Пікір • Бүгін, 09:35

Сын сағатта сынып кетпедік

25 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біз – қашанда басалқы ойға тоқтаған, бәтуалы сөзге жүгінген халықпыз. Қазақ: «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе – нең қалар?» деп, өмір тағылымына иек артады. Берекесіздік – барлық кесапаттың бастауы. Сондықтан да халық болып сенім білдірген басшыға қолдау көрсету берекесіздікке жол бермейді деп сенеміз.

Сын сағатта сынып кетпедік

Инфографика жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жауап­кер­шілігі – тек биліктің емес, баршамыздың парызымыз. Әділеттілік тұрғыда әр­біріміздің сана-сезіміміз, ісіміз, құндылықтарымыз, ойымыз еліміздің мүддесі жолында тоғысқанда тәуелсіздігіміз ны­ғая бермек. Біз короновирус індетінен бері бірнеше күрделі дағдарыс жағдайларын оң шеше алдық. Олардың барлығы еңсесімізді түсірмей, қатая түсетінімізді көрсетті, халқымызды біріктіре түсті. Әрбір көкірегі ояу саналы азаматтар бұл шаралардан тыс қалған жоқ. Мысалы, Президент былтырғы су тасқыны салдарынан қандай сабақ алынып, жасалып жат­қан маңызды іс-шараларға тоқ­талды. Іс-шаралардың қата­рында су ресурстарын бас­қару тұжырымдамасы, оны орындаудың кешенді жос­пары бар. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Қазір Парламентте Су кодексі қаралып жатыр. Мемлекет басшысы әр қиын­дық­тың қайыры бар деп, әр нәрсеге байбалам салмай, ба­йып­ты болуға шақырады.

Президент сұхбатында: «Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады», деп атап өткен екен. Сол тұрғыда су тасқыны салдарынан мүлкі зақымданған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Өңірлерде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдар салу, қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілді. Айталық, Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді. Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда атаулы әлеуметтік көмек беру отбасылардың материалдық жағдайын жер­гілікті комиссияның тексе­руінсіз, автоматты түрде ІІІ тоқсанға ұзартылды. Нәти­жесінде, 3,6 мың отбасына 655,7 млн теңге көлеміндегі АӘК төлемі тағайын­далды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 су басқан үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында жылжымайтын мүлік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. Жөндеу жұмыстары 9 156 үйде 100% аяқталды. Бұл мақ­сатта барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бір сөзбен айтқанда, қызыл судан зардап шеккен отбасылардың барлығы да көмек-қолдаусыз қалмады. Міне, осының бәрі – бірлігі бекем елдің тірлігі.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Сенат депутаты