Жәдігер • 11 Қаңтар, 2025

100 жыл бұрынғы «Есеп құралы»

39356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен ғасыр басында қазақ қоғамының темір­қазығына айналған Алаш арыстарының атқарған ісі – бүгінгі ұрпаққа үлгі.

100 жыл бұрынғы «Есеп құралы»

Осы орайда, айтпа­ғымыз, 1921 жылдың 31 қаңтарында Орын­бор қаласында Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының төрағалығымен зиялы қазақ азаматтарының мәжілісі өтеді. Жиында қаралған басты мәселе 1-ші һәм 2-буын мектептер үшін оқулық даярлау ісі болды. Нәтижесінде, Алаш қай­рат­керлерінің атсалысуымен оқулықтар жазылды. Соның бірі – Міржақып Дулатұлы жазған «Есеп құралы» оқулығы.

Мына фотода өздеріңіз көріп отырған оқулық – кітап 1925 жылы Орынбор қаласында М.Дулатовтың авторлығымен жарық көрген «Есеп құралы» кітабы. Бұл жәдігердің бір данасы 10 жыл бұрын Пав­лодар-дағы Мәшһүр Жүсіп атын­­дағы орталық мешіт қо­рынан табылды.

Аталған туындымен танысып, құралға толық сарап­тама жасаған журналист Оралхан Айбектің пайымдауынша, кітаптың мұқаба бетінде «Міржақып Дулатұлы. Бастауыш мектепте 2-інші жыл оқылатын Есеп құралы 4-ін­ші басылуы (түзетілді, то­лықтырылды)» деп жәдитше жазылғанда, «М.Дулатов. Задач­ник. Часть ІІ. Киргизское государственное издательство. Оренбург, 1925 год» деп орысша таңба түсірілген.

Мұқабасы қатырма қағаз емес, жай ғана парақ. Оның сол жақ шекесіне сол кездің дәстүрі бойынша «Жер жүзінің жалшылары бірігіңдер!» деген ұран жазылыпты. Мұқабаның ішкі жағында мынадай мәліметтер берілген: «Қазақстан мемлекет бас­паханасы. Орынбор, 1925 жыл» «Кирглавлит №137. Тираж 10.000. Типография Киргосиздата. Оренбург, Караван-Сарай 1925 г.»

«Оқулық – 98 беттен, 3 тараудан тұрады. Парақтарының реттік саны 4-інші беттен басталады. Соңғы бетінде мазмұны берілген. І бөлім: «100-ге шейін сан» – 4 тармақтан тұрады. ІІ бөлім: «1000-ға шейін санау амалдары» – 4 тармақтан тұрады. ІІІ бөлім: «Төрт амалдық есептер» деп аталып, «Айналадағы таби­ғат», «Еңбекті тұрмыс» және тағы бір тармағы бар» дейді Айбек Тілеубекұлы.