге таныстыру, сондай-ақ шетелдік әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатып, өз саламыз бойынша біріккен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру білім-ғылым саласының дамуына септігін тигізер еді. Президентіміз айтқандай, Қазақстан деген брендті әлемге таныту маңызды миссиямыз болу керек.
Гүлнаш Асхат,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, PhD