Пікір • Бүгін, 09:45

ІТ жобалар – өркендеу кілті

41 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттің жасанды интеллект пен цифрландыру тура­лы айтқан ойлары – еліміздің технологиялық болашағын айқындайтын стратегиялық тұжырым. Жаһандық деңгейде ІТ саласының қарқынды дамуын ескере отырып, еліміз осы бағытта белсенді әрекет етіп, нақты нәтижелерге қол жеткізе алады.

ІТ жобалар –  өркендеу кілті

Осы орайда бірегей эко­жүйе ретінде жұмыс істей­тін, еліміздегі стартаптарды қолдайтын Astana Hub инновациялар орталығын ерекше атап өткім келеді. IT сала­сы­­ның дамуына және жаңа стартаптардың пайда болуы­­на тікелей Astana Hub пен салаға жауапты министрліктің үлесі зор. Дегенмен біз бұл жетістіктерді тек бастамасы деп қарастыруымыз керек. Әлемдік нарықта табысқа жету үшін біздің өнімдеріміз тек сапалы ғана емес, сонымен қатар ерекше, сұранысқа сай шешімдер болуға тиіс. Қазіргі уақытта біздің жоба 13 елде қызмет көр­сетіп, мыңдаған балаға зама­науи білім методикасын ұсы­нып келеді.

Біз CodiPlay жобасы арқылы еліміздегі жас ұрпақты технологияларды меңгеруге баулып келеміз. Бұл жоба оқушыларға жасанды интеллект пен бағдар­ламалауды қарапайым әрі қызықты әдістермен үйретеді. Президенттің білім беру жүйе­сіне AI технологияларын енгізу туралы айтқаны өте өзекті. Жастарға бұл дағдыларды ерте жастан үйретсек, олар тек тұ­тынушы ғана емес, технологияларды жасаушы, инноватор болады. Бұл – біздің елдің интеллектуалды капиталына салынған ұзақ мерзімді инвес­тиция. Цифрлық сауаты бар және цифрлық дағдыларға бейім балаларды дайындау арқылы еліміз IT саласында көш бастай алады.

Президенттің жасанды интел­лект этикасы мен оның қауіптерін дұрыс реттеу қа­жет­тігі туралы айтқанымен келісемін. Бұл саланы дамытуда біз тек инновацияларға емес, олардың дұрыс қолданылуын қам­тамасыз етуге де мән беруі­міз керек. Ол үшін заң мен қада­ғалау құралдарын қарас­тырып, тәжірибелі маман­дардың көмегіне жүгіну арқы­­лы қауіп-қатердің алдын алу қажет.

Еліміз жасанды интел­лектіні дамыту мен цифрландыру арқылы әлемдегі IT хабтардың бірі бола алады. Бірақ бұл мақ­сатқа жету үшін мемлекет, биз­нес және білім беру саласы бірлесе жұмыс істеуі қажет. Президент айт­қандай, жасанды интеллект – тек технология ғана емес, қоғамды түбегейлі өзгер­те алатын құрал. Біз осы мүм­­кіндіктерді тиімді пай­да­ла­нып, елімізді жаңа техно­­ло­­­гия­­лардың көшбас­шысына ай­­налдыра аламыз.

CodiPlay бұл үдерістің бір бөлігі болуға дайын. Біз жаңа ұрпаққа болашақтың кілтін ұстатып, оларды өзгерістердің қозғаушы күші ретінде дайын­дауға атсалысамыз.

 

Жанәділ Талдыбаев,

CodiPlay жобасының негізін қалаушы, IT кәсіпкер